
Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинацияға сәйкес өтеді.
Сыйлық алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен еліміздің 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.
«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және ел аумағында тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргізеді және мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:
1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;
3) өтінішхат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;
4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (болған жағдайда);
5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (болған жағдайда);
6) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;
7) кандидаттың жетістіктері туралы растайтын материалдар (болған жағдайда).
Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгімен сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.
«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Әр жылдары аталған сыйлықты түрлі саладағы 360-тан астам азамат иеленген болатын.