
Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, еңбек ардагері Жарқынбек Құлбайымбетов, облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов және зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылар Түркістандағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хакімнің рухына тағзым етті.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиналғандарды мерекемен құттықтап, Абайдың өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасының ел үшін маңызын атап өтті.
– Бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының қолдауымен 10 тамыз – «Абай күні» болып бекітілді. Бұл – данышпан ақынның рухына тағзым етіп, еңбектерін насихаттайтын күн. Ал биыл ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойы ел көлемінде аталып өтуде. Осы мереке құрметіне Түркістан облысы атынан Абай өңіріне Көрме орталығының құрылысын тарту етеміз. «Бірінді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырған ақын өсиетіне адал болу – бәріміздің міндетіміз. Абайдың шығармашылығын насихаттау бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасады, – деді өңір басшысы.
Жеңісбек Мәуленқұлов өз сөзінде Абайдың қазақ әдебиеті мен руханиятындағы айрықша орнын атап өтіп, жастарға арнаған тағылымды ойларымен бөлісті.
Іс-шарада ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Зиялы қауым өкілдері пікір білдіріп, облыстық кітапханалар ұйымдастырған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кетейік, Түркістан өңірінде Абайдың 180 жылдығына арналған он күндік аясында рухани кештер, көрмелер, байқаулар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері мен мәдениет күндері өтті. Қазіргі таңда облыста 1 ауылдық округ, 4 елді мекен, 110 көше, 15 мектеп Абай есімімен аталады. Сондай-ақ ұлы ақын құрметіне 9 ескерткіш пен 11 бюст орнатылған.