Маман • 14 Мамыр, 2025

Қолы шипа дәрігер

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талай жылдан бері бір дәрігер­дің ғана кеңесіне құлақ түріп, айтқанына имандай сенетін пациенттер бар. Сол сенімнің арқасында науқастар ауруын ас­қындырмайды, сәтін салса дертінен құлан таза айыға­ды. Көптің алғысына кене­ліп жүрген дәрігерлердің қата­рында Астана қалалық №8 емхананың урологі Азамат Жұмашев та бар.

Қолы шипа дәрігер

Азамат С.Асфендияров атындағы медицина университетінің түлегі.  Астанаға келген соң бірден №8 қалалық емханаға уролог болып жұмысқа орналасқан. Содан бері ұжымда табан аудармай еңбек етіп келеді. Сырқаттар да дәрігерін жақсы таниды. Қабылдауға 8.00-ден бастап 14.00-ге дейін келеді. Себебі, дәрігер түстен кейін жеке емханада жұмыс істейді. Астана қаласының еңбекқор дәрігерлеріне мұндай жұмыс режімі таңсық емес. Сұраныс болса, бос уақытқа жұмыс табылса, дәрігерлер қарап жатпайды. Жұмыс режімінің тығыздығына қарамастан, Азамат бұрыннан таныс болып қалған ауру-сырқаулармен телефон арқылы да байланысып, кеңесін айтып отырудан жалықпайды.

А.Жұмашев қазір урологиялық мәселелермен келетін пациенттер­дің көбейгенін айтады. Аурулардың көбі гормон жетіспеуінен басталады. Қиыны, кейде талдауларда жағдай қалыпты деп көрсеткенімен, шын мәнінде, ахуал жақсы бола бермеуі де мүмкін. Айталық, сіз спортпен шұғылданып, белсенді өмір сүресіз делік. Одан кейін жұмысқа барып, жұмыстан соң тағы бірер жерге аяңдап, түн жарымға дейін жүрсеңіз сізге гормон жетпейді, шаршайсыз. Мысалы, қуық асты безінің ауруына инфекция жұқтырып, суық тигізгенге қарағанда гормонның жетіспеуінен шалдығатындар көп. Дәрігерлер ауру-сырқаудың барлық түрі өзіміздің өмір сүру қағидамызға, тамақтану тәртібімізге, саламатты өмір салтын ұстануымызға байланысты екенін айтады. Оның ішінде тестостерон төмендеуі бар. Урологиялық аурулар жастарда көбіне осы тестостерон жетіспегеннен пайда болады.

– Саламатты өмір салты, тәртіп, жігер, көңіл күй, сергектік тағысын-тағы тестостеронға әсер ететін нәрсе көп. Бұл – жаһандық мәселе. Емдеуге келгенде дұрыс қадам керек. Қымбат құралдардың мүмкіндігін пайдаланған дұрыс. Әлі де болса саланың ақсап тұрған тұстарын жетілдіру керек. Қан құрамындағы гормондарды дәл анықтау қажет. Урологияда денсаулық жағдайын дәл анықтайтын әдіс-тәсілдерді қолданса, жағдай біршама жақсарады. Біз өз деңгейімізде, мүмкіндігімізге қарай медициналық көмек көрсетеміз. Өзім күнделікті 12-15 адам қабылдап үлгеремін, – дейді А.Жұмашев.

Талай жылдан бері бір емханада науқастарды қабылдап, тиісті емшарасын ұсынып жүрген Азамат Жұмашевті арнайы іздеп келетіндер көп. Былтыр уролог дәрігер «Сала­матты Қазақстан» медициналық пойы­зының құрамында болып, ауыл-аймақтағы ағайынға медициналық көмек көрсетті. Шалғайда тұратын, медициналық тексеруден өтпеген тұрғындардың алғысын алды. Сегіз ай сапарда өңірлердің ахуалын көріп-біліп, зерделеп келіп, жыл басында қалалық емханадағы жұмысына қайта кірісті. Еңбекке адал, сырқаттарға жанашыр А.Жұмашев медициналық по­йызда жүріп жиған тәжірибесі алдағы жұмысына азық болатынына сенімді.