
«2025 жылғы 23 мамырда Алматы облысындағы «Азия Агро Фуд» құрамажем зауыты аумағында орын алған қайғылы оқиға салдарынан әріптестеріміздің қаза тапқаны туралы зор күйзеліспен және қайғымен хабарлаймыз. Бұл оқиға бүкіл компаниямыз үшін ауыр соққы болды. Біз тек қызметкерлерімізден ғана емес, ұжым өмірінде терең із қалдырған адал, еңбекқор әрі адамгершілігі жоғары жандардан айырылдық», делінген хабарламада.
«Азия Агро Фуд» марқұмдардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады.
«Біз бұл қайғыны бірге бөлісеміз және осындай қиын кезеңде отбасыларға барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Заңда және корпоративтік бағдарламаларда қарастырылған сақтандыру төлемдерінен бөлек, компания тарапынан марқұмдардың отбасына қосымша материалдық көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды өз мойнымызға аламыз, сондай-ақ марқұм әріптестеріміздің мүмкін болатын қарыздарын толық өтейміз. Әрбір отбасына психологиялық және құқықтық көмек беріледі, қажет болған жағдайда жеке көмек те ұйымдастырылады», деп мәлімдеді компания өкілдері.
Компания жан-жақты көмек көрсетуге уәде берді.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептеріне байланысты мұқият тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін «Азия Агро Фуд» басшылығы 23 мамыр күні Жібек Жолы ауылында жарылыс болғанын растаған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға ұн тозаңының жарылысы себеп болған, бұл өрттің тұтануына әкелген. Компания басқарма төрағасы Саян Ашенов қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін ішкі тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, жарылыс салдарынан бір адам мерт болған. Тағы үш жұмысшы ауыр күйік алып, денелерінің 80–90%-ын күйік шалған. Барлығы жедел түрде жансақтау бөліміне жеткізілген.