Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама тұсында басталған Орта Азия мен Америка ықпалдастығы бұрын негізінен саяси мәселелерге ден қойып келген болса, бұл жолғы саммит экономикалық ынтымақтастық пен инвестиция тарту саласына басымдық беруімен ерекшеленді. Президент жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Айнұр Тұқымованың айтуынша, алғашқыда тек министрлер деңгейіндегі кездесулер сипатында өтіп келген іс-шара 2023 жылдан бері президенттер деңгейіндегі саммитке айналып отыр.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сапары бұрынғыдай диалог алаңы ретінде ғана өтпей, нақты экономикалық және инвестициялық келісімшарттар жасалатын алаң болды. Өйткені «Орталық Азия-АҚШ» саммитімен бірге бизнес-конференция да өтті. Ол жерде сауда, экономика, көлік, басқа да өнеркәсіп салаларының министрлері кездесіп, бірқатар келісімге қол қойды. Бұрын АҚШ Орталық Азияны негізінен шикізат көзі ретінде көрсе, енді әріптестіктің басқа да салалары дамып келе жатқанын байқап отырмыз. Яғни баяғыдай негізінен тек мұнай саласына инветиция салынбай, тау-кен өндірісі, вольфрамды зерттеу, денсаулық сақтау, білім-ғылым салаларында да ынтымақтастық қанат жайды», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл келісімдер біздің елімізге ғана емес, АҚШ үшін де өте тиімді. Америка сирек металдар алатын көздерін әртараптандыруға мүдделі. Ал біз экономикамызды әртараптандыруға талпынып жатырмыз.
«Қазіргі таңда АҚШ сирек металдардың 77 пайызын Қытайдан тасымалдайды. Бұл Американың шығыстағы көршімізге осы салада белгілі бір деңгейде тәуелді екенін білдіреді. Сондықтан олар сирек металдар мен минералдардың басқа да көздері мен жеткізу жолдарын іздестіріп жатыр. Бұл тұрғыда еліміздің жерасты байлығы мен орта дәліз арқылы жеткізу арналары АҚШ мүддесімен толықтай сәйкес келіп тұр», дейді А.Тұқымова.
Сарапшы бұл сапарға әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары айрықша назар аударып, олардың басты тақырыбының біріне айналғанын жеткізді. Соның ішіне еліміздің Ибраһим келісіміне қосылуы да ерекше оқиғаның бірі болды.
Жалпы Қазақстан мен АҚШ арасында 2018 жылдан бастап екіжақты қарым-қатынастың барлық спектрі бойынша көпжоспарлы өзара іс-қимылмен сипатталатын кеңейтілген стратегиялық серіктестік орнағанын айта кету керек. Бүгінде біз Орталық Азияның жетекші экономикасымыз әрі америкалық инвестицияның басты бағытына айналып отырмыз. Атап айтқанда, АҚШ-тың Орталық Азияға бағытталған инвестицияларының 80%-ы Қазақ еліне тиесілі. Нақтырақ айтсақ, елімізге тікелей инвестициялар ағыны 60 млрд доллардан асып жығылды. Бұл біз қол жеткізген жалпы тікелей шетелдік инвестицияның 13%-нан асады. 2024 жылы 869 млн долларға жуық инвестиция тартылғанын еске сала кетейік. Ал 2025 жылдың І тоқсанында АҚШ-тан жалпы инвестициялар ағыны – 362,4 млн долларды құрады.
Екіжақты ықпалдастықтың тереңдей түскенін әрі АҚШ Президентінің елімізді Орталық Азиядағы басты серіктес ретінде көретінін Д.Трамптың Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевты жылы шыраймен қарсы алып, айрықша ілтипат білдіруінен де көруге болады. АҚШ басшысы қазақ журналисінің сұрағына жауабында да мұны атап өтіп, Қазақстанға сапармен келу мүмкіндігі жоқ емес екенін де емеурінмен білдірді.
«Трамп мырза, Сізді Қазақстанға келген алғашқы АҚШ Президенті деп қашан айта аламыз? Біздің елге қонақ болу жоспарыңызда бар ма?» деген тілшінің сұрағына: «Бұл (Қазақстанға сапармен келу – ред.) әбден мүмкін. Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты Президентіңіз бар», деп жауап берді ол.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ әлемдік экономиканы зерттеу орталығының директоры Әлібек Райповтың айтуынша, АҚШ бұдан әрі де біздің аймақпен тереңдетілген әрі жан-жақты өзара әрекеттестікті жалғастыруға дайын. Ал Орталық Азия елдері үшін бұл саммит – өзін әлемдік саясаттың дербес, біртұтас субъектісі ретінде көрсетудің әрі көпвекторлы сыртқы саясат жүргізудің тағы бір кең мүмкіндігі.
«C5+1» саммиті – жай ғана кездесу емес, Орталық Азия мен АҚШ арасындағы қатынастардың алдағы жылдарға арналған келешегін айқындаған стратегиялық қадам. Ал біздің еліміз үшін – Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болуға дайын қуатты мемлекет екенімізді көрсететін, өңірлік ортақ мәселелерді шешуге бағытталған күш-жігерді біріктіретін бірегей мүмкіндік. Бұл саммиттің табысты өтуі өңірдің де, оның ішінде біздің елдің де халықаралық аренадағы беделінің нығаюына, сонымен қатар экономикалық өсім мен өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге даңғыл жол ашты», дейді сарапшы.
Айта кетсек, қазіргі таңда елімізде 630-дан аса АҚШ компаниясы қызмет етеді. Бұл екіжақты сауданың қарқынды өсуіне ықпал етіп отыр. Мәселен, 2023 жылы тауар айналымы 4 млрд долларға жетті. Бұл – Орталық Азия экономикасының, яғни ІЖӨ-нің 60 пайызын құрап отырған Қазақ еліне америкалық алпауыттардың назар аударуының көрінісі.
Нақты мысалдарға жүгінсек, Wabtec пен «ҚТЖ» АҚ арасында АҚШ тарихындағы ең ірі 4,2 млрд доллар сомаға локомотив келісімшартына қол қою Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы өзара тиімді серіктестіктің және стратегиялық диалогті іс жүзінде жүзеге асырудың жарқын мысалы болды. Технологиялық ынтымақтастықтың артып келе жатқанының қосымша дәлелі – «Қазақтелеком» мен «Amazon Kuiper» арасында Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында спутниктік интернеттің жерүсті инфрақұрылымын құруға шамамен 200 млн доллар инвестиция салуды көздейтін дистрибьюторлық келісімге қол қойылуы.
Бүгінде АҚШ инвесторларының қатысуымен 538,5 млн доллар сомасына 10 инвестициялық жоба іске асырылды, 5 941 млн долларға 9 жоба іске асырылу сатысында және 2 552 млн сомаға 15 жоба пысықталып жатыр. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио биыл 15 қаңтарда Сенатта өткен тыңдау барысында АҚШ Қазақстанды нарықтық экономика деп танығанын және Республика Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде Джексон-Вэник түзетулерінің барлық шартын орындағанын растап, оның ведомствосы осы түйінді мәселені шешу үшін Конгресспен жұмыс істейтінін мәлімдеді. Қазақстанмен PNTR орнату – америкалық бизнестің ұстанымын нығайтатын және АҚШ-тың ұзақмерзімді жаһандық мүдделеріне жауап беретін стратегиялық қадам.
Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика саласындағы ынтымақтастығы да – екіжақты стратегиялық серіктестіктің негізгі бағыты. 1993 жылы америкалық «Chevron» мұнай компаниясы «Tengiz Chevroil» бірлескен кәсіпорнын құра отырып, елімізді алғашқы ірі инвесторға айналдырды. Отыз жылдан аса уақыт бойы «Chevron» және «ExxonMobil» компаниялары ірі мұнай-газ жобаларын табысты іске асырып келеді. Аталған компаниялардың әлемдік қуатының шамамен 25%-ы Қазақстанда шоғырланған, бұл біздің елді олардың қызметінің негізгі орталығына айналдырады.
Бүгінде әлемдік уран кенінің шамамен 40%-ы елімізде өндіріледі. Ал АҚШ тұтынатын уранның 24 пайызы Қазақстаннан жеткізіледі. Сарапшылардың пікірінше, біз америкалық нарыққа уран жеткізуді одан әрі де ұлғайтуға дайынбыз. 2030 жылға қарай жаһандық уран тапшылығы болуы мүмкін екенін ескерсек, дәл осы байланыстар АҚШ-тың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде еліміз стратегиялық рөл атқаратын негізгі жеткізуші болуға қабілетті.
Бұған қоса Президент Қ.Тоқаевтың сапары мен саммит аясында күрделі минералдарды игеру, көлік-логистикалық әлеует, цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі, білім, ішкі және сыртқы саясат мәселесі де назардан тыс қалмады. Еліміз «орта держава» ретінде өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етуге қабілетті халықаралық қатынастардың жауапты әрі ықпалды қатысушысы болып, өзінің мәртебесін дәйекті түрде нығайтуға зор қадам жасады. Бұл орайда еліміз Ресеймен де, Қытаймен де теңгерімді қарым-қатынастарды ұстанады және Батыспен ынтымақтастықты ұдайы кеңейтеді.
Кешегі күндер Қазақстанның өңірлік ынтымақтастық пен интеграцияның қозғаушы күші бола отырып, іс жүзінде Орталық Азияға қақпа рөлін (Gates to Central Asia) тағы бір дәлелдеді. Аймақтың жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, көлік байланысы, энергетикалық қауіпсіздік және цифрлық трансформация жөніндегі бастамаларды белсенді ілгерілетуге барлық мүмкіндік бар екенін паш етті. Сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ басшыларының басымдықтары мен тәсілдерінің үйлесімділігі еліміздің Орталық Азиядағы сенімді серіктес ретіндегі негізгі рөлін айқындады.