
Бұл жәдігер 1922 жылы Ташкент қаласында жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағы екен. Құнды туындының музей қорына (шифр – 4127) қабылданған актісінде: «Кітап. Абай. Таңдамалы өлеңдер жинағы. 3-ші басылым. Түркістан мемлекеттік баспасы. – Ташкент, 1922 ж» деп жазылып: «Кірлеген, сарғайған, қарайған жерлері бар. Мұқабаның шеттері және кітаптың беттері мыжылған, жыртылған», деп қосымша ақпар беріліпті.
Музейге бұл жәдігерді 2015 жылы 20 сәуір күні, яғни ұлы ақынның туғанына 170 жыл толу қарсаңында және мекеме қызметкерлері ұйымдастырған «Ұлттық мұражайға сый тарту» акциясы аясында филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов сыйға тартқан екен. Оған дәлел – кітаптың бірінші және соңғы беттерінде С.Негимовтің жеке мөрі басылыпты.
Ал кітаптың жарық көру тарихына тоқталар болсақ, Абайдың «Жидебай-Бөрлі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының жетекші ғылыми қызметкері Мейрамгүл Қайранбаеваның пікірінше, бұл кітап осы жылы (1922) үш дүркін жарық көрген. Алғашқы екеуі Қазан қаласында басылып, үшіншісі Ташкентте жарық көрген. Сол себепті, кітаптың ташкенттік нұсқасында «3-ші басылым» деп тұр дейді.
«Бұл кітапты Ташкентте бастырып жүрген тұлғалар кімдер?» деген сұраққа Мейрамгүл Сейітжапарқызы: «Кітаптың жарық көруіне атсалысқан алаш қайраткерлері. Олар осы жылдары Ташкент қаласында Нәзір Төреқұловтың бастамасымен құрылған қазақ-қырғыз білім комиссиясының мүшелері болуға тиіс. Өйткені, осы тұста Ташкенттегі «Түркістан мемлекеттік баспасын» Н.Төреқұлов басқарып тұрған. Бұл істің атқарылуына алаш арысы Халел Досмұхамедұлының үлесі бар. Өйткені бұл тұлға ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы туралы пікір білдірген», дейді.
Келесі кезекте құнды жәдігер әдебиетші ғалым Серік Нығметоллаұлының қолына қалай түсіп жүр дегенге тоқталсақ: «Менің туған жерім бұрынғы Көкшетау облысы, Қызылту ауданы, «Большевик» совхозы. Ауылда ескінің жолын ұстаған ақсақалдар көп болды. Соның бірі бізге жамағайын туыс Қабдеш Кәлтеңұлы деген қария еді. Осы кісі қазақтың сөз ұстаған мықтылары Абай, Шәкәрім, Мағжан қатарлы қайраткерлердің бәрін оқыған, тіпті кейбірінің кітабы қолында бар еді. Соның бірі – өзің көріп отырған Абайдың жинағы», деді Серік аға.
– Абайдың жинағын біздің әулет көздің қарашығындай сақтаған екен. Жоғарыдағы Қабдеш қария өзі өмірден өткенде кітапты жамағайын туысы, сөз танитын інісі Жабар Әулишеұлына тапсырып кетіпті. Бұл кісі дүниеден өтер алдында кітапты менің әкем Нығметоллаға «Нықа, сенің ұлың Алматыда оқып жүр. Мына кітапқа түбі ие болатын адам сол. Соған бер» деп аманаттапты. Бұл 1970 жылдар шамасы болса керек. Кітап осылай әкемнің қолында 1992 жылға дейін сақталып, өзі өмірден өтерде маған аманаттаған еді.