Мәдениет • Бүгін, 11:55

Жетісуда қаламгер есімі ұлықталды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу облысында көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың 95 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында ұйымдастырылған мерейтойлық шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, ақын Ұлықбек Есдәулет, ғалымдар мен қаламгерлер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісуда қаламгер есімі ұлықталды

Іс-шара жазушының бюстіне гүл шоқтарын қоюмен басталып, кейін ауылдық мәдениет үйінде «Әлемге әйгілі Әнуар» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты. Мәдениет үйінде жазушының шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, арнайы бейнефильм көрсетілді.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арнаған құттықтау хатын оқыды. Президент өз хатында Әнуар Әлімжановты қазақ руханиятында ерекше орны бар, адамгершілік пен халықтар достығы тақырыптарын терең көтере білген жазушы ретінде бағалап, оның әдеби және қоғамдық қызметіне жоғары баға берді.

Конференцияда жазушының өмірі мен шығармашылығы, ұлт мүддесі жолындағы еңбегі кеңінен сөз болды. Жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Нұрдәулет Ақыш пен әнуартанушы ғалым, профессор Кәкен Хамзин жазушының тарихи тұлғаларды танытудағы, әсіресе әл-Фарабиді халыққа жақындатудағы рөлін атап өтті.

Ақын Ұлықбек Есдәулет Әлімжановтың халықаралық әдеби байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін айтып, оны әлем әдебиетімен байланыстырушы тұлға ретінде сипаттады.

Мерейтой соңында жазушының рухына арнап ас берілді.