Сатира • Бүгін, 07:58

Күй

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күй оркестрі қырық адамнан құрылған. Тар­тар күйдің аты – «Жа­­сампаздық». Яғни күйі­міздің мән-мағынасына – елі­міздің ерлеп, өркен жаюы, қоға­мымыздың бірден-бір даңғыл жолға түсіп, ілгері озып, ел-жұрт «қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалаған» замандағы күй кешуі арқау бол­ған. Дири­жердің демеуімен күйі­міз баяу ғана күмбірлей кетті.

Күй

Ал күйді күмбірлетер қы­рық пенде бұл күйді ұйқыдан шырт оятып қолына домбыра ұстатса болды, күйдің кез келген ширегіне ілесіп шерте жөнеледі. Сондықтан мынадай көңіл ояу, сезім сергекте қалыс қаламын-ау, күйде кідіріс болады-ау деп селт етпейді. Қайта «жасампаздық» қырық қолдан шарықтап жатады. Ал дәл сол мезетте: «көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» демекші, әр кәлләда бір қиял, қырықтың әрқайсысы қиялға беріліп қырқа асып отырады.

Бірінші: «Атаңанәлеттікі-ай, шетіне отырып алғанымды қарашы, мына бір телеоператорда ұңғысын маған қадап қыдия қалыпты. Осыдан құтылып, келе­сіде алмаған үш айдың жалақы­сына ішпей-жемей кетсем де бір тәуір түпли алып кимесем. Көне­тоз көйлегімнің қырқылған жа­ғасын ішке бүктеп киіп-ақ едім, көрініп қалмаса жарар еді...».

Екінші: «Қонақ келсе – құт, көп жатса – жұт» деуші еді. Қайынжұртта қайтар емес. Қау­сап біт­тім, бөрі аштығын білдір­мес деген. Қырқына шыдадым, біріне бірнәрсе етіп шыдармын».

Бесінші: «Балам он бірді бі­тіреді. Бітіруіне бас-аяғы жүз мың қажет. Қарыз бастан асады. Тауып бер­месең шат-шәлекейдің көкесі сонда болады. Қарыз бере қояр кім қалды-ей мен бейбақта».

Тоғызыншы: «Үйінен безінген мендей-ақ болсын. Қызметі бардың түрі менмін. Әйелім, келін балаларды қосқанда, бақандай алты-жетеуі жұмыссыз...».

Он екінші: «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген. Әне-міне деп әкем жатыр. «Ауылға апарып қоярсың» дегені ауырлау тиді-ау... Қиянға қиылып кетсемде жеткізермін».

Он жетінші: «Қатар отырған Қилыбайдың күйге еріп елпіл­дегені жынымды келтіріп отыр­ғаны. Кеше ғана емес пе еді, екі жүз грамнан кейін мүшкіл халін айтып мүләйімсігені».

Он сегізінші: «Қасындағы Қар­саққа таңы бар. «Жасам­паз­­дыққа» жан дүниесімен беріліп желдей есіп есеңгіреп-ақ қалыпты. Кеше ғана емес пе еді, құрып-біткенімізді, келеңсіз-кесепатты арқау етіп көз-жасын төккені...».

Жиырма тоғызыншы: «Ой­пырым-ай, оркестрдің қырық адамнан құралғаны қандай жақсы. Әйтпесе, шанағы кер­тілген, түбі тесік домбырамен отырғаным білінсе ғой...».

Отыз үшінші: «Осындағы оңдысы мен едім. Қала бойынша көшедегі қалт-құлт еткен дүң­гір­шектерді жауып тып-типыл етпекші дейді. Шай-пұлым­ды ажы­ратып отырған «Ажа­рымнан» айры­лып әдірем қал­масам жарар еді».

Қырқыншы: «Мана сахнаға шығар алдында дирижеріміз әжетханада ауының сыдырмасын үзіп алып еді... Мұндайда ол кісінің біздерге қарап-ақ еңкейіп-шалқайғаны әбүйір болар ма... Ойпыр-ой, күйде бітті-ау... Мәссаған, дирижеріміз күймен күйгелектеп әрі қарап қол соққан көпшілікке иіліп-шалқаяды кеп...».

Келесі орындалар күйдің аты – «Жарқын болашақ».

 

Берік САДЫР