Білім • Бүгін, 09:50

Оқушының жазғы демалысы қауіпсіз болуға тиіс

40 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының аяқталуы мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Тиісті министрлік басшылары дайындық шаралары туралы есеп берді.

Оқушының жазғы демалысы қауіпсіз болуға тиіс

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Басты міндет – жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Биылғы оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр. Бастауыш сыныпты – 391 мың, негізгі мектепті  364 мың бала тәмамдайды. Мектепті бітірушілер саны – 217 мың. Алтын белгіге үміткер саны 5%-ды құрайды.

«Оқу жылын «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізу­мен аяқтау жоспарланған. Педа­­гогикалық кеңестің шешіміне қарай мектеп түлектеріне  арналған «Мек­тебім, саған мың алғыс!» атты салта­нат­ты іс-шараны 23-24 мамырда өткізу ұсы­нылды. Аттестаттарды табыстау рәсімі 18-20 маусым аралығына белгі­ленді», деген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, колледж­дерде 550 мыңнан астам студент оқыды, 173 мыңы оқуын аяқтайды, оның 123 мыңы жұмысшы біліктілігі бойынша, ал 27 мыңы дуалды оқыту аясында білім алды. 10 мың студент кәсіп­орын­дар­дың мақсатты тапсырысы бойынша бітірді. Жыл сайын колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші өсіп жатыр. Өткен жылы түлектердің 81%-ы жұмыспен қамтылған.

«Биыл мектептерде алғаш рет «кәсіби бағдарлаушы» лауазымы ресми бекітілді. 905 жоғары сынып оқушысы жалпы білім туралы аттес­татпен қатар, жұмысшы біліктілігінің дипломын алады. 2,5 млн оқушы кәсіби бағдарлаушы шараларына тартылды. Студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 2 мың орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға берілді. Бизнес өкілдері 8 мыңнан астам білім бағдарламасын әзірлеуге қатысты», деді Ғ.Бейсембаев.

Балалардың жазғы демалысы 9 мем­лекеттік органның бірлескен жос­пары аясында ұйымдастырылып жатыр. Осы мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақыты мен еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға бірыңғай әдістемелік әзірленді. Өңірлермен бірге барлық демалыс орталығының тізімі жасалып, дайындығы республикалық штаб отырыстарында қаралды.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, қазір жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның 624 500-і бакалавриатта, 39 200-і магистратурада, 7 600-і докторантурада және 8 900-і резидентурада білім алып жүр. Педагогикада – 48 428, бизнес, басқару және құқық – 24 666, инженерлік ғылым – 24 320, ақпараттық-коммуникациялық технология – 13 393, денсаулық сақтау – 10 300 және ауыл шаруашылығы – 1 776 студент. Биылғы түлектер саны – 177 586 адам.

«Студенттерді жұмысқа тарту шең­берінде 30 мыңнан астам студентті қам­титын «Жасыл ел» жобасы мен құры­лыс отрядтары іске асырылады. Сондай-ақ 140 мыңға жуық студент оқу және өндірістік тәжірибеден өтеді. Айта кету керек, кәсіп­тік практикадан өту кезінде білім алу­шы белгілі бір еңбек міндеттерін орын­дайды, олар білім алушының еңбек өтіліне есептеледі», деді вице-министр.

Балалар демалатын орындарда сани­та­рлық норма, тамақ қауіп­сіздігі талабы, сондай-ақ суда, орманды жерлер мен спорт нысандарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға ба­қы­лау күшейтілген. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы шеңберін­де 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Оның қатарында – халықтың әлеуметтік осал тобынан және ауылдық жердегі көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға басымдық беріледі.

«Міндет айқын. Барлық емтиханды, ұлттық бірыңғай тестілеуді, бала­лардың жазғы демалысы мен сауық­тыру шараларын жоғары деңгейде ұйым­дастыру керек. Тестілеу мен емтихан кезінде, «соңғы қоңырау» және мектеп бітіру кешінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Өйткені дәл осы кезеңде түрлі келеңсіз жағдайлардың қау­пі арта түседі», деген Олжас Бектенов ата-аналар мектеп бітіру ке­шін­де, жазғы демалыста балалар­ды қа­­рау­­сыз қалдырмау керек екенін атап өтті. 

Оның айтуынша, ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойын­дағы адамгершілік негіздері,  қоғам­дық ортадағы іс-әрекеті мен отаншылдық қасиеттерінің барлығы, бірінші кезекте отбасында қалыптасады.

«Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмас­тыра алмайды. Еліміздің лайықты аза­мат­тарын тәрбиелеу – мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен еңбегі­нің жемісі. Сондықтан саналы, білімді әрі нағыз отаншыл азаматтарды қалыптастыруда күш-жігерімізді  нығайта түсейік дегім келеді», деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде, мемлекеттік органдар балалардың жазғы демалысы мен са­уықтыру шараларын жақсы өткізу­ге қажетті жағдай жасағаны жөн. Бір­де-бір бала назардан тыс қалмауға тиіс. Көпбалалы, аз қамтылған  және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілгені абзал.

«Әкімдер балалар лагерінің ашылу мен олардың санитарлық-эпи­де­мио­­логиялық, өртке, терроризмге қар­сы қауіпсіздік талаптарына сәй­кес­ті­гін жеке бақылауға алсын. Ден­сау­лық сақтау министрлігі жазғы ка­ни­кул кезінде  балалардың тамақ­тануы­на тұрақты санитарлық-эпиде­мио­­ло­гиялық бақылауды қамтама­сыз етсін. Төтенше жағдайлар министр­лігі әкім­дік­тер­мен бірлесіп су айдын­дары мен бассейн­дерде құтқару жабдық­тарының болуын тексеріп, персоналды суда және өрт кезінде балаларды құт­қару дағды­ларына оқытуы қажет», деді О.Бектенов.

Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін әрбір балалар орталығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторларын бекітуді тапсырды. Балалардың жол-көлік жарақатының профилактикасы мәселесіне ерекше назар аудару керек екенін де назарға алды.

Жалпы, мүдделі мемлекеттік органдар жазғы маусым алдында су ай­дын­дарында, ормандар мен жолдар­дағы қауіпсіздік пен тәртіп ережелері бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтқан Үкімет басшысы, бірқатар маңызды мәселеге назар аударатынын жеткізді.

«Бірінші, өңір әкімдіктері мен Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының сауықтыру лагерьлері мен балалардың инновациялық шы­ғар­машылығы орталықтарын салу туралы тапсырмасын орындау қарқынын жеделдетуге тиіс. Барлық объектілер белгіленген мерзімде тапсырылуы керек. Екінші, Туризм министрлігі балалардың тарихи-мәдени мұра насандарына, танымал туристік аймақтарға баруы үшін әкімдіктер­дің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестірсін. Батыс өңіріндегі балаларға еліміздің шығыс аймақтарын көріп-білу қызықты болмақ. Ал оңтүстік облыстардағы оқушылардың солтүстік аймақтар мен керісінше саяхаттап баруын ұйымдастырған ләзім. Балалар елі­міздің көрікті жерлері мен бай мә­дени мұрасын танып-білгені абзал. Мәдениет министрлігі жазғы дема­лыс кезінде балалардың музей­лерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парк­терге тегін баруын қам­тамасыз етсін. Үшінші, Еңбек министр­лігі мен әкімдіктер жұмыс істеуге ниет білдірген оқушылар мен сту­дент­терді уақытша жұмыс орындарымен  қамтамасыз ету шараларын қабылдасын. Бұл ретте олардың еңбек құқықтары сақталуға тиіс», деді Премьер-министр.