
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy
Бұған қоса, заңсыз су пайдалану деректеріне сәйкес 6,4 миллион теңгенің 35 әкімшілік айыппұлы салынған. Бұл көрсеткіштің ішінде жоспардан тыс жүргізілген тексерулер негізінде 1,4 млн теңгеге 12 айыппұл, ал құқық қорғау және мемлекеттік органдардың жолдаған материалдары бойынша 5 млн теңгеге 23 айыппұл қарастырылған.
Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты бассейндік инспекциялар жыл басынан бері 13 тексеру жүргізіп, 8 заңбұзушылықты тіркеді. Анықталған кемшіліктерді жою үшін 7 ұйғарым берілген. Бұл жұмыстар су пайдаланудағы тәртіпті арттыруға бағытталған бақылау шараларының жалғасып жатқанын аңғартады.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылы су заңнамасының талаптарын сақтамағандардан 556 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 44,5 миллион теңге өндірілген болатын. Сол кезеңде 439 тексеру жүргізіліп, 1855 құқық бұзушылық анықталған.
2023 жылы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыс жүйелене түсті. Су инспекторларының саны 98 адамнан 210-ға дейін көбейтіліп, кадрлық әлеует арттырылды. Сонымен қатар жаңа Су кодексі қабылданып, бассейндік инспекцияларға бақылау жүргізу құзыреті берілді. Енді олар құқық бұзушылық анықталған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік алды.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске енгізілген түзетулер арқылы су саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік те күшейтілген.
Су ресурстары – табиғи әрі стратегиялық маңызы бар қор. Оны ұтымды әрі заңды пайдалану, ең алдымен, экологиялық тұрақтылық пен салалық тәртіптің сақталуына ықпал етеді. Жасалған шаралар осы бағыттағы жұмысты жандандыруға және көлеңкелі тұтыну фактілерін азайтуға негіз болып отыр.