
Жабайы өсімдіктердің биоалуантүрлілігін зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелерін талқылау, пікір және тәжірибе алмасу, сондай-ақ өңірдің табиғи экожүйелерін тұрақты дамытуға арналған нақты практикалық ұсынымдар әзірлеуді мақсат еткен жиында ғалымдар Орталық Азия желісін құру мәселесін көтерді.
Алқалы жиында Президент жанындағы ҰҒА президенті А.Қ. Күрішбаев «Табиғи экожүйелерді сақтау экологиялық мәселе ғана емес, Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты дамуының стратегиялық міндеті болып табылады. Биоәртүрлілікті сақтауға және байланысты тәуекелдерді басқаруға бағытталған нақты ғылыми негізделген шаралар қажет» деп атап өтті. Осыған байланысты ҰҒА ұсынған төмендегі мәселелерге тоқталды:
- Жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер мен қашықтықтан зондтау негізінде экологиялық мониторинг пен болжаудың ұлттық жүйесін құру. Сондай-ақ заманауи геномдық және цифрлық технологияларды пайдалану көзделеді. Бұл жүйе мұздықтар, су айдындары, жайылымдар мен өсімдіктер сияқты негізгі экожүйелердің жағдайын нақты уақыт режимінде үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Ерекше назар экологиялық нишалардың модельдерін әзірлеуге және климаттық болжамдарды ескере отырып ареалдардың өзгеру сценарийлерін жасауға аударылуы қажет. Мұндай тәсіл биологиялық алуантүрлілікті сақтау шараларын алдын ала жоспарлауға және ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
- Табиғатты пайдалану саясатына экожүйелік тәсілді енгізу қажет. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтуді және тозған экожүйелерді қалпына келтіруді ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мен көрші елдердің өңірлеріндегі табиғи ландшафттардың тұтастығын және биологиялық қауымдастықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ететін функционалдық экологиялық дәліздерді құруды көздейді.
- Климаттық өзгерістерді, түрлердің көші-қоны мен ресурстық жүктеменің артуын ескере отырып, аумақтық тұрақты дамудың ұзақмерзімді сценарийлерін әзірлеу қажет. Жер пайдаланудағы және шаруашылық қызметтегі барлық шешімдер экожүйелерге 20–30 жылдық перспектива тұрғысынан ықпалы бойынша бағалануы тиіс. Мұндай ғылыми-болжамдық тәсіл салдарларға тек қана жауап беруді емес, олардың алдын алуды да қамтамасыз етеді.
- Академия көрші елдердің салалық ведомстволары мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін Орталық Азия биоалуантүрлілігі жөніндегі Кеңесті құруды ұсынады. Бұл трансшекаралық экожүйелерді сақтау бойынша мемлекетаралық ынтымақтастықтың тиімді алаңына айналар еді.
Симпозиумда Қытай ғылым академиясының академигі Ханг Сун, Өзбекстан Республикасы ғылым академиясының академигі Комилжон Тожибоев, ҰҒА академигі Ерлан Тұрыспеков Кеңесбекұлы, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми орталықтарының профессорлары – Чжэкунь Чжоу (Сишуанбаньна тропикалық өсімдіктер бағы, Куньмин, Қытай), Николай Фризен (Оснабрюк университеті, Оснабрюк, Германия), Габор Шрамко (Дебрецен университеті, Дебрецен, Венгрия), сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Қытай, Корея, Финляндия сияқты елдердің жетекші ғалымдар қатысты.
Халықаралық симпозиумның пленарлық отырысы аясында өсімдіктер дүниесінің биологиялық алуандығын зерттеген ғалымдар 10-нан аса баяндама жасап, флораны сақтау, ботаника мен оған қатысты ғылым салаларында заманауи әдістерді енгізу жолдарын талқылады.
Симпозиумда жас зерттеушілердің баяндамалары оқылды. Молекулалық биология мен генетика саласындағы заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді таныстыратын Life Science, Qiagen, Bio-Rad, «Феномика» және басқа да биотехнологиялық компания өкілдері баяндама жасап, саладағы өзекті мәслелерді қозғады.
Симпозиум аясында Биоалуантүрлілікті зерттеудің Орталық Азия желісі аясындағы халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, арнайы қарар қабылданды.
АЛМАТЫ