
Еліміздің Премьер-Министрі атынан барлық мал шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құттықтады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мал шаруашылығы саласындағы жанқиярлық еңбек нәтижесінде қазақстандықтар сапалы әрі табиғи өнімге қол жеткізуде, ал аграрлық экономиканың әлеуеті артып отыр. Мал шаруашылығы өңделген өнім үлесін арттыруда және ауыл тұрғындарын жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқарады. Бұл саладағы барлық жетістіктер – ең алдымен, малшылардың ауыр әрі адал еңбегінің нәтижесі. Үкімет бұл саланы дамытуға алдағы уақытта да басымдық беруді жалғастырады», – деп атап өтті вице-премьер.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде мал шаруашылығы – бұл тек экономикалық сала ғана емес, сонымен қатар елдің тарихы, мәдениеті және ауыл өмір салтымен тығыз байланысты ұлттық бірегейліктің бір бөлігі екенін атап өтті.
«Президент 2025 жылды Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – нақты экономиканы құрып, бүкіл қоғамның тірегін қалыптастыратын еңбектің маңызды рөлін мойындау болып табылады.
Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының негізгі және ең көп еңбек сіңіруді қажет ететін салаларының бірі. Бұл сала кәсіби дағдылармен қатар, жоғары деңгейдегі өзін-арнауды талап етеді. Ол азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдық өңірлердегі жұмыспен қамтуға және агроөнеркәсіп кешенінің аралас бағыттарының дамуына тікелей әсер етеді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,3 трлн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті. Осыған байланысты агроөнеркәсіп кешенінің стратегиялық маңызы бар бұл саланың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Түркістан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын ерекше атап өткім келеді. Бұл өңірлер өндіріс көлемі бойынша тұрақты түрде алдыңғы қатарда келеді», – деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, 2020 жылға дейін елде жыл сайын екі тауарлық-сүт фермасы (ТСФ) іске қосылатын болса, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 2024 жылы 39 заманауи ТСФ іске қосылып, тағы 46-сы құрылыс сатысында тұр. Алдағы 2–3 жылда ТСФ саны 115-ке жетіп, қосымша 600 мың тоннадан астам сүт өндіру мүмкіндігі пайда болады.
Қолдау сонымен қатар етті ірі қара өсіру, құс шаруашылығы, қой шаруашылығы, түйе және жылқы шаруашылықтарын да қамтиды. Асыл тұқымды мал басын сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5% мөлшерлемемен қолжетімді қаржыландыру құралдары енгізілді.
Басты басымдықтардың бірі – тұқымдық ресурстарды дамыту болып қала береді. 2025 жылы 75 жылдығын атап өтетін қазақтың ақбас сиыры – тұрақтылықтың, өнімділіктің және ұлттық мақтаныштың символына айналды. Бұл тұқым сәтті экспортталып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп отыр.
Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев пен Қазақстанның Еңбек Ері, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко елдің азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қазақ мал шаруашылығының ғасырлық дәстүрін жалғастырып келе жатқан сала мамандарын құттықтады.
Премьер-Министрдің атынан 17 саланың өкіліне Құрмет грамоталары табысталды.