Өнер • Кеше

Белгісіз маршруттың жолаушылары

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өнердің тілі – ұлы тіл. Бір ұлттың кеңсірігіндегі өгей өксігін, заманаға айтар зар запыранын, келешек ұрпаққа тілер арзу арманын кеңес заманынан қалған көне автобустың ішіндегі жолаушылардың аузымен ақтара төгу әсте мүмкін бе? Қырғыздың аса талантты режиссері Темір Бірназаровтың «Белгісіз маршрут» фильмін көргенде өнер тілінің ұлылығын мойындап қана қоймай, «біз осындай туындыны неге түсіре алмаймыз?» деген сұрақ ішімізде қызғаныштың қызыл иті болып бас көтерді.

Белгісіз маршруттың жолаушылары

Кеңестік тоталитарлық жүйе­нің қамытын шешіп, тәуел­сіздік алған елдердің бәрі белгісіз бір бағдарға жолға шықты. Ескі мен жаңа тайталасып, құндылықтар күніне сан құбылып, аспан айналып жерге түсті. Алдың – тұман, артың – жар. Барар бағытымыз – беймәлім. Мемлекет болып тұру, ел болып қалу, ұлт болып ұйысудың аңсары адыра қалып, қара құлқынның қамын күйттеуге мәжбүр болдық. Бейнелеп айтқанда, ашық те­ңіз­ге сал байлап ескексіз шығып кеткен­дей едік. Көк айдында жол таппай қалтыраған қаңбақ қайықты түрлі идея­лар­дың жал-жал толқыны жан-жағынан соғып, төңкеріп тастамақ болады. Бірақ толқын тағдырға қарсы жүзуге қау­қары жоқ жаны сірі салымыз суға кет­пей алға қарай ілбіп жүре беріпті. Тәуел­сіз­дікті қырғыз халқымен қатар алған бізге де сол теңіздегі шыбын жаны шырыл­дағандардың мұңы жат емес. Сон­дық­тан да Темір Бірназаровтың «Бел­гісіз маршрут» фильміндегі әр сәт, әр диа­лог­тің көтерген жүгі арқамызға аяздай батты.

Осыдан он жеті жыл бұрын көрер­менге жол тартқан, сөйте тұра қазақ қоғамы әлі көре қоймаған бұл фильмнің сюжетін, оқиғалар астарындағы айтар ойын оқырманға шым-шымдап қана таныстырған жөн болар. Туындыда Келешек (ауыл атына мән берерсіз) ауылына жол тартқан көне автобустың ішінде қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері бас қосады. Автобус ішінде кім жоқ дейсіз... арын ақшаға сатқан қыз, аузы арақтан құрғамайтын алқаш аға, әділетті адамның образындағы ұры, алаңғасар ауыл жігіті, қыз-келіншекке қырғидай тиетін ақын, ақынның сұлу сөзіне арбалған дәрігер, ала қап ар­қа­ла­ған саудагер әже, жаңа туған сәбиін омы­рауынан ерте ажыратқан ана, бұ­рын атеист болған молда, тіні мен дінін сат­қан миссионер, көне кезеңді көксейтін қарт коммунист, жаңа заманға еліткен жас демократ, оқушы дейсіз бе, мұғалім дейсіз бе, полиция дейсіз бе, т.б бәрі бар. Осыларды Келешек ауылына апара­тын салдырлаған көне автобус іші – Қыр­ғызстан, яғни мемлекеттің – аллегория­сы. Автобус жүргізушісі – қыр­ғыз би­лігі. Жолаушылар – халық. Шопыр­ды­ ауыс­­тырған сайын көрші елдегі бере­ке­сіз төңкерістің саяси салқыны мен ха­лық­қа тигізген зардабын айнадан қа­ра­ған­дай анық көріп, режиссердің жанын­ шырыл­датқан жанайқайын жазбай танисыз.

Қалың тұманда адасып, жол тап­пай сандалған автобус ішіндегі кейіп­кер­лердің өзара қақтығысы, ұрыс-керіс пен қарама-қайшы пікірталастары күл­кі мен қайғыны кезек туғызып, бұл са­пар үлкен бір оқиғаға айналады. Кө­рерменді автобустың ішінде ғана түсірілген фильмге байлап қойған нендей күш екенін түсіне алмай дал болып, туындының метафоралық мәні мен мағынасына, режиссер мен актерлердің кәсіби шеберлігіне еріксіз бас иесіз.

Қызығы, Темір Бірназаровтың ба­сына бұл идея 1991-1992 жылдары Ал­маты­дағы Театр және кино институтын­да студент болып жүрген кезде ке­ліпті. Алматыдан автобусқа мі­ніп, Біш­­кекке шыққан студент осы са­парда көз­бен көргендерін шағын әңгі­ме етіп жазады. Сол әңгімесінің желі­сімен бір сағаттық деректі фильм тү­сіру­ді арман­дап, 2007 жылға дейін идея­ны иі қан­ған­ша ширықтыра да­­мы­­тады. Сөйтіп, әңгіменің бағы арада 15 жыл өткеннен кейін жанып,­ автор ойлағандай деректі емес, 1 сағат 45 минуттық толықметрлі көркем фильм көрерменге жол тартты. Режис­сер кастинг пен дайындыққа төрт ай уақыт жұмсайды. Сахнаның бәрі түгелдей павильон ішінде бір ғана камерамен түсіріледі. Жеті айлық бала­дан бас­тап, жасы жетпістен асқан қарт әртіске дейін өнер көрсеткен ­(21 актер) көркем туынды қырық күнде тас­паланып, екі ай монтаждалған. Әрине, режиссердің жалғыз камерамен көрерменге тұтас ұлттың көкейіндегі мұң-зарын айтып, зар-запыранын төктіруі расында ерлікпен пара-пар іс.

Бізді замананың зарын айтқан фильмді дүниеге әкелген талантты режиссердің білімді Қазақстанда алғаны, осындай туындының тууына Алматыдан Бішкекке жол тартқан автобус ішіндегі оқиғаның өзек болғаны қуантты. Мұның сыртында өнер адамының бір идеяны жеріне жеткізіп, көркем туындыға айналдыру үшін ұзақ жылдық уақытын құрбандыққа беруі, білімі мен білігін тек бір арнаға құюы біздің режиссерлердің бойында жоқ қасиет сынды көрінді.

Қош! Түйіндей айтқанда, «Белгісіз маршрут» фильмі – Кеңестер одағы құлағаннан кейінгі тәуелсіздік алған елдердің басынан өткен тағдырды боямасыз бейнелеген шығарма. Өнерде шекара болмақ емес. Сондықтан да комедия жанрында түсірілген осы бір туындының нарқы жылдар керуені алға озған сайын арта береріне сенім мол.