Оқиға • Бүгін, 16:55

Түркі мемлекеттері сайлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтты

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2025 жылғы 14 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің орталық сайлау органдары арасында өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған маңызды құжат – Консультативтік платформа (ОСО КП) туралы Ережеге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркі мемлекеттері сайлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтты

Фото: election.gov.kz

Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және бақылаушы ел – Мажарстанның орталық сайлау органдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, беделді халықаралық ұйымдар – ТМҰ, A-WEB (Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы), ТүркПА және Түркі академиясы басшылары, сондай-ақ қазақстандық парламент депутаттары, сарапшылар мен өңірлік сайлау комиссияларының төрағалары бас қосқан.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасын құру бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен ТМҰ X мерейтойлық саммитінде ұсынған болатын.

ТМҰ мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасын құру туралы шешім барлық түркі мемлекеттер басшылары тарапынан бірауыздан қолдау тауып,        2024 жылғы 6 қарашада қабылданған ТМҰ XI саммитінің Бішкек декларациясында көрініс тапты.

ОСО КП Ережесіне қол қою рәсімінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқыды.

Президент өз хатында ТМҰ X саммитінде ұсынған консультативтік платформаны құру туралы бастаманы қолдаған бауырлас елдердің әріптестеріне алғыс білдіріп, бұл бастама ұйымның мүше мемлекеттерінің сайлау жүйелерін жетілдіруге ықпал ететіне сенім білдірді.

«Бүкіл Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында консультативтік платформаның ережесіне қол қойылады. Мұның символдық мәні зор. Сондай-ақ мәселенің маңыздылығын ескере отырып, мен «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу туралы бастаманы қолдаймын. Бұл шаралар тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдердің қарым-қатынасын одан әрі тереңдете түсері сөзсіз», деп Мемлекет басшысы өз хатында ден қойып, консультативтік платформаға нәтижелі жұмыс тіледі.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов өз құттықтауларын жолдаған.

Іс-шара барысында ҚР ОСК Төрағасы ашық деректерге сәйкес ТМҰ мүше мемлекеттерде 96,5 миллионнан астам сайлаушы бар екенін, соңғы екі жылда осы елдерде түрлі деңгейдегі 15 сайлау өткенін атап өтті. Сонымен қатар, ол «біз бүгін бүкіл түркі халқының рухани астанасы – Түркістанда жиналып, ТМҰ елдерінің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы Ережеге қол қойып отырмыз. Мұндай диалог алаңын құру сайлау процестерінің сапасы, тиімділігі мен инклюзивтілігін арттыруға ықпал етеді», деді.