«К» тобында алғашқы матчын өткізген Португалия мен Конго Демократиялық Республикасының құрамалары тең тарқасып, бір ұпайдан еншіледі. Ойынның 6-минутында жартылай қорғаушы Жоау Невеш есеп ашып, Португалия құрамасын алға шығарды. Бірінші таймның негізгі уақытына қосылған 5 минуттың ішінде Конго құрамасының шабуылшысы Йоан Висса таразы басын теңестіріп, өз елінің тарихында әлем чемпионатында гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Жаһандық мундиальға 1974 жылдан кейін екінші мәрте ат ізін салған африкалық құрама осылай азуын көрсетіп, тұңғыш рет ұпай олжалады.
АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы «Эн-Эр-Джи Стэдиум» стадионында өткен ойында әлемнің таңдаулы футболшысы Криштиану Роналду жарқырап көріне алмады. 41 жастан төрт ай асқан саңлақ алтыншы рет әлем чемпионатына қатысып отыр. Роналду матч барысында оның шау тартып, шалдыға бастағаны анық байқалды. Алаңда бар-жоғы да аса білінбеді. Ортекедей ойқастағанда түлеп сала беретін сұрмерген сарқыла бастағандай әсер қалдырды. Тіпті әріптестері алдына әкеп, аяғына салып берген допты қақпаға дәл бағыттай алмай, пұшайман күйге түсті. Роналду алаңда 90 минут бойы төбе көрсетіп жүргені болмаса бауырын жаза, қолтығын сөге көсіле алмады.
«К» тобындағы екінші матч Мексикада өтті. Мехиконың әйгілі «Ацтека» стадионында Өзбекстан мен Колумбия құрамалары шеберлік байқасты. Әлем чемпионатына тұңғыш рет ат байлаған өзбек ағайынның ұлттық құрамасы жаһан додасын жатырқаған жоқ. Жасыл алаңда жасын ойнатып, қарсыластың қысымына тойтарыс бере жігер танытты. Қорғаныс шебінің мықтылығы соншалық, колумбиялық футболшыларды тырп еткізген жоқ. Олай дейтініміз колумбиялық шабуылшылар Өткір Жүсіпов қорғаған Өзбекстан ұлттық құрамасының қақпасына алғашқы тура соққыны тек 17-минутта ғана бағыттай алды. Англияның «Манчестер Сити» командасында ойнайтын талантты Абдуқадыр Хусанов бастаған тасқамал қорғанысты бұза алған жоқ. Дегенмен де мүмкіндікті мүлт жібермейтін Колумбия құрамасы діттегеніне жетті. Матчтың 40-минутында Муньос есеп ашып, колумбиялықтар алға озған. Екінші таймда еңсе тіктеген өзбек футболшылары 60-минутта гол соқты. 22 жастағы Өзбекстанның алтын айдарлы сақасы Аббосбек Файзуллаев әлем чемпионатындағы алғашқы голын еншісіне жазды. Қаршығадай ғана жұқалтаң жігіт Колумбия құрамасының еңгезердей қорғаушыларын кәдімгідей састырды. Еуропаның еңселі клубтарында шыңдалған Елдор Шомуродов бастаған өзге жігіттер де жасындай жарқылдады.
65-минутта колумбиялық жартылай қорғаушы Луис Диас еншісіне гол жазып, командасын алға шығарды. Өзбекстан құрамасының ойыншылары қарымта шабуылды өрістету тактикасына сүйеніп, доп айырмашылығын қысқартуға барын салды. Бас төреші Энтони Тейлор (Англия) екінші таймның негізгі уақытына 8-минут қосты. 90+8 минутта алаңға 72-минутта шыққан Хаминтон Кампас үшінші голды соғып етті. Матч түгесілер тұста Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Бехруджон Кәрімовтың алыстан шірене тепкен соққысы Колумбия құрамасының қақпасы маңдайынан қайтты.
Италиялық маман Фабио Каннаваро баптайтын Өзбекстан ұлттық құрамасы екінші матчында Португалия құрамасына қарсы ойнап, қарсыласынан ұпай олжалауға ұмтылады.
Бейсенбінің таңына ауған мезгілде Техас штатындағы Арлингтон қаласындағы «Эй-Ти-энд-Ти» стадионында «L» тобының 1-туры ойыны өтті. Англия құрамасы Хорватия футболшыларын 4:2 есебімен ұтты. Матчтың 12-минутында шабуылшы Гарри Кейн пенальтиден есеп ашып, ағылшындар алға озды. Хорваттар да қарап қалмай, 36-минутта жартылай қорғаушы Мартин Батурина таразы басын теңестірді. Бірінші таймның 42-минутында Гарри Кейн еншісіне екінші голын жазды. 45+5-минутта Петар Мұса есепті теңестіргенімен, екінші таймда хорватиялықтардың қорғанысы сыр берді. 47-минутта Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем командасын алға шығарса, 85-минутта Маркус Рашфорд нәтижені 4:2-ге жеткізді.
Бұл топтағы екінші, Гана мен Панама құрамалары арасындағы матч Канаданың Торонто қаласындағы «Би-Эм-О Филд» стадионында өтті. Матчтың негізгі уақытында есеп ашылмады, швециялық бас қазы Гленн Нюберг 5 минут қосқан еді. Калеб Йиренки 90+5-минутта еншісіне гол жазып, ганалықтар 3 ұпай олжалады.