Фото: Ашық дереккөз
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы доллардың теңгеге қатысты күрт әлсіреуін түсіндірді. 2 желтоқсандағы биржалық саудада доллар бірден 5 теңгеге түсті. Ұлттық банк 3 желтоқсандағы ресми курсты 508,2 теңге деп белгіледі, алайда Алматыдағы кейбір айырбастау пунктерінде доллар 506 теңгеден сатылып жатыр.
Сонымен қатар сыртқы факторлардың да әсері бар. Мамандар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі, мұнай бағасының құбылуы және әлемдік нарықтағы өзгерістер доллардың әлсіреуіне ықпал еткенін айтады.
«Сауда көлемі айтарлықтай өсіп, 407,3 млн долларға жетті. Ұлттық банктің шетел валютасын үлкен көлемде сатуы (шамамен 1,4 млрд доллар), квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді конвертациялауы, экспорттаушылардың белсенділігі және резидент еместердің теңгемен активтерге қызығушылығының қайта артуы бизнес пен халық тарапынан болған жергілікті доллар сұранысын айтарлықтай басып озды», деп атап өтті сарапшылар.
Экономист Бекнұр Қисықовтың пікірінше, теңге бағамына АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы да әсер етіп отыр.
«Өздеріңіз білесіздер, АҚШ Қытайға және басқа да елдерге өте жоғары тарифтер енгізді. Соның нәтижесінде олардың назары ішкі ресурстар мен өндіріске ауысты. Бірақ бұл өндіріс рентабельді болуы үшін ұлттық валютаны сәл әлсірету қажет. Сондықтан КТК-ға қатысты жағдай аясында мұнай бағасы да аздап құбылды. Ол өсті, әрине. Бұл да доллардың құнына әсер етеді», деді экономист.
Оның болжамынша, жыл басында доллар бағамы қайта өсіп, 530-540 теңге деңгейіне жетуі ықтимал.