Айбын • Бүгін, 15:05

Шекара – елдің кіре берісі, абыройдың асқар биігі

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан – ұлан-ғайыр атырапқа жайылған, төрт тарапқа теңескен кең байтақ ел. Оның әрбір тас жолы, әрбір шекара сызығы – тәуелсіздігіміздің тірегі, тыныштығымыздың қамалы. Ал осы шекара шебінде жүріп, халқымыздың мамыражай тірлігін қамтамасыз ету – мен сияқты мыңдаған сарбаздың, офицердің қасиетті борышы.

Мен ҚР ҰҚК ШҚ Түркістан облыстық департаменті, Сарыағаш ауданы бойынша Шекара басқармасының офицерімін. Шенім – майор. Бұл қызметке кездейсоқ келген жоқпын. Бұл – менің саналы таңдауым. Себебі шекара – жай ғана география емес, ол – ел мен елдің арасы, тыныштық пен тұрақтылықтың шебі, тарихтың қалың табы жатқан қасиетті шек.

 шекара

Шекара – бір ғана сызық емес, мыңдаған жауапкершілік

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасы шамамен 15 мың шақырымды құрайды. Оның мыңдаған шақырымы таулы, орманды, шөлейтті, өзен-көлді аумақтарды қиып өтеді. Бұл – біздің жұмысты күрделендіре түседі. Бірақ бізге ешбір ауа райы, ешқандай жер бедері тосқауыл емес. Себебі, ел алдындағы ант, ар алдындағы жауапкершілік бізге бір сәт те босаңсуға мүмкіндік бермейді. Бұл – ел іргесінің тыныштығын қамтамасыз ету үшін атқарылатын ауыр әрі абыройлы еңбек.

Тыныштық күзетінде – технология мен тактика

Дамыған заманда шекарада жай ғана шолушы болу жеткіліксіз екені жасырын емес .Шекарашы сарбаздар – тағылымды технократ, саналы стратег, пайымды психолог және отаншыл офицер бола білуі керек. Әрбір шекарашы – ақпарат жинай алатын, қауіптің алдын көре білетін, төтенше жағдайда шешім қабылдайтын кәсіби маман болуы тиіс. Бұл үшін біз ай сайын оқу-жаттығулардан, тактикалық дайындықтан, атыс және физикалық дайындықтардан өтеміз. Сондай-ақ қызмет барысында жер серіктік бақылау жүйелерін, ұшқышсыз басқарылатын дрондарды, жедел әрекет етуші мобильді топтарды қолданамыз.

Халықпен байланыс – шекара қауіпсіздігінің кепілі

Шекара бойындағы елді мекен тұрғындары – біздің сенімді серіктестеріміз деуге болады. Себебі кейде заңсыз көші-қон, шекараны бұзу, тіпті жайылымға малдың өтіп кетуі секілді жағдайлар туындауы мүмкін. Мұндайда жергілікті халықпен тіл табысу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу – күнделікті тірлігіміздің бір бөлігіне айналған десек те болады.
Біз үшін басты мақсат – қауіптің алдын алу. Кей жағдайларда ауа райы қолайсыз, кейде көрінбейтін қауіп көп болады. Бірақ бізге жүктелген міндет – елдің тыныштығын сақтау, сондықтан ешбір кедергіге қарамай жұмыс істейміз.

Жанұядан жоғары борыш бар

Әрине, шекарашының отбасына да салмақ түседі. Себебі біз көп жағдайда үйде болмаймыз. Баламыздың тұсаукесерінде, жарыс кезінде немесе туған күнінде қасынан табыла алмай қалу – үйреншікті жағдай.
Бірақ мен балаларым мен жұбайыма әрдайым мыңдаған отбасының қауіпсіздігін күзетіп жүргенімізді түсіндіреміз. Біз, шекарашылар қырағы болмасақ, шекарада бір сәтке әлсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл – ел үшін үлкен қауіп емес пе? Осындай сөздер – менің ғана емес, бүкіл әскери қызметкерлердің ішкі айқайы.

Шекараны күзету – мемлекетті сақтау

Тарихта шекара күзетілмеген елдің тағдыры не болғанын білеміз. Қазіргі заман – гибридті қауіптер кезеңі. Сондықтан біз тек шекараны ғана емес, ақпараттық, кибер және экономикалық қауіпсіздік шектерін де сақтауымыз керек. Бұл бағытта шекарашылар – алдыңғы шептегі жауынгерлер.
Біздің басты ұстаным – "Тыныштықтың бағасы – қырағылық". Әрине, біз, шекарашылардың қызметіміз осы сертке адалдықпен өлшенеді.
Елдің іргесі сөгілмесін, шекарамыз берік болсын!

Шадияр Жұмақұлов,
ҚР ҰҚК ШҚ Түркістан облыстық департаменті,
Сарыағаш ауданы бойынша
Шекара басқармасының офицері, майор