Қоғам • Кеше

«Азамат» пікірсайысында ауыл мен қала арасындағы білім беру теңсіздігі талқыланды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Азамат» интеллектуалды бағдарламасының жаңа шығарылымында еліміздегі өзекті тақырыптардың бірі – ауыл мен қала арасындағы білім беру сапасындағы теңсіздік талқыланды. Пікірсайыс алаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері өз көзқарастарын ұсынып, нақты шешу жолдарын ортаға салды.

«Азамат» пікірсайысында ауыл мен қала арасындағы білім беру теңсіздігі талқыланды

 

Абай университетінің командасы білім сапасындағы теңсіздікті мұғалімдердің кәсіби деңгейі мен мектептердің техникалық жабдықталуындағы алшақтықпен байланыстырды. Олардың айтуынша, қала мектептерінде жоғары санатты ұстаздардың үлесі – 31%, ал ауыл мектептерінде бұл көрсеткіш небары 18%. Команда бұл пікірін PISA халықаралық зерттеуінің деректерімен бекітті. 2018 жылғы мәліметтер бойынша, ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім деңгейінде айқын айырмашылық байқалған. 2022 жылы бұл алшақтық 4,5%-ға қысқарғанымен, команда мұны жеткіліксіз нәтиже деп бағалады.

 Шешім ретінде тірек мектептер жүйесі ұсынылды. Қазақстандағы ең үздік деген 1000 мектеп өз аймағындағы шағын жинақты мектептермен жүйелі байланыс орнатуға тиіс. Бұл мектептер ауыл ұстаздарына тұрақты түрде тәжірибе бөлісіп, онлайн сабақтар өткізіп, апталық кері байланыс орнатуы қажет. Сонымен қатар, ауыл мектептеріне заманауи техникамен жабдықталған арнайы кабинеттер ашу ұсынылды. Бір кабинетке шамамен 8 миллион теңге қажет, ал екі кабинет орнату арқылы мектептің білім беру әлеуетін бірнеше есе арттыруға болады. Қаржыландыру көзі ретінде мемлекетпен қатар, жергілікті кәсіпкерлер мен мектеп түлектері де атсалыса алады.

Тараз өңірлік университетінің командасы ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін жою үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделін (МЖӘ) ұтымды пайдалануды ұсынды. Бұл механизм елімізде 2006 жылдан бері бар, бірақ негізінен ірі қалаларда ғана жүзеге асырылып келеді. Команда білім беру саласындағы МЖӘ жобаларын алдағы бес жыл бойы тек ауылдық елді мекендерде жүзеге асыруға басымдық беру қажет деп санайды. Осылайша, олар арнайы уақытша мораторий енгізу туралы бастама көтерді.

Олардың пайымынша, бұл тәсіл мемлекетке әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда қаржылық жүктемені бірден емес, кезең-кезеңімен өтеуге мүмкіндік береді. Ал кәсіпкерлер үшін бұл – ұзақ мерзімді инвестиция мен салықтық жеңілдіктер ала отырып, білім саласына үлес қосуға мүмкіндік. Ең бастысы – жоба табысты болуы үшін инвестордың өзі де білікті педагогтерді тартуға, инфрақұрылымды дамытуға мүдделі болады. Тараз командасы бұл модель арқылы ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, білім сапасын арттыруға болады деп есептейді.

Бағдарламаның әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында білім саласының беделді мамандары болды. Олардың қатарында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте, кәсіпкер ұстаз, мектеп мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұрмұхаммед Досыбаев және Qazaq Debate қозғалысының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан болды. Қазылар командалардың ұсыныстарын зерттеу тереңдігіне, құрылымына және қоғамға әсер ету әлеуетіне қарай бағалап, жеңіс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің командасына берілді.