
Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелеген сайыста бас жүлдені олжалаған теннисшілердің әрқайсысына 2 550 000 еуродан табыс етіледі. Финалда ұтылғандар жоғарыда көрсетілген соманың тең жартысын иеленеді. Жартылай финал мен ширек финалға шыққандар 690 000 пен 440 000 еуроны еншілейді. Екінші (265 000 еуро), үшінші (168 000 еуро), төртінші (117 000 еуро) кезеңде ойнағандар да мол мөлшерде сыйақы алады. Тіптен тұсаукесер кездесуде сүрінгендер де үйлеріне құр қол қайтпайды. Олардың әрқайсысына 78 000 еуродан тиесілі. Сол секілді жұптық, аралас жұптар арасындағы жарысқа қатысушыларға да едәуір көлемде сыйақы қарастырылған.
Еліміздің бес теннисшісі іріктеу турниріне қатысты. Бірақ бәрінің бірдей жолы болмады. Бейбіт Жұқаев пен Михаил Кукушкин алғашқы айналымдарда сүрінді. Тимофей Скатов пен Дмитрий Попко екінші кезеңде жеңілістің кермек дәмін татты. Тек Александр Шевченко ғана, жапониялық Шинтаро Мочизуки, франциялық Матис Эрарана, аустриялық Филип Мисоличтен айласын асырып, жарыстың негізгі бөлігіне жолдама алды. Сөйтіп, еліміздің төрт ойыншысы Ролан Гарроста өнер көрсету құқығына ие болды.
Еліміздің ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина тұсаукесер кездесуінде Белинда Беничичен ойнауға тиіс еді. Алайда Швейцарияның өкілі жарақатын желеу етіп, жарысқа қатысудан бас тартты. Оның орнын аргентиналық Хулия Риера басты. Отандасымыз WTA рейтингінде 204-орында тұрған ойыншыны 6:1, 4:6, 6:4 есебімен ұтты. Юлия Путинцева да іріктеу турнирінде топ жарған тағы бір Аргентина өкілі Солано Сьерамен сайысқа түсті. Бұл тартыста отандасымыз жеңіске жетті – 6:1, 4:6, 6:4. Ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик АТР тізімінде 92-сатыға жайғасқан Аустралия өкілі Джеймс Даквортты еш қиналмай еңсерді. 6:2, 6:4, 6:4 Александр Шевченко сербиялық Душан Лайовичке сан соқтырды – 6:2, 6:4, 7:6.
Екінші кезеңде Рыбакина америкалық Ива Йовичті (6:3, 6:3), Путинцева тайпейлік Джоанна Гарлетті (7:6, 6:3), Бублик аустралиялық Алекс де Минорды (2:6, 2:6, 6:4, 6:3, 6:2) жолда қалдырды. Шевченко америкалық Итан Куинге (4:6, 6:4, 7:6, 6:7, 5:7) есе жіберді. Үшінші айналымда Елена латвиялық Елена Остапенконы (6:2, 6:2), Александр португалиялық Энрике Рошаны (7:5, 6:1, 6:2) ұтты. Юлия ресейлік Мирра Андреевадан (3:6, 1:6) айласын асыра алмады. Төртінші кезеңде Е.Рыбакина сүрінді. Жерлесіміз польшалық Ига Швентектің осал тұсын таба алмады (6:1, 3:6, 5:7).
Төртінші кезеңде Александр Бублик әлемнің бесінші ракеткасы Джек Дрейпермен күш сынасты. Бұл бәсекенің фавориті АТР тізімінде отандасымыздан 57 саты жоғары тұрған Ұлыбританияның ойыншысы екені анық еді. Дегенмен бұл кеште Александр өте сәтті ойнап, 5:7, 6:3, 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, ел теннисшілері арасында жарыс жолында жалғыз Бублик қана қалды.