Мәдениет • 20 Мамыр, 2025

Алматыда ІІІ Халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі ашылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен ІІІ Халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда ІІІ Халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі ашылды

Фестивальдің ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауы оқылды. Фестиваль театр өнерінің дамуына ықпал ететін шараға айналатындығына зор сенім артқан министр студенттер шығармашылығына сәт-сапар тіледі.

Фестивальдің ашылуында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев және Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстаннан келген жоғары оқу орындарының ректорлары шараның студенттер шығармашылығын арттырумен халықаралық мәдени,рухани байланыстардың дамуына зор ықпалы туралы айтып өтті.

Академияның ректоры Арман Жүдебаев Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы осы беделді фестиваль мен қауымдастық отырысын жоғары деңгейде өткізуге барлық шығармашылық қажырын жұмсап отырғанына тоқталды. «Біз бұл іс-шара мәдени-шығармашылық тәжірибе алмасу үшін маңызды алаңға айналатынына, жас таланттар арасындағы достық байланысты нығайтуға мүмкіндік беретініне және түркі әлемінің театр өнерін дамытуға үлес қосатынына сенімдіміз» деді ректор.

Фестиваль аясында ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің шығармашылық жоғары оқу орындары қауымдастығының кезекті отырысы өтеді. Бұл отырыста театрлық білім беруді дамытудың өзекті мәселелері, оқыту әдістемелерімен алмасу және қатысушы жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен келешек жаңаша бағыттар талқыланады.

20-22 мамыр күндері өтетін фестиваль аясында түркі әлемі елдері студенттерінің қойылымдары, шетелдік және отандық театр өнерінің жетекші қайраткерлерінің шеберлік сыныптары өтеді.
Тәжірибе алмасуға және қатысушылардың талантын көрсетуге бағытталған шығармашылық кездесулер фестивальдің маңызын арттыра түспекші.
Түркітілдес елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту мен студенттер театрының шығармашылығын дамыту және кәсіби диалог алаңын құруды мақсат еткен фестиваль өнертану, музыкатану, тағы басқа салаларда тың жобаларға жол ашатыны анық.

Алматы