Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Доллар бағамы 2025 жылғы шілдедегі деңгейге қайта түсті. 30 қыркүйектен бері теңге 549 теңгеден 523 теңгеге дейін нығайып, небәрі бір айда 25 теңгеге немесе 4,8%-ға қымбаттады. Сарапшылар теңгенің мұндай күшеюін еліміздің халықаралық нарықта 1,5 миллиард долларлық еурооблигация шығарғанымен байланыстырады. Бұл қаражаттың бір бөлігі ішкі нарықта теңгеге айырбасталып, валюта ұсынысын арттырған болуы мүмкін.
Ұлттық банк нарықта белсенді болды. Қыркүйекпен салыстырғанда шетел валютасын сату көлемі 50%-ға өсіп, 1,54 миллиард долларға жеткен. Сарапшылар мұны «айна операцияларымен» байланыстырады. Яғни Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджет арасындағы валюта қозғалысын теңестіру әрекеті.
Ұлттық банк екінші жартыжылдықта теңгелік өтімділікті қысқарту саясатын күшейтуді жоспарлап отыр.
«Алтын бағасының өсуіне байланысты, біз артық ақша массасын шектеуге көшеміз. Төртінші тоқсанда ай сайын шамамен 467 миллиард теңге айналымнан шығарылады. Ал қаңтар-қыркүйекте бұл көрсеткіш 250 миллиард болған», деп хабарлаған еді реттеуші ұйым.
Бір қызығы, қазан айында Ұлттық банк валюталық интервенция да, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін шетел валютасын сатып алу операциясын да жүргізбеген. Ал керісінше, квазимемлекеттік сектор тарапынан валюта сату азайған 279 миллион доллар, қыркүйекте бұл көрсеткіш 378 миллион доллар болған.
Қазір теңге нарықта күшейіп тұрғанымен, сарапшылар бұл уақытша құбылыс дейді. Себебі теңгенің тұрақтылығы көбіне мұнай бағасы мен Ұлттық банктің валюталық саясатына тәуелді. Мәселен, Halyk Finance сарапшылары теңге бұл тұғырында ұзақ уақыт тұра алмайды деп отыр. Олардың есебінше, жыл соңына дейін доллар 550-560 теңге деңгейіне көтерілуі мүмкін. Тіпті 2026 жылы теңге тағы әлсіреп, 610 теңгеге дейін жетуі ықтимал.
Қаржыгер Сұлтан Елемесов болса «Halyk Finance сарапшыларының болжамы тым пессимистік бағытта», деген пайымда.
«Кейде нақты деген болжамдардың өзі орындала бермейді. Қазір тек санға емес, экономиканың нақты жағдайына да қарау керек. Сол кезде ғана теңге бағамының қай бағытта жүретінін түсінуге болады. Ұлттық банк теңгені әдейі күшейтіп, кейін күрт әлсіретуге мүдделі емес. Онда да кәсіби қаржыгерлер отыр. Олар инфляциялық тәуекелге әсер ететін құрал – базалық мөлшерлеме емес, мықты теңге екенін жақсы біледі. Бас банк инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені көтеруге дайын екенін ашық айтты. Бұл теңгенің тұрақтылығын қолдайды. Оның үстіне, халықаралық нарықтарда бізге долларды төмен мөлшерлемемен қарызға беруге дайын. Бұл да теңгеге сенімнің белгісі», дейді ол.
Жалпы, доллардың арзандағанын көрген жұрт жаппай сатып алу туралы ойлана бастады. Бірақ бұл ойды белгісіздік басып кетіп жатыр. С.Елемесов осы сұраққа да жауап берді. Қарашада теңге тағы 520 деңгейіне дейін нығаюы мүмкін дейді. Одан кейін біртіндеп 540-545 теңгеге қайта оралады. «Егер ұзақмерзімді мақсат үшін доллар керек болса, қазіргі курс – жаман емес. Бірақ бәрібір теңге әлсірейді», деді ол.
Ал экономист Расул Рысмамбетов кейінгі кезде теңгенің қайта күшеюіне таңданысын жасырмады. Оның айтуынша, ұлттық валюта 530 теңгеден төмен деңгейге түсті әрі сол маңда бекігендей көрініп отыр. Сарапшы мұндай жағдай бұрын да болғанын еске алады. Былтыр көктемде де осындай жағдай болған. Сол кезде нарыққа доллар көптеп түсті. Қазір де соған ұқсас көрініс болып тұр.
«Импортқа тәуелді елміз. Сол кезде курсты еркін жіберу дұрыс шешім емес еді деп ойлаймын. Іштей әлі де сол пікірдемін. Бірақ шындықпен санасуға тура келді. Теңгенің кейінгі күшеюі Ұлттық банктің шешімдерімен тығыз байланысты. Бірер күн бұрын Ұлттық банк қарашада Ұлттық қордан 600-700 миллион доллар сататынын мәлімдеді. Бұл жаңалықты банктер мен трейдерлер тез ұғып үлгерді. Базалық мөлшерлемені 18%-ға көтеру арқылы Ұлттық банк теңгені нығайтты. Бұған қоса, бюджетке қосымша түсім үшін Ұлттық қордан доллар сатты, бұл қалыпты тәжірибе. Бірақ қазір бұл саясаттың әсері ерекше байқалып отыр», дейді Р.Рысмамбетов.
Оның болжамынша, инфляция бәсеңдеген соң, базалық мөлшерлеме біртіндеп төмендейді. Қаңтар айына қарай 17-16, тіпті 15%-ға дейін түсуі ықтимал. Бұл қадам Қаржы министрлігі үшін де тиімді, себебі жоғары мөлшерлеме мемлекеттік шығындарды арттырады.
Доллар дәуірі аяқтала ма?
2000-жылдардан бері сарапшылар доллардың әлемдік үстемдігі әлсірейді деп жиі айтып келеді. Қытай экономикасының өсуі, еуроның күшеюі, АҚШ саясатына сын айтылуы, мұның бәрі «доллар дәуірі аяқталады» деген пікірдің кең таралуына себеп болды. Алайда 20 жылдан астам уақыт өтсе де, доллар әлі де әлемдік экономиканың басты тірегі болып отыр. Жоғарыда айтылған болжамдарға қарамастан, «доллардың дәуірі» неге аяқталмады? Бұл сұраққа Еconomykz-тің тәуелсіз сарапшысы Даулет Жамбайбеков жауап берді.
«Біріншіден, АҚШ экономикасы әлі де ең ірі әрі ең икемді экономикалық жүйе. Технологиялық даму деңгейі, өндірістің жоғары өнімділігі, терең қаржы нарығы бұл елді инвесторлар үшін сенімді бағытқа айналдырады. Сондықтан жаһандық тұрақсыздық кезінде доллар қауіпсіз айлақ ретінде қабылданады. Сонымен қатар әлемдегі көптеген халықаралық мәмілелер, әсіресе мұнай, газ және басқа да шикізат саудасы дәл доллармен есептеледі. Бұл жүйе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасып, қазірге дейін өзгерген жоқ. Сондықтан тіпті доллардан бас тартуға ұмтылған елдердің өзі халықаралық есеп айырысуда бәрібір АҚШ валютасына жүгінуге мәжбүр. Мұның себебі – институттық сенім. АҚШ-тағы Федералдық резерв жүйесі тәуелсіз жұмыс істейді, сот жүйесі ашық, ал қаржылық ережелер айқын. Инвесторлар өз қаражатының қорғалғанына сенеді», дейді экономист.
Расында, бүгінде әлемдік мемлекеттік және корпоративтік қарыздың шамамен 60%-ы доллармен есептеледі. Бұл жағдай басқа елдердің доллардан толық бас тартуына жол бермейді, себебі олардың өз қарыздары дәл осы валютамен өтеледі. Сонымен қатар АҚШ қаржы жүйесі Еуропамен салыстырғанда қарызға аз тәуелді. Сосын көптеген орталық банктердің негізгі резервтік активі – АҚШ қазынашылық облигациялары (Treasuries). Олар өтімділігі жоғары әрі сенімді қаржы құралы болғандықтан, елдер долларлық резервтерін сақтауды жалғастырып отыр. Осы облигацияларға деген сұраныс доллардың да ұзақмерзімді тұрақтылығын ұстап тұр.
Даулет Жамбайбековтің пікірінше, доллар «әлсірейді» деген болжамдар көбіне саяси «эмоцияға» негізделген.
«Инвесторлар үшін доллардан толық бас тарту қисынсыз. Ол әлі де дағдарыс кезінде ең қорғанышты актив болып қала береді. Мемлекеттер үшін дедолларизацияны біртіндеп жүргізу орынды. Ал бизнеске келсек, доллар сыртқы саудада басты валюта болып қала береді. Дегенмен, аймақтық бастамалар мен жаңа төлем жүйелеріне де назар аудару қажет. Доллар өз билігін жоғалтқан жоқ. Әлемдік экономикада сенім, өтімділік және тұрақтылық тұрғысынан оған тең келетін балама әзірге жоқ. Демек, доллардың дәуірі әлі біткен жоқ, тек жаңа жағдайға бейімделіп келеді», дейді сарапшы.