
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Біз білім стандартының негізі туралы ойланғанда, ең алдымен оқулықтардың ұлттық оқу бағдарламасының нақты көрінісі екеніне көз жеткізуіміз керек. Әр ел өз оқулықтары арқылы мектеп жүйесінде білім мазмұнының бірізділігін сақтап, оқушыларға біртұтас білім мүмкіндігін ұсынады. Оқулықтарда елдің тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен тілі кеңінен қамтылуға тиіс. Ал бүгінгі біздің оқулықтарымыздың сапасы мен мазмұны сын көтере ала ма деген сұрақ еріксіз туындайды.
Әлем бойынша білім жүйесі ең алдыңғы орынға шыққан Финляндия елінде «Біздің ең үлкен байлығымыз – мектеп» деген жақсы сөз бар. Әрине, бұл білім мен ғылымды мәңгілік байлық санаған халықтың көкірегінен қайнап шыққан даналық екені рас.
Ал Жапонияның мектеп оқулықтары жүйесі де өзгеше жағдайда екенін білдік. Бұл елдің оқулықтарының қалай жазылып, қалай қабылданатыны туралы ізденіп көрдік. Жеке баспа мекемелері оқулықтардың жобасын жасап, оларды білім, мәдениет, спорт, ғылым және технология министрлігіне тексеруге ұсынады. Мақұлданған оқулықтар мектептерде пайдаланылуға беріледі. Аталған елде оқу бағдарламасы арқылы бірізділікке ұмтылу, оқулық авторлары мен баспагерлердің дербестігі мен алуан түрлілікке жол ашу сияқты жақсы әдістер бар екенін аңдадық.
Осындайда «Ал біздің оқулықтарымыз қандай деңгейде? Олардың сапасы мен мазмұнын кім тексереді?» деген сияқты сан түрлі сауал алдымыздан шығып та жүр. Сол сауалдардың жауабын оқырманға жеткізу үшін оқулықтарға қатысты мамандарды сөзге тарттық.
Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Мәншүк Мұқаметқалиқызы қазір елімізде мектеп оқулықтарының сапасын жетілдіру мәселесі Министрліктің күн тәртібінен түспегенін, соған байланысты бүгінде оқулық сапасын арттыруға қатысты кешенді жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатқанын айта келе, былай деді: «Оқулық сапасын арттыру және оқулық авторларының жауапкершілігін күшейту мақсатында 2022 жылы «Мектеп оқулықтары және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған ОӘК-тің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар» (05.04.2022 жылғы№132 бұйрық) бекітілді.
Аталған талапқа сәйкес қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін оқулықтарды (тілдік пәндерден басқасы) әзірлеу бірден қазақ тілінде әзірленеді.
Бұл талап оқу материалдарының қабылдауға жеңіл, жазылу тілінің жатық болуына және аударма оқулықтарды пайдалану барысында туындаған мәселелерді шешуге ықпал етеді. Сонымен қатар оқу басылымдарында қазақстандық мазмұнның (контенттің) кеңінен берілуіне баса назар аударылады. Атап айтқанда, Отанға және ұлттық мәдени кодқа деген сүйіспеншілік қалыптастыруға мәдениетаралық диалогті қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Орта білім ұйымдарына арналған оқулықтарды және оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі қағидаға (24.07.2012 жылғы №344 бұйрық) сәйкес оқулықтарды әзірлеуде оқулық авторларының құрамында сала бойынша ғалымның, әдіскер мен практик-мұғалімнің болуы міндеттелген».
Көкейдегі сұрағымызға осылай жауап берген Мәншүк Мұқаметқалиқызы авторлар оқулық жазар алдында міндетті түрде оқулықтың теориясы мен оқу әдебиеттерін бағалау критерийлері бойынша арнайы оқыту курсынан өтуі қажет екенін де алға тартты. Тіпті бұл курстың алдағы уақытта оқулық авторлары үшін оқыту курстарын Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы ұйымдастыратынын айтты.
Ал «оқулық жазудың, оны шығарудың жауапкершілігі қандай?» деген сауалымызға аталған сарапшы қысқа ғана жауап берді. Оның сөзінше, оқулық редакциясы Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының құзіретіне кірмейді екен. Бұл жұмыс баспа ұйымдарының міндетіне жататынын алға тартты.
«Алматыкітап» баспасының Баспа ісі бойынша вице-президенті Әсима Рысқұлбековадан «Оқулықтардың көбі аударылады, арнайы автор жазбайды, бұл рас па?» деген сауалымызға жауап алдық.
«Мектеп оқулықтарын әзірлеу, білім саласының қазіргі талаптарына сәйкес келетін оқулықтарды жасау – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Бұл міндет біздің баспамыз үшін де басым бағыт болып табылады, себебі біз 25 жылдан астам уақыттан бері мектеп оқулықтарын шығарып келеміз.
Оқулық әзірлеу – авторлық топтың жан-жақты ізденісі, жинақтаған ең үздік тәжірибесіне негізделген шығармашылық жұмысы. Оқулық жазу үшін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен пәннің үлгілік оқу бағдарламасы негізге алынады. «Алматыкітап» баспасы еліміздің көрнекті ғалымдары, құрметті педагогтері мен әдіскер-педагогтермен ынтымақтаса жұмыс істейді, оқулық авторы болуға тартады. Сондай автордың бірі – Роман Қадырқұлов. Елімізде алғаш рет 1-11 сыныптарға арналған «Цифрлық сауаттылық», «Информатика» оқулықтарын қазақ тілінде жазған адам. Оның жазған оқулықтары орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылып қолданылуда.
Қазақтілді емес мектептердің бастауыш сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы Әлия Хазимова – ең үздік авторларымыздың бірегейі. Бұл оқулықтың мазмұны, әдістемелік-дидактикалық құрылымы ұтымды болғандықтан, барша ұстаздар мен ата-аналар үнемі алғыстарын білдіреді.
Мүфтибекова Зүбайда – баспамыздың ардагер авторы. Жиырма жылдай уақытын оқулық авторы ретінде «Әліппе», 2-4 сыныптарға арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығын жазуға арнады. «Әдебиеттік оқу» баланың оқу сауаттылығын және барлық танымдық қабілеттерін (ойлау, елестету, сезіну, талдау жасау, т.б.) кешенді дамытуға мүмкіндік беретін маңызды пән. Сонымен қатар ұлттық ауыз-әдебиетіміз, көркем шығармалар мазмұнын талдау арқылы тұлғалық қасиеттерді тәрбиелеудің бірден-бір құралы.
Кейбір оқулықтар орыс тілінен аударылып қолданылатыны белгілі. 2022 жылдан бастап қазақтілді сыныптар үшін оқулықтар ана тілінде жазылуы қажет деген арнайы бұйрық бекітілгеннен кейін, қазақ сыныптарына арналған оқулықтар қазақ тілінде әзірленетін болды. «Орта білім ұйымдарына арналған оқулықтар және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің мазмұнына қойылатын талаптардың» (05.04.2022 жылғы №132 бұйрық) 13-тармағына сәйкес қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін оқулықты қазақ тілінде (тілдік пәндер бойынша оқулықтардан басқа), басқа тілде оқытатын мектептер үшін – оқу тілінде әзірлеу немесе аудармада ұсыналады. Баспа тарапынан аталған оқулықтар мен әдістемелік кешендер талапқа сай ұсынылмаған жағдайда мемлекеттік сараптамаға қабылданбайды».
Байыптап көрсек, осы салаға үлкен жауапкершілік пен ниет қажет-ақ екен. Себебі жоғарыда айтқанымыздай оқулықтар білім алушыларға тек ақпарат беріп қана қоймайды, олардың көзқарасын, жанын, болмысын тәрбиелейді.
Бұл туралы Әсима Рысқұлбекова өз ойын ашық жеткізді. «Оқулықпен жұмыс істеу барысында шығармашылық ұжымның да маңызы зор. Баспамызда білікті редакторлар мен корректорлар қызмет етеді. Редактордың басты міндеті – оқулық мәтініндегі мазмұндық, стильдік және логикалық қателіктерді болдырмау. Фактілердің қатесіз берілуі, сөйлем құрылымының түсінікті тілде болуы секілді оқулық мазмұнын құрайтын мәтіндердің сапалы берілуін қадағалайды. Автордан келген қолжазбаны ең алдымен редактор оқып, мазмұнын тексеріп, оның ғылыми негізділігін қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс барысында редактор автор ұсынған тақырып пен мазмұнды зерттеп, әр бөлімнің тақырыпқа сәйкес келуін қадағалайды. Редакциялау кезінде редактор оқулықтың құрылымына мұқият көңіл бөледі. Оқулықтың бөлімдері мен параграфтары оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылуы керек. Әрбір тақырыптың логикалық тізбегі сақталуға тиіс. Сондықтан редактор әр бөлімнің бір-бірімен байланысын тексереді және оқу материалын жеңіл меңгеруге мүмкіндік туғызатын түзетулер енгізеді».
Түйіндесек, жүйелі оқулық әзірлеу еліміздің білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне, қалаберді мемлекетіміздің өркендеуіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Авторлар, сарапшылар, баспагерлерден құралатын білікті жұмыс тобы арқылы біз сапалы оқулық дайындайтынымыз рас. Ал енді бұл саланың моральдық жауапкершілігін сезінудің өзі үлкен ғанибет десек, артық айтқан болмаспыз. Бұл жауапкершіліктің ішінде терең білім, ұрпақ алдындағы адалдық, ұлттық мүдде жатқанын аңдайтын сәт те жетті.