Қазақстан • 02 Маусым, 2025

Нарықты тұрақтандыру: көкөністер арзандады, инфляция бақылауда

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл мамыр айында тұтыну бағаларының айлық индексі баяулай түсіп, 0,9% құрады (сәуірде-1,2%). Ақылы қызметтердің бағасы 1,3%, азық-түлік тауарлары – 0,9%, азық-түлік емес тауарлар 0,6% өскен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нарықты тұрақтандыру: көкөністер арзандады, инфляция бақылауда

Фото: freepik.com

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше азық-түлік өнімдерінің бағасының төмендеуі қиярға – 37,1%, қызанаққа – 19,8%, қырыққабатқа – 7,7%, бананға - 5,7%, жұмыртқаға 2,4% болды. Өз кезегінде бағалар лимонға – 9,1%, алма – 6,1%, алмұрт – 5,2%, жүзім-5,1% өскен.

Биылғы мамыр айында алтын сақинаға баға 4,6%, құрылыс материалдарына – 1,1%, киім мен аяқ киімге, жеке пайдалануға арналған тауарларға – әрқайсысы 0,8% қымбаттаған.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында суық суға тарифтер 4,2%, су бұруға – 1,6%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 1,5%, электр энергиясына – 1,4% өсті. Теміржол көлігінің қызметі 2,1%, санаторийлер қызметі 2% қымбаттаған.

Өңірлер арасында ең төменгі айлық инфляция Қарағанды облысында – 0,2%, Астана қаласында – 0,3%, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облыстарында тіркелді – әрқайсысында 0,6%.

2025 жылғы мамыр айы бойынша  аймақтардағы инфляция деңгейі: ШҚО 07%, Ақтөбе, 0,8%, Абай, Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда, СҚО 0,9% Атырау 1,1% Қостанай 1,2%, Жетісу 1,3 %, БҚО 1,4%, Алматы қаласы 1,7%, Павлодар 2,0%.

2025 жылғы мамырда жылдық мәнде инфляция деңгейі 11,3% құраған (ал, сәуірде 0,9). Бағалар ақылы қызметтерге – 16% (ал сәуірге 1,3), азық-түлік тауарларына – 9,6% (сәуірде 0,9), азық-түлік емес тауарларға 9% (сәуірде 0,6) жоғарылады.

Жылдық мәнде қарақұмық жармасының бағасы 12% төмендеді, күріш – 8,3%, тәтті бұрыш – 5,5%, қияр – 2,6%, кептірілген өрік 2,5% арзандады.

Шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері 14,6%, санаторилердің қызметтері 14,4% өсті. Ноутбуктің бағасы 46,5%, алтын сақина 35,6% , планшет бағасы 31,9% өсті.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.

2025 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі –  40,0%, азық-түлік емес тауарлар – 30,3%, ақылы қызметтер 29,7% құрады.