Экология • 04 Маусым, 2025

Экология сын көтермей тұр

140 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үш-төрт жыл бұрын еліміз экология саласында озық қолжетімді технологияға көше бастады. Алайда ауаны ластап отырған кәсіпорындар қаржылық, технологиялық, логистикалық, ұйымдастырушылық мәселелерін бір ізге келтіре алмай отыр. Сенатта өткен экология мәселелеріне арналған Үкімет сағатында осы мәселе талқыланды.

Экология сын көтермей тұр

Сурет: kulturarb.ru

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов Үкімет сағатында бүгінде ел алдында тұрған ауқымды әрі кешенді міндет негізгі өнеркәсіп салаларында ең үздік қолжетімді технологияны енгізудің толыққанды жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті. Ол бұл салада тұрақты нәтижеге қол жеткізу мен техногендік әсерді азайту үшін заңнамалық, экономикалық, инфрақұрылымдық және білім беру шараларын біріктіретін кешенді тәсіл қажет екенін айтты.

«Экологиялық басымдықтарды өңірлердің даму стратегияларына жай ғана декларативті түрде емес, нақты инфрақұрылымдық жобалар, экологиялық қауіп-қатерлердің карталарын әзірлеу, сондай-ақ әр өңірдегі «жасыл» бастамалардың ашық және қолжетімді тізілімдері арқылы енгізу қажет. Бұл ретте білікті кадрлар эколо­гиялық өзгерістерді жергілікті жерлерде жүзеге асыра алатын «жасыл» менед­жерлер даярлаудың маңызы зор. Сонымен қатар ЖОО-лар мен колледж­дердегі мамандар даярлау бағдар­ламаларына экологиялық пәндер мен модульдерді енгізуді, халық пен бизнес­тің экологиялық сауатын арттыруды, осы саладағы ғылыми-техникалық жаңалық­тарды ынталандыруды күшейту қажет»,  деді вице-спикер Жақып Асанов.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев кешенді экологиялық рұқсаттарды енгізу мен ең үздік қолжетімді технологияға көшу жай ғана технологиялық жаңғырту емес, кәсіпорындардың жалпы экологиялық жауапкершілігін арттыруға, ластану деңгейін төмендетуге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық қадам екенін атап өтті.

«Ел өнеркәсібінің ерекшелігі мен шынайылығын ескере отырып, кезең-кезеңімен және жүйелі түрде әрекет ету керек. Ең үздік қолжетімді технология бойынша анықтамалықтар әзірлеу салалық ерекшелікке негізделіп, ғылыми тұрғыда негізделген әрі іс жүзінде қолдануға ыңғайлы болуға тиіс. Алайда бүгінде біз маңызды кедергіге тап болып отырмыз, озық технологияларды енгізуде бірыңғай үйлестіру мен кешенді тәсілдің жоқтығы байқалады. Сонымен қатар экологиялық басымдықтар көбіне өңір­лік стратегияларға кіріктірілмеген, бұл тұрақты экологиялық нәтижелерге қол жеткізуді қиындатады», деді Ә.Бектаев.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде ең озық қолжетімді технологияны енгізуге міндетті І санаттағы 1 500-ге жуық кәсіп­орын бар. Мәселенің күрделілігі ескеріле отырып, үдеріс екі кезеңде өтуі қажет, 2025 жылдан бастап 50 ірі кәсіпорын, ал 2031 жылдан бастап I санаттағы басқа кәсіпорындар өтуі міндеттелген.

«Кодекс нормалары бойынша озық қолжетімді технологияларды енгізген және кешенді экологиялық рұқсат алған кәсіпорындар төлемдерден босатылады, ал уақтылы енгізбеген кәсіпорын­дар үшін салық төлемдері әр үш жыл са­йын 2, 4 және 8 есе ұлғайып отырады. Бүгінде Алматы, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Өскемен және Балқаш қалаларында атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Ауаның негізгі ластаушылары – өңдеу өнеркәсібі салалары, электр энергетикасын өндіру кәсіпорындары, сондай-ақ тау-кен өндіру, құрылыс, химия, мұнай-газ өңдеу кәсіпорындары»,  деді сенатор.

Сондай-ақ Үкімет сағаты барысында Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздің өңірлерінде экологиялық бастамалардың қазіргі жай-күйі мен даму келешегі туралы мәлімет берді. Министр ірі ұлт­тық компаниялардың озық эколо­гия­лық стандарттарды енгізу және өн­діріс­терді жаңғырту бойынша жоспар­ларына тоқталды. Бұған қоса Е.Нысанбаев Жасыл климаттық қор үшін кең ауқым­ды бағыттарды қамтитын ел бағдарлама­сының әзірленіп жатқанын айтты.

Іс-шараға қатысушылар қысқа­мерзімді экономикалық тиімділікке ұмтылған бизнестің жүйелі экологиялық және қаржылық тәуекелдерге алып келетінін атап өтті. Бұл жағдай, өз кезегінде, мемлекеттің экономикалық және экологиялық саясаты арасындағы қайшылықтарға себеп болады. Атап айтқанда, сенатор Ольга Булавкина экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және кәсіпорындарды жаңғыртуға ынталандыратын қатаң заңнамалық талаптардың қажет екенін айтты. Оның ішінде барлық қауіпті өндірістерге кешенді экологиялық рұқсаттарды міндетті түрде енгізіп, экологиялық нормативтерді кезең-кезеңімен қатаңдату керек.

Осындай олқылықтарды ретке келтіріп, экологиялық жаңғырту жоспарларын табысты іске асыру мен тұрақты экономикаға көшу үшін мемлекет, бизнес және ғылыми қауымдастық күш-жігерін біріктіру қажет деген қорытындыға келді Үкімет сағатына қатысушылар. Сондай-ақ экологиялық өзгерістерді ынталандыру тетіктері мен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. Тиісті ұсынымдар одан әрі қарау үшін Үкімет пен мемлекеттік органдарға жолданады.