
Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитетінің төрағасы Әділет Тұрғанбаевтың айтуынша, БЕЖ іске қосылғаннан кейін тек ресми түрде тіркелген букмекерлік кеңселер мен казинолардың сайттарына рұқсат беріліп, қалғандары автоматты түрде бұғатталады.
«Біз заңды букмекерлер мен казинолардан басқа барлық сайттарды бұғаттаймыз. Тек олар ғана «ақ тізімге» енеді. Қалғандарының бәрі автоматты түрде бұғатталады. Жүйе сайттардың мазмұнын, кілтсөздерін, трафигін талдайды, скриншоттар жасайды, бейнежазба жүргізеді және дәлел базасын жинайды. Қазір біз жылына 20 мың заңсыз ойын сайтын бұғаттаймыз, ал БЕЖ іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш күніне мың сайтқа дейін жетуі мүмкін», деді ол.
Әділет Тұрғанбаевтың айтуынша, мұндай көлемде және жылдам бұғаттау шаралары көлеңкелі ойын бизнесін жүргізуді пайдасыз етеді.
«Біз олардың қазақстандық нарықта болуын экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеміз. Олар шыдамай, нәтижесінде нарықтан кетуге мәжбүр болады», деді Комитет төрағасы.
Бас прокуратура өкілі Мақсат Орақбаев өз сөзінде заңды ойын бизнесінің өзінде салықтан жалтару деректері барын еске салды.
«Алматыдағы үш букмекерлік кеңсенің айналымы 400 миллиард теңгені құрады. Ал жалтару сомасы — 113 миллиард. Бұл ақшаға 25 мектеп немесе 25 аурухана салуға болады», деді М.Орақбаев.
Орақбаевтың айтуынша, БЕЖ заңды бизнес өкілдері үшін қосымша кедергі емес, керісінше – салық пен есеп жүргізуді жеңілдететін, тексерістерді азайтатын құрал. Себебі барлық операциялар мен мәліметтер автоматты түрде мемлекеттік бақылау жүйесіне түсіп отырады.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Мүліков букмекерлік кеңселердің кей жағдайларда қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру құралына айналып отырғанын жеткізді.
«Есірткі сатушылар өз кірістерін букмекерлік кеңселер арқылы заңдастырады. Мысалы, Қарағанды облысында А. деген азамат букмекерлік кеңселер арқылы есірткі сатудан түскен табысты заңдастырған. Сондай-ақ, біз Telegram-каналдарда есірткі үшін букмекерлік кеңселердің шоттарына қаражат аудару арқылы төлеу ұсынылғанын анықтадық», деді Д.Мүліков.
БЕЖ енгізілгеннен кейін мұндай заңсыз схемаларға тосқауыл қойылады. Жүйе ойыншылардың кірісі мен шығысын салыстырып, сәйкессіздіктерді автоматты түрде тіркейді.
Спикерлердің пікірінше, БЕЖ ойын бизнесіндегі жағдайды түбегейлі өзгертеді: заңды компаниялар айқын әрі әділ ережелер бойынша жұмыс істеп, тұтынушылардың құқықтары қорғалады, ал заңсыз операторлар жүйеден толықтай шеттетіледі.