
Жарыстың салтанатты ашылуында құрметті қонақтар қатарында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, «Oceanman» франшизасының иесі Фермин Эгидо, сондай-ақ бас ұйымдастырушы, «Oceanman Kazakhstan» франшизасының иесі Ералы Оралов болды.
«Құрметті спортсүйер қауым! Құрметті қатысушылар! Бұл танымал халықаралық байқау облысымызда осымен төртінші рет өтуде. «Oceanman Kazakhstan» жарысы алғаш рет 2022 жылы басталды. Аталған дода барлық жас санатындағы халық арасында бұқаралық спортты насихаттау мен дамытуда маңызды рөл атқаратынын анық көрсетті. Бұл біз үшін үлкен спорттық және мәдени оқиға. «Oceanman» байқауы жыл сайын әлемнің ең әдемі табиғи орындарында өтеді. Олардың қатарына Қапшағай су қоймасы да кіреді. Дәл осындай ауқымды шаралар болашақта жоғары санатты спортшыларды дайындап, тәрбиелеуге септігін тигізеді, сонымен қатар өңірімізде де, Қазақстанда да туризм мен спортты дамытуға қосымша серпін береді деп ойлаймын. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар «Oceanman Қазақстан» жарысынан ерекше әсер алып қайтатынына сенімдімін. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін!», - деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Жүзу жарысы бес қашықтықта өтеді. Атап айтсақ, OCEANMAN 10 км – 300 қатысушы, HALF OCEANMAN 5 км – 400 қатысушы, SPRINT 2 км – 800 қатысушы, OCEANKIDS 500 метр – 500 қатысушы және OCEANTEAM эстафетасы 3х500 метрлік жарыста 90 қатысушы бақ сынайды.
«Жарысқа кәсіпқойлар да, әуесқойлар да қатысады. Жаңадан бастаушылар үшін - қысқа, ал тәжірибелі спортшылар үшін ұзағырақ қашықтық қарастырылған. Дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жалпы қазақстандықтар - қонақжай халық. Осындай ауқымды жарысты өткізуге қолдау көрсеткені үшін Алматы облысы әкімдігіне, бас демеушілерге алғыс айтамын. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер биыл желтоқсан айында Дубайда өтетін әлем чемпионатына қатысады», - деді «Oceanmen» франшизасының иесі Фермин Эгидо.
Қапшағай су қоймасындағы судың температурасы жүзушілер үшін өте қолайлы болды. Қатысушыларды моторлы қайықтарда, реактивті шаңғыларда және байдаркаларда арнайы құтқару қызметтері қадағалап жүрді.
«Биылғы жылдың маңызды ерекшелігі - жүзуден INSPIRATION санатындағы 15 баланың қатысуы. Бұған дейінгі жарыста да осы санатта жүзушілер болған, бірақ бұл жолы ерекше қажеттіліктері бар балалардың әрқайсысының қамқоршысы бар. Айта кету керек, INSPIRATION санатындағы қатысушылардың қасында тәжірибелі спортшылар бірге жүреді. Мұндағы қауіпсіздікті кәсіби құтқарушылар қадағалайды. Бізде Төтенше жағдайлар министрлігінің 22 жүзу кемесі мен 4 үлкен қайығы бар. Волонтерлар әр бұрылыста қатысушыларға сусындар ұсынып, олардың әрі қарай жүзуіне жағдай жасайды», - деді жарыстың бас ұйымдастырушысы, «Oceanman Kazakhstan» франшизасының иесі Ералы Оралов.
10 шақырымдық жүзуден бақ сынауға келген Гарвард университетінің оқытушысы, үндістандық Айша Мансухани күш пен рухты сынауға бірегей мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
«Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Бұл елдің табиғаты мен халқының қонақжайлылығы тәнті етті. Өткен жылы Италияда өткен жүзу жарысына қатыстым. Биыл мүмкіндігінше көп елдерге барғым келеді. «Oceanman» жарысы бәсекеге толы. Сондықтан бұл додада мықтылар ғана жеңіске жетеді»,- деді Аиша Мансукхани
Жарыстың бірінші күні қатысушылар 10 және 5 шақырымға жүзуден жарысты. Ал екінші күні SPRINT, OCEANKIDS және OCEANTEAM қашықтықтары бойынша бақ сынайтын болады.
Алматы облысы.