Шаруашылық • Бүгін, 12:19

Елімізде аграрлық технопарк құру жобасы қолға алынды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Заманауи технологиялар мен «жасыл экономика» қағидаттарын қолдана отырып, органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жобаға – Seifullin University, А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы және «БИО-KATU» ЖШС қатысып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде аграрлық технопарк құру жобасы қолға алынды

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Мақсат – органикалық өнім өндіру мен өңдеуге инновациялар енгізу, сондай-ақ аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) саласында технопарктер мен инжинирингтік орталықтар желісін қалыптастыру.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, технопарк құрамына Seifullin University базасында орналасатын ғылыми-технологиялық блок кіреді. Онда бизнес-инкубатор, білім тарату орталығы, зертханалар және коммерцияландыру кеңсесі жұмыс істейтін болады. Органикалық егіншілік пен өңдеу бойынша өндірістік алаң Бараев атындағы ҒӨО базасында құрылады. Егін шаруашылығы саласындағы органикалық өнімдерді сертификаттау бағытында Латвияның Приекуле қаласындағы Еуропалық сертификаттау және сынақ орталығымен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Дәнді дақылдарды органикалық өнімдерге – жарма, таңғы құрғақ ас және мал азығы түрінде өңдейтін жабдықты монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.

Органикалық мал шаруашылығы мен мал азығы өндірісі бойынша инжинирингтік орталық «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС базасында орналасады. Мұнда «ақылды» органикалық фермаларды басқаруға арналған цифрлық платформа әзірленген. Ол өндіріс пен өңдеудің барлық кезеңін есепке алып, органикалық өнімдердің алқаптан дүкен сөресіне дейінгі бүкіл жолын қадағалауға мүмкіндік береді.

Аталған жоба заманауи әрі тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға және экологиялық таза өндірісті дамыту үшін жағдай жасауға ықпал етпек.