Экономика • Кеше

Құбыр шығаратын зауыт іске қосылады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының өнеркәсіп өзегіне айналған Саран индустриялық аймағында заманауи құбыр шығаратын жаңа зауыт іске қосылады. Жоба импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі-сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді, 500 жаңа жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құбыр шығаратын зауыт іске қосылады

Саран индустриялық аймағы машина жасау мен өңдеу өнеркәсібінің өсу нүктесіне айналды: бүгінде мұнда әлемдік стандарттарға сай өнім шығаратын бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді, мыңдаған жұмыс орны құрылды. Сол жобалардың ішінде Қазақстанда баламасы жоқ «ТЭМПО-Қазақстан» құбыр зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір өндірістік алаңда іске қосу-реттеу жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 300 мың тоннаға дейін. Зауыт диаметрі 57-630 мм аралығындағы электрдәнекерленген және профильді болат құбырларды шығарады. Өнім мұнай-газ, құрылыс индустриясы және ТКШ салаларында қолданылады. Коммуналдық сектор үшін жылу жоғалтуды азайтатын алдын ала оқшауланған құбырлар өндірісі жолға қойылады.

Зауыт іске қосылғанға дейін-ақ кадр іріктеу жүріп жатыр: инженерлер, операторлар, логистика және сату мамандары қажет. Үміткерлер түйіндемесін hr@tempo.kz поштасына жолдай алады. Компания Қарағанды облысының Білім басқармасымен меморандум жасасып, студенттерге нақты мамандықтар бойынша оқыту мен өндірістік тәжірибе ұйымдастырады. Түлектерге жұмысқа орналасуда басымдық беріледі.

Қарағанды облысы
Саран қаласы