
Фото: Ашық дереккөз
Ведомствоның хабарлауынша, тіркелу http://app.testcenter.kz/ сайтында жүргізіледі. Талапкерлер тек бір жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламалары тобының бағытын таңдай алады. Егер өтінішке өзгерістер енгізу қажет болса, оны өтініштерді қабылдау кезеңі аяқталғанға дейін өңдеуге немесе жоюға мүмкіндік бар.
Емтихан уақыты мен орны туралы ақпарат талапкердің жеке кабинетінде 9 тамызда қолжетімді болады.
Докторантураға түсу емтиханы үш негізгі кезеңнен тұрады:
- Әңгімелесу – 30 балл;
- Эссе жазу – 20 балл;
- Бейіні бойынша тестілеу – 50 балл.
Жалпы 100 балдық шкала бойынша кемінде 75 балл жинағандар ғана мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа және ақылы негізде оқуға қатысуға мүмкіндік алады.
«Докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады. Атап өтсек, 2024 жылы шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттардың шекті деңгейлері B1-ге дейін төмендетілді және тізімге TOEIC және Duolingo English Test сертификаттары енгізілді», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, биылдан бастап бейіні бойынша докторлар бағдарламасы аясында докторантураға түсу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бағдарлама шет тілін меңгеру сертификатын талап етпейді және емтихан барысында эссе жазу қарастырылмаған.
Бағалау жүйесі:
- Әңгімелесу – 25 балл;
- Ұсыныс хат (болған жағдайда) – 5 балл;
- Бейіндік емтихан – 50 балл.
- Жалпы балл – 80, ал шекті балл – 50 балл.