
Жүзу жарысына еліміздің әр аймағынан 500-ден астам қатысушы жиылған. Олардың арасында жүлде аламын деп емес, бабын байқаймын деп келгендер бір қауым. Әрине, олар үшін өлкенің табиғатын тамашалап, бұқаралық сипатта ұйымдастырылған іс-шараға қатысудың өзі жеңіс. Кім білсін, олар да жарыстан соң жүзуге шындап кірісіп, алдағы жарыстарда жүлдеге ілігуі әбден мүмкін ғой. Десек те осы күні әуесқойлар арасындағы жарыстарға қатысып, жүлде алып жүрген мықтылар да болды. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Владислав Сухарев үздік атанса, әйелдер арасында Людмила Яковлева ізіне қара салдырмады. Бір артықшылығы, жүзу барлық санаттағы азаматтар үшін тегін болды. Осыны естіген Бурабайдағы демалушылар да суға сүңгіді. Іс-шара курортты аймақта туризмді дамытумен айналысатын «Бурабай даму» серіктестігінің қолдауымен өтті.
«Біз бұқаралық сипатта өтетін осындай іс-шараларды әркез қолдаймыз. Жүзу жарысы бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Ал, Бурабайда осымен үшінші мәрте өтті. Себебі біз осындай іс-шаралар саламатты өмір салтын насихаттауға таптырмайтын мүмкіндік екенін білеміз. Әрі осы арқылы ішкі туризмнің үлесін арттырудың мүмкіндігі туды», дейді «Бурабай даму» серіктестігінің бөлім басшысы Шыңғыс Оразалин.
Осымен жыл сайын жазда өтетін PIKEMAN жүзу жарысының кезекті маусымы аяқталды. Жүзу спортымен шұғылданатын азаматтар келер жылғы жарысты асыға күтеді.