Саясат • Бүгін, 09:00

Қазақстан – АҚШ: Әлеуетті әріптестікті нығайтуға ниетті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізді. Ақ үйдегі кездесуде Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді.

Қазақстан – АҚШ: Әлеуетті әріптестікті нығайтуға ниетті

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Коммерциялық келісімдер сомасы 17 млрд доллардан асады

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президент­тік лауазымының тарихи си­па­тына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі позициясын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақ­ты­лығы мен өркендеуін қам­тама­сыз етуде шешуші рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан АҚШ Президентінің бітім­герлік бастамаларын толық қолдай­тынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамп­тың халықаралық бейбіт­ші­лік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды.

Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.

Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Әңгімелесу барысында екіжақты ықпал­дастықтың кең көлемдегі мәселелері жан-жақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақ­тастықтың келешегі зор бағыттары нақтыланды.

Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

пр

 

Келелі келісімге қосылу

Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды.

Мемлекет басшысы Президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды.

Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогті ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады.

Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақ­станның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.

– Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімі арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді Дональд Трамп.