Аймақтар • 02 Маусым, 2025

Түркістан облысында 24 заңсыз су соратын қондырғы анықталды

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Судың «көлеңкелі» нарығын тексеру барысында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабынан тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын тапты, деп жазады Egemen.kz.

Түркістан облысында 24 заңсыз су соратын қондырғы анықталды

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданғанын мәлімдеді. Сондай-ақ жергілікті әкімдікке анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілген.

2025 жылдың бірінші тоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары жүргізген 20 тексеру нәтижесінде 26 заңбұзушылық анықталып, 10 ұйғарым шығарылған. Осы фактілерге қатысты жалпы сомасы 13,3 млн теңгені құрайтын 133 әкімшілік айыппұл салынған.

Сала министрі Нұржан Нұржігітов 10 маусым күшіне енетін жаңа Су кодексінде заңбұзушылықтарға қатысты жаза күшейтілетінін атап өтті.

«Жаңа Су кодексіне сәйкес, бассейндік инспекциялар қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығына ие болады. Сонымен қатар Су кодексіне сәйкес, Әкімшілік кодекске де өзгерістер енгізіліп, су заңнамасын бұзғандарға жазалау шаралары күшейтіледі», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, былтыр бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізіп, оның барысында 1 855 заң бұзушылық анықталып, 429 ұйғарым шығарылған. Жалпы сомасы 48,4 млн теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынған.