Медицина • Кеше

Нейрохирургияның өркенді өрісі

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада нейрохирургия саласында беделді ұйым санала­тын Уолтер Денди атын­дағы нейрохирургиялық қауым­дастығының X Дүниежүз­ілік конгресі өтті. Жылдан-жылға елорда жаһандық диалог, білім алмасу, жаңа медициналық идеялар орталығына айналып келеді.

Нейрохирургияның өркенді өрісі

Мерейтойлық форумға АҚШ, Еуропа, Азия, ТМД елдері, Таяу Шығыстағы же­текші нейрохирургтерді қоса алғанда, 20 елден 400-ден астам делегат қатысты. Екі күнге ұласқан конгресс нейрохирургия саласындағы танымал көшбасшы, Уолтер Денди қауымдастығының негі­зін қалаушы, халықаралық клиникалық стандарттарға айналған көптеген ғылы­ми жұмыстардың авторы, қауымдас­тық­тың жаһандық президенті, профессор Салим Абдулрауфтың жетекшілігі­мен өтті. Келелі кеңес барысында мидың қилы қатпарындағы кеселдерді зама­науи технологияның игілігімен сылып тас­тап жүрген айтулы мамандар тәжіри­белерімен бөлісті.

Walter E. Dandy қауымдастығы 2011 жылы АҚШ-та заманауи нейро­хирургияның негізін қалаушылардың бірі – доктор Уолтер Эдвард Дендидің құрметіне құрылды. Ұйым құрылған сәттен бастап бүкіл әлемде озық тәжі­рибені насихаттауға, ғылыми біліммен алмасуға, нейрохирургиялық көмек дең­гейін арттыруға бағыт ұстады.

Іс-шараның екі күндік бағдарлама­сында 40-тан астам ғылыми баяндамалар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар мен шеберлік сағаты ұйымдастырыл­ды. Ең өзекті мәселелер талқыла­нып, инновациялық нейрохирургиялық тәсілдер, нейрохирургияда жоғары технологияларды қолдану, күрделі онко­логиялық патологияларды емдеу, сондай-ақ функционалдық, балалар нейрохирургиясындағы жаңа бағыттар төңірегінде тың идеялар айтылды.

«Астанада конгресс өткізу – әлемдік аренада еліміздің нейрохирургия сала­сының мойындалуы. Жыл сайын біздің Орталықта 5 мыңнан астам операция жасалады. Орталық сонымен қатар ғылыми қызметпен белсенді айналысады. Қазіргі уақытта Ұлттық нейрохирургия орталығы әзірлеген әдісті: омыртқа денелерін ауыстыруға арналған дербестендірілген 3D технологиялық импланттарын коммерцияландыру жөніндегі жұмыстар қолға алынды. Бұл әдістің практикалық қызметке интеграциясы әдістің енгізу ауқымының ұлғаюы мен масштабтау келешегіне жол ашады. Сондай-ақ орталық Азия­дағы жалғыз радиохирургиялық ке­шен – «Гамма-пышақ» аппараты жұмыс істейді. Бүгінде оның көмегімен 2 000-нан астам пациент емделді. Орталық Азия елдерінде «Гамма-пышақ» аппаратын пайдалану ауқымын кеңейту мақсатында үкіметаралық келісім жүргізіліп жатыр», деп атап өтті «Ұлттық нейрохирур­гия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, Уолтер Денди атындағы нейрохирургиялық қауымдастығының X Дүниежүзілік конгресінің Президенті, профессор Серік Ақшолақов.

Конгресте сөз алған Walter E.Dandy нейрохирургиялық қауымдастығы Дүниежүзілік конгресінің жаһандық президенті Салим Абдулрауф (АҚШ), Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Прези­дент жанындағы Ұлттық ғылым ака­демиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов отан­дық нейрохирургия саласындағы жетіс­тіктерге тоқталды.

Конгресте әлемнің жетекші сарап­шыларының 40-тан астам баяндамасы тыңдалып, пленарлық сессия­лар мен шебер-кластарында жаңа әзірлеме­лер талқыланды. Конгресс отандық нейро­хирургияның әлеуетін танытып, ғылыми, клиникалық ынтымақ­тастықты нығайтуға серпін береді. Тағы бір мақсат – медицинада инновациялық тәсілдердің енгізілуін жеделдетіп, отандық мамандардың біліктілігін арттыру, елімізді Орталық Азияның медициналық хабы ретінде ілгерілету.

«Ұлттық нейрохирургия орталы­ғы» АҚ – нейрохирургиялық патология кезінде диагностикадан бастап, пациенттерді ерте оңалтуға дейінгі медициналық қызметтердің толық спектрін көрсететін еліміздегі жоғары ма­мандандырылған клиника. Орталық Гамма-пышақ, нейронавигация­лық, роботтық жүйелер, резиденттерді даяр­лауға арналған жоғары дәлдіктегі симуляциялық тренажерлерді қоса алғанда, озық технологиялармен жаб­дықталған. Құрылған сәтінен бастап жоғары технологиялық нейрохирургияны енгізудің драйвері саналады, халықаралық жобаларға белсенді қаты­сады әрі жетекші шетелдік клиникалармен ынтымақтастық орнатқан. 17 жыл ішінде орталықта 70 мыңнан астам пациент емделді. Жыл сайын жүйке жүйесінің ең күрделі патологиясы бар пациенттерге 5 000-ға жуық операция жасалады. Елімізде алғаш рет нейрохирургия­ның түбегейлі жаңа бөлімдері – микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық, функционалдық нейрохирургия енгізілді. 80 жаңа медицина­лық технологияның арқасында елімізде жоғары технологиялық емдеу қолже­тім­ді. Орталық ашылғанға дейін жоғары технологиялық медициналық көмекке мұқтаж пациенттердің 80%-да ел ішінде мұндай ем алу мүмкіндігі болмаған.