Мәдениет • 22 Мамыр, 2025

Ым-ишарамен түсініскен би ұжымы

450 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өнердің шекарасы – өлшеусіз. Осы бір өнегелі сөздің жарқын айғағы - Қазақстанның саңыраулар қоғамының жанынан құрылған «SILENSE» би театры. Құлағы естімей, ыммен ғана сөйлесетін жандардан құралған шығармашылық ұжым үшін бұл «ерекшелік» бимен кәсіби тұрғыда айналысуға кедергі емес, деп жазады Egemen.kz.

Ым-ишарамен түсініскен би ұжымы

«SILENSE» би театрының негізі 2004 жылы қаланған. Ширек ғасырға жуық уақытта құрам жаңарып, түрленіп отырғанмен шығармашылық жол тоқыраған жоқ. Бүгінде бұл ұжымда 6 «ерекше қыз» тер төгеді. Олардың талантын танып, жігерін жани түсу үшін би-театры 2023 жылы жаңа форматта жанданды. Сол тұстан талапты қыздарды «Мәдениет саласының үздігі», хореограф Тұрлыбекова Ботагөз баптауда. Тұрлыбекова Ботагөз - өмірін биге байлап, Шымкенттегі М.Әуезов университетінің «Хореография» мамандығын тәмамдаған. 20 жылдан бері жас буынның өнерін өрлетуге ден қойған. Бүгінде арнайы би студиясын ашып, «ерекше» қыздарды да биге баулып жүр.

вв

«Бұл би театрында тек құлағы нашар еститін жандар билейді. Алғашында, бұл топқа конкурстар үшін ғана би қойып жүрдім. Сол байқаулардан ылғи да жүлделі орындармен оралды. Қыздармен жақын таныса келе ішкі жан-дүниесін түсініп, биге деген құштарлықтарының биік екенін байқадым. Жетекшілік ету міндетін мойныма алып, топ алдына маңызды межелерді бекітіп, етене іске кірісіп кеттік», деген Ботагөз Серікқызының әр ісінен мамандығына деген махаббат сезіледі. Ол ерекше қыздармен түсінісу үшін мақсатты түрде ым-ишара тілін де меңгерген.

«Бұл балаларға ойыңды жеткізу қиындау екені мәлім. Әдетте би үйреткенде образ арқылы, тілмен суреттеп жеткіземіз. Оларға оны айта алмайтын болғандықтан ым-ишара тілін қолдану керек. Балалардың жанын терең түсіну үшін осы тілді арнайы курсқа барып үйреніп, меңгеріп шықтым. Асылында, биді қимыл мен ишара құрайды. Сондықтан аса кедергі жоқ. Кейде менің қателескен тұсымды қыздар толықтырып, тілсіз-ақ түсінісіп келеміз», дейді хореограф маман.

Қыздар Ботагөз Серікқызының көмегімен аптасына үш рет шеберлігін шыңдайды. Талмай еңбек ете жүріп қоржындарын 9 би  қойылыммен толықтырған. Оның төртеуі ым-ишараға негізделген.

Қыздардың өзара ұйымшылдығы мен бір-бірін қолдауы да әрдайым жеңіс тұғырынан табылуға септесіп жүр. Бекем бірлігінің арқасында би ұжымы Орал қаласында өткен «Сізді биге шақырамыз» атты республикалық би байқау-фестивалінде Ұлттық би аталымы бойынша Гран при,  заманауи би аталымы бойынша 3-орынды бағындырған. Сондай-ақ, Астанада ұйымдастырылған «MEGA-STAR» шығармашылық байқауында «Бас жүлдені» жеңіп алып, Германия, Египет сахналарында өнер көрсетуге жолдама алған.  Шектеулі мүмкіндік шекарасын кесіп өткен «SILENSE» би театры сау балалар арасында да топ жарып жүр.

аа

Ботагөз Серікқызының айтуынша, ерекше жандарды биге баулу халықаралық деңгейде «би-қимыл терапиясы» деп аталады. Атауы астарлап тұрғандай мұнда би арқылы жанды емдеу -  негізгі нысана. «SILENSE» би театрының мүшесі  Аружан Асқарова ұстаздары бұл міндетті үнсіз ұғынып жүргенін жеткізді.

«Ұстазымыз өте мейірімді адам. Бізді қиындықта қалдырған емес. Әрдайым шабыттандырып, алға ұмтылдырады. Осындай қарым-қатынасына қарымта ретінде қыздар да қарап қалмай барын салады», деді ол.

Би театрының ұжымы 2024 жылы алғашқы есеп беру кешінде көпшілік тарапынан жоғары қолдау-қошеметке ие болған. Енді шығармашылық топ шыңдала түсіп, көрермен сеніміне селкеу түсірмеуді мақсат етіп отыр.