Экономика • Бүгін, 10:20

Әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы төмендеді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Үкіметте бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысы қаралды. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар көкөніс бағасының өсуі тоқтағаны анықталды, деп жазады Egemen.kz.

Әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы төмендеді

Фото: azattyq-ruhy.kz/

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, сәуірде әлеуметтік өнімдердің орташа баға индексі - 1,6% болса, мамырда өсу қарқыны - 1%-ға, ал маусымда - 0,7%-ға төмендеген.

«Кейінгі аптада өсім 0,1% болды. Сонымен қатар, үш апта қатарынан картоп бағасы 1,3%-ға арзандады. Ал өткен аптада сәбіз бағасы 0,9%-ға төмендеген. Күріш, қарақұмық, жұмыртқа, ұн мен макорон өнімдерінің бағасы да түсіп жатыр. Нан мен сүт бағасы тұрақты болып тұр», деді Айжан Бижанова.

Қазақстанда отандық азық-түлік өндірісі артып келеді. 2025 жылдың 5 айында оның көлемі 10,5%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгені құраған. Әлеуметтік азық-түлік тауарларының ішінде қызылша қанты (4,6 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін), өсімдік майы (316,3 мың тоннадан 376,8 мың тоннаға дейін), сары май (13 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін), ұн (1,3 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін), ашытылған сүт өнімдері (102 мың тоннадан 106 мың тоннаға дейін), өңделген сүт (264 мың тоннадан 274,6 мың тоннаға дейін) тағы басқалары ең көп өсім көрсеткен.

Үкімет Қазақстандағы әлеуметтік азық-түліктердің бағасы Еуразиялық экономикалық одақ  (ЕАЭО) елдері арасында ең қолжетімді баға екенін мәлімдеді.

Мұндай қорытынды ЕАЭО елдеріндегі әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының нарықтық бағасын салыстыру нәтижесінде белгілі болған. Мәселен, Қазақстанда тауық жұмыртқасы, ұн, нан, күнбағыс майы, тұз, күріш, картоп, қырыққабат, пияз, сәбіздің ең төмен бағасы тіркелген.

Ал қарақұмық, қант, сиыр еті және сүт бойынша Қазақстандағы бағалар Беларусь еліндегі бағаға жақын. Сары май бойынша еліміз Беларусь пен Қырғызстаннан кейін үшінші орында, ал құс еті бойынша Беларусь пен Ресейден кейінгі орынға жайғасқан.

Коммуналдық қызметтер тарифінің өсу қарқыны реттеледі

Бірінші жартыжылдықта ақылы қызметтер инфляция өсімінің негізгі факторы болған (16,1%). Осыған байланысты Үкімет коммуналдық қызметтер тарифінің өсу қарқынын реттеу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты кей коммуналдық қызмет құнының бағасын көтеру кейінге қалдырылған. Мұндай шешім азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтып, инфляция деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.