Әдебиет • 29 Тамыз, 2025

«Шөлдегі кемелер»: Арал теңізі апаты туралы шынайы эсселер жинағы

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көшпелі өмір салтымен әлемге танымал халқымыз үшін “теңіз” сөзі – шексіздік, кеңістік және терең білімнің символы болған. Тіпті көне жырларда «теңіздей терең ой», «теңіздей терең қайғы» деген тіркестер жиі кездеседі. Бүгінгі жазбамызда америкалық жазушы әрі ғалым Джефф Фирнсайд Арал теңізі туралы кітабы жөнінде баяндаймыз.

«Шөлдегі кемелер»: Арал теңізі апаты туралы шынайы эсселер жинағы

«Шөлдегі кемелер», «Ships in the Desert» – Фирнсайдтың ғасыр басында Қазақстанда өткізген төрт жыл өміріне негізделген эсселер жинағы. Ол алғашында Бейбітшілік корпусында ағылшын тілінен сабақ берсе, кейінірек стипендиялық бағдарламаны басқарған. Автор өзін терең ойлана білетін әрі ең бастысы – төзімді адам ретінде көрсетеді.

Жинақтағы сапар жазбалары, репортаж бен Арал теңізі туралы зерттеудің үйлесімі өзара бірін бірі толықтырып тұр. Автордың айтуынша,суармалы егіншілікті, әсіресе мақта өндірісін дамыту мақсатында Кеңес үкіметінің жасаған әрекеттері Аралды жойып жіберді.

Арал теңізі апаты – соңғы ғасырдағы адам әрекетінен болған ең үлкен экологиялық апаттардың бірі, тіпті, ең сорақысы деуге де болады. Тек 40 жыл ішінде әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны өзінің бұрынғы көлемінің небәрі 10 пайызына дейін кішірейді.

Мұның салдарынан – уланған жер, уытты шаң тасыған желдермен қатар шөл даланың құмына қадалып, әлі күнге дейін тікесінен тұрған, тот басқан кеңестік балық аулау кемелері қалды. Олардың көпшілігінің сыртынан орақ пен балға таңбасы әлі де айқын көрінеді.

Фирнсайд бұл апатты жай ғана Кеңестік жүйеге тиесілі мәселе ретінде қарап, жылы жауып қоя салуына қарсы тұрады. «Кеңестік жүйені кінәлау оңай, тіпті, жұбаныш та беретіндей. Бірақ бұл Ford компаниясының 1970-жылдардағы атышулы талдауынан еш айырмасы жоқ: онда Pinto көлігінің техникалық ақауларынан көз жұмғандар мен күйіп қалғандар үшін өтемақы төлеген әлдеқайда арзан деген қорытынды жасалып, ақауды түзетуге еш әрекет жасалмады…»

Осыған ұқсас тағы бір мысал – жаһандық жылыну. Фирнсайд: «Америкада да өзіндік Арал теңізі бар. Ол – Огаллала жерасты су қоймасы», дейді. Жинақтағы екінші эссе «The Missionary Position: Орталық Азиядағы үгіт-насихат саясатына жеке көзқарас» деп аталады. Мұнда автор Бейбітшілік корпусындағы ерікті ретіндегі қызметі мен Орталық Азияда көбейіп келе жатқан христиан миссионерлерінің әрекеттері арасындағы айырмашылықтарды саралауға тырысады. Оларды түсінуге талпынғанына қарамастан, миссионерлердің әрекеті авторға көбіне күмәнді көрінеді. Десе де, ол өзі де бұл аймаққа сенім мен құндылық негізінде келгенін мойындайды.

Фирнсайд бұл тақырыпты шамадан тыс ауырлатып жібергендей әсер қалдырады. Иә, АҚШ саясаты тұрғысынан алғанда, Бейбітшілік корпусы мүлде бейтарап деп айтуға келмейді. Бірақ ағылшын тілін үйрету ешқашан өзге халықтың сенімі мен дәстүрін бұзуды мақсат етпейді. Ол былай дейді:

«Мен ол жақта мұғалім болдым – білім беруші миссионермін. Бірақ бұл діни миссионерлікпен бірдей емес». Мәселен, ол Эмерсон мен Торо шығармаларын оқытқанда, тек американдық дарашылдық идеяларын ғана емес, оның ар жағындағы трансцендентализмді, оған әсер еткен неміс пен үнді философиясын (екеуі де «Бхагавад Гитаны» аса жоғары бағалаған) түсіндіреді.

«Жаңа идеяларды жеткізу мен бар дәстүрді жоюдың ара-жігін қалай ажыратуға болады?» деген сұрақ қояды автор. Фирнсайдтың жазбасындағы ұтымды тұстары – ол кездестірген адамдар мен барған жерлерін сипаттаған тұстары.

Кітаптағы кейбір әсерлі үзінділер әсіресе ұзақ эсселерде кездеседі. Кең ауқымды тарихи және халықаралық контекстер америкалық оқырман үшін пайдалы болуы мүмкін. Алайда бұл аймаққа қызығушылығы бар кез келген адам бұл мәліметтермен өзге әдебиеттер арқылы бұрыннан таныс болуы ықтимал. Ал қысқалау, жүрекпен жазылған әрі терең талдаусыз эсселер әлдеқайда шынайы әсер қалдырады.

«Шөлдегі кемелер» көлемі жағынан шағын кітап. Ондағы эсселер өз алдына жеке туындылар болғанымен, тақырыптық жағынан бір-бірімен әлсіз байланысқан. Шет елде өмірінің бір бөлігін өткізген кей адамдар сол тәжірибеден кейін бұрынғы қалпына қайта орала алмайды. Джефф Фирнсайд – солардың бірі, ол Арал теңізінің қасіретті жағдайын шетел оқырманына таныстыруды мақсат еткен ғалымдардың да бірі.