
Фото: Ақорда
«Сізді елордамызда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Соғыстан кейінгі жылдарда Италия Үкіметінің басшылығына жеткен алғашқы әйелсіз. Әлемдік қоғамдастық мойындағандай, қазіргі заманның белгілі, тіпті, аса көрнекті саяси қайраткерісіз. Сіздің ішкі сын-қатер мен халықаралық проблемаларға қатысты көзқарасыңызбен және іс-әрекеттеріңізбен толықтай келісемін. Астана халықаралық форумына қатысып, мазмұнды баяндама жасағаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің сөзіңізді саяси және сарапшылар қауымдастығы өте жақсы қабылдады», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқан және өңірлік кооперацияға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты.
«Орталық Азия ықылым заманнан бері Шығыс пен Батыс арасында дәнекер болып, өркениетаралық диалогты дамытуда маңызды қызмет атқарған. Бүгінде біздің өңір бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін танытып, тату көршілік және баршаға ортақ прогресс қағидаттарын берік ұстанатынын көрсетуде. Әлемдік аренада жасампаз күн тәртібін ілгерілете отырып, Орталық Азия халықаралық қатынастың ықпалды субъектісі ретінде өз ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отыз жылдан астам уақыт ішінде Италия өзін Орталық Азия елдерінің орнықты дамуына септігін тигізген сенімді серіктестердің бірі ретінде көрсетті. Президент «Орталық Азия+» форматында мүмкіндіктерді жұмылдыру Италия мен аймақ елдерінің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал ететінін айтты.