Digital • Бүгін, 09:40

Платформа арқылы оқығандар көбейді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері 247,6 мың азамат, оның ішінде 39,4 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өтіп, оқығанын растайтын сертификат алған. Осы күнге дейін платформаға 791,3 мың адам, оның ішінде жыл басынан бері 292,6 мың адам тіркелген.

Платформа арқылы оқығандар көбейді

Оқудан өткен 39,4 мың жұмыссыз азаматтың 10,4 мыңға жуығы негізінен Түркістан, Алматы, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласының жастары. Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар түрлі бағыт бойынша мыңнан астам курс жариялаған. Оның 332-сі тегін. Бұдан өзге Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақ­стан серіктестерінің курс­­тары бар. Платформадағы кез келген курстың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін болуы мүмкін. Мамыр айында жиі сұраныста болған курстардың ішінде «Сенің мансабыңдағы қадам: «Элек­трондық еңбек биржасын қалай пайдаланамыз», «Motion design», «Сақтандыру агенті» сынды сабақтар бар. Платформада білім беру, тәрбиелеу, әлеуметтік қызмет көрсету тағысын-тағы саладағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып отырады.

Skills Enbek қосымшасы халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға, «Өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Маркет­плейс қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрыл­ған. Курстар электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) қол­же­тім­ді. Платформада білім алушы оқуды өзіне ыңғайлай алады. Ел азаматтары көп курстың ішінен өзіне керегін таңдаған соң, оқу үдерісін бақылап, тіпті курс автор­ларымен жылдам байланыса алады. Пайдаланушыларға жасанды интеллект көмегімен чат-бот қолжетімді. Оқу аяқталған соң білім алушы 70% шекті деңгеймен тест тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтағандар ғана дағдыларды игергенін растайтын сертификат алады.