Өндіріс • Бүгін, 09:45

Қоқысты кәдеге жаратады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пластикалық қалдықтарды қайта өңдеп, экологиялық таза саябақ жиһазын шығаратын «Ecomaf» ЖШС зауыты – 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан отандық компания. Кәсіпорын елде алғашқылардың бірі болып полимер қалдықтарын құммен араластыра отырып, қайта өңдеу технологиясын енгізді. Бұл әдіс арқылы қалалық инфрақұрылымға арналған берік әрі ұзаққа шыдайтын бұйымдар өндіріледі. Танымал бұйымдар қатарында орындық, қоқыс жәшігі, ойын алаңы жабдықтары, гүл құмыраcы сынды тұрмысқа қажетті түрлі зат бар.

Қоқысты кәдеге жаратады

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Өнімдер табиғи тас­пен салыстыруға келетін өте берік, вандализм мен тозуға төзімді, ыл­ғал­ға, шіруге және био­ло­гиялық ыдырауға ұшыра­май­ды. Сондай-ақ –60°C-тан +70°C-қа дейінгі температурада қасиеттерін сақтап, эколо­гиялық таза әрі ұзақ мерзім­ге шыдамдылығымен ерек­ше­ле­неді. Кәсіпорын 30% өңде­лген полимер мен 70% құмды араластыру арқылы жыл сайын 100 тоннаға дейін пластикалық қалдықты қайта өңдейді. Бұл – қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту мен елде тұрақты даму қағи­даттарын ілгерілету ісіне қосы­л­ған елеулі үлес», деді зауыт дирек­торының орынбасары Ғайнұр Тоқтаров.

Мұндай тәжірибе алыс-жақын шетелде де бар. Мыса­лы, Амстер­дамда пластик қал­дық­­тары­нан 3D орындықтары жа­са­ла­ды. Роттердамдық «The New Raw» студиясы Нидерланд аста­насы­ның тұр­ғындары үшін тұр­мыс­тық плас­тик қалдықтарын сәнді қоғам­дық жиһазға айналдыратын ерекше жобаны іске қосқан. Ал біздегі «Ecomaf» өнімдерді тапсырыс бо­йынша ғана жасайды. Ал тапсырыс деген әзірше жеткілікті көрінеді. Тұтынушылар қатарында құры­лыс компаниялары мен қалалық әкімдік те бар.

1

«Қазір ресми түрде 10 адам, жалдамалы тағы 15 адам жұмыс істеп жүр. Тапсырыс көбейген шақта тағы қосымша жұмыс күшін алуға тура келеді. Негізгі мамандарды өзіміз осында үйретеміз. Сөйтіп, бір кәсіп иесі етіп шығарамыз. Орын­дық жинаушылар мен темір дәнекерлеушілер бар. Ал қажет шикізат осы Астанада жетіп артылады. Біле білгенге үлкен орындықтың салмағы 200–250 кило болады. Тым ауыр. Оны оңайшылықпен сындырып, бүлдіру мүмкін емес. Сонымен қатар ұрлауға, басқа жерге қоз­ғап қоюға тым қолайсыз. Кіші орындықтардың салмағы 70–100 кило тартады», деді зауыт өкілі.

Кәсіпорындағы жұмысшы жалақысы 320 мың теңгеден бас­талып, еңбегі мен кәсібіне қарай жоғарылай береді. Материалды қыздырып балқытатын пеш­тер­ді бақылайтын операторлар 3 ауысыммен жұмыс істейді. Олардың еңбекақысы – 350 мың теңге. Сондай-ақ қосымша жұмыс болса, артық сағатына тағы төленеді.

Зауытта қауіпсіздік шаралары мен қондырғылары жұмыс істеп тұрса да салафан және түрлі пластик балқытылып, күйдірі­ле­тіндіктен кеңсірік қапқан ыс пен жағымсыз иіс бас ауыртады. Әзірше жұмысшыларға ден­сау­лыққа қатысты төлем және арнайы сусын берілмейді екен. Шебер-технолог Нұрбақыт Елеу­сізов «Денсаулыққа қатысты төлем келе­шекте болады деген үмітіміз жоқ емес. Ал арнайы жұмыс киімі жыл сайын беріліп тұрады», деді.