
Жапон жазушысы Кобо Абэнің «Бөтен бет» романын оқып отырғанда мені осы текті сұрақтар мазалады. Неге екенін қайдам, жас қаламгер Есбол Нұрахметтің «Табақ бет, таңқы танау» атты әңгімесі де санамнан саңылау тауып, қиыспас жерден қиыса кеткені. Әлем классик деп таныған кең құлашты Кобо мен өзіміздің шынашақтай Есболдың ойларының арасында көп сезе қоймаған үндестік бар секілді. Ол үндестік туынды тақырыбындағы «бет» деген ортақ сөзге байланып тұр деп қателесуге де болмайды.
Кобо Абэнің «Бөтен бет» романының бүкіл мазмұнын бірер сөзбен айтып тауысу әсте мүмкін емес. Қысқаша айтсақ, ғалым кейіпкердің беті күйіп, ел алдына шыға алмай қалады. Қоршаған орта теріс айналған. Таныстың бәрі – алыс. Өзіне мәлім баяғы кеңістік – жат... Осы бір тығырықтан шығу үшін кейіпкер теңдесі жоқ бетперде жасап шығады.
Қасіреттісі сол, ол маска күйген бетті қалпына келтіруге емес, бөтен біреуге айналуға деген талпыныстан туады. Бұл талпыныс ішкі моральдық құндылықтардан аттап өтіп, өз әйелін басқа пенде болып арбауға ұласады. Шиеленісті шығарма осылай шиыршық атып, ақырында кейіпкердің психологиялық эгоизмі бәрін жеңеді. Бет болмаған соң, тұлғалық болмыс та жоқ екенін, бұл айналасындағылардың бәрін құрбандыққа шалуға бейім пенделерді туғызатынын кейіпкердің ішкі арпалысы арқылы жазбай танисыз.
Кобо Абэнің осы романын оқығаннан кейін айнаға қарадым. Одан өзімді емес, бөтен бейне, бөгде болмыс көргендей болдым. Өз кескін-келбетіміз бен болмыс-бітімімізден жеріп, заманға бейім жаңа адамға айналыппыз. Айнаның арғы жағында тұрған адам уақыттың жалына жармасам деп өзгерген. Ол бұрынғы «менге» мүлдем ұқсамайды. Төбеден төпелеген ақпараттар, жан-жақтан кеулеген қоғамдық ой, замана сіңірген түсінік, көптің ырқына күйлеген көзқарас мені, осы жолдарды оқып отырған сізді де басқа адам еткен. Рас, көне сүрлеумен кібіртіктегеннен гөрі жаңа адам болған жақсы да шығар! Бірақ сол жаңа адамдардың бәрі тауықтың жұмыртқасындай ұқсас, я «беттері табақтай, танаулары таңқы» бірдей болып кетсе ше? Яки өз шынайы жүзімізден біржола айырылып, әрқайсысымыз бір-бір бетпердені бетімізге жапсырып өмір сүріп жүрген жоқпыз ба?
Шығарманың мәтін астындағы астарлы ойын қалай тәпсірлейін десең де, иі соған көне кетеді. Мәселен, қазіргі қазақ қоғамы да тұлғалық дағдарысты басынан кешіп жатыр. Қайда барсаңыз да, әртүрлі әлем-жәлем бетпердені киген, өзіндік кескін-келбетін мейлінше жасырған жұмыр басты пенделерді көреміз. Бірі – әлеуметтік желідегі аттаншыл белсенді, екіншісі – күннің көзі қайдан шықса, көзін сонда сатқан күнбағыс, үшіншісі – онлайн әлемнің қайтпас қаһарманы, төртіншісі көптің көңілінде ғана мейірімді әйел образын сомдап жүр... Олардың сипатын бесіншісі, алтыншысы деп жалғай беруге де болады. Бірақ маған біздің кейінгі он жылдықта пайда болған «бөтен беттер» Кобо Абэнің кейіпкерінен гөрі қауіптірек көрінеді... Қолында билігі барға бір беті жылмыңдап, екіншісі халықшыл бола қоюға шебер біздің «жаңа адамдардың» жүзі шынында күрделі әрі қауіпті емес пе?
Жапон жазушысының кейіпкері маска кигенде басқа адамға айналып, өзгеше еркіндікті сезді. Бұрынғыдан батыл, шешім қабылдауға бейім тұлғаға айналғандай көрінді. Осы жасанды еркіндіктен мән іздеп, «жаңа болмыс» таппақ болды. Бірақ маска шынайы болмыстан алыстап, әртістей рөл сомдауға ғана қабілетті болып қалды.
Ал бізде ше? Бұл сұраққа Есбол Нұрахметтің «Табақ бет, таңқы танау» әңгімесіндегі «езуінде болмашы қан дағы бар» бірдей адамдар жауап беретіндей. Шығармадағы бала да, шаға да, жасы мен кәрісі де табақ бет, таңқы танау – сары шал. Қоғамдағы тұлғалық сипат жоғалып, адамдардың бәрі бірдей болып кеткен.
Мемлекеттік һәм ұлттық деңгейдегі ұраншыл ойды былай қойып, күйбең тіршіліктегі жігіттердің қыздарға деген қарым-қатынасының бірдейлігі, әйелдердің ерлерге деген көзқарасында айырма жоқтығы, тіпті сұлулыққа да өзгелердің дүрбісімен қарап сезінетініміз, тіпті бір-бірімізбен пікір таласа қалсақ та, өзіміздің емес, өзгенің сөзін айтатынымыз, сөйте тұра осы бір санадағы бұғауды бұзуға ерік-жігеріміздің жетпейтіні шынында үрейлі емес пе? Бұзғанның өзінде арғы жағынан тағы да «табақ бет, таңқы танауындағы» әжім бет сары шалдың шыға келетіні анық емес пе?
Кобо Абэнің кейіпкері ғайыптан беті күйіп, лажсыздан өзіне-өзі маска жасады. Ал біздің «табақ бет, таңқы танауымыз» ұлттың ырқынан тыс жүзімізге жапсырылып қалған жоқ па, осы?