Қылмыс • 16 Мамыр, 2025

Түрмеге әкелінген кір жуғыш ұнтақтан 11 телефон табылды

100 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері мен Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №28 мекемесі қызметкерлері күзетілетін аумаққа тыйым салынған заттарды өткізбек болған әрекеттің жолын кесті. Әскери қызметшілердің қырағылығы арқасында 11 телефон мен оған керекті қосымша құралдар, флеш-карталар діттеген жеріне жетпеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түрмеге әкелінген кір жуғыш ұнтақтан 11 телефон табылды

Олар жоспарлы тексеріс кезінде рентген құрылғысының көмегімен кір жуатын ұнтақтың арасында басқа заттар жасырылғанын анықтады. Заңбұзушылықты ең алдымен 5517 әскери бөлімінің бақылаушы маманы сержант Жаннат Халилова байқаған.

Сөйтсе, кір жуғыш ұнтақ салынған қаптаманың ішінде 11 ұялы телефон, 7 жұп сымсыз құлаққап, 30 дана сымды құлаққап, 1 дана смарт-сағат, 1 дана флеш-картаға арналған адаптер, 3 дана флеш-карта, 13 USB шнуры, 4 дана қуаттағыш құрылғы шыққан. Одан бөлек қызыл түсті ерекше иісі бар сұйықтық құйылған бір құты табылды, оның не нәрсе екенін анықтау үшін сараптама тағайындалды.

«Біздің әскери қызметшілер мен түзеу мекемесі мамандарының үйлесімді әрі кәсіби іс-әрекеті арқасында тыйым салынған заттарды мекеме аумағына өткізбей, жолын кестік. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша тексеру жүргізіліп жатыр» деп хабарлады «Ұлттық ұланның» баспасөз қызметі.

Батыс Қазақстан облысы