– Салтанат, алдымен өзіңіз туралы айтсаңыз. Қай өңірде дүниеге келдіңіз, қайда білім алдыңыз?
– Мен Жаңаөзен қаласының тумасымын. Бала күнімнен Ақтау қаласында өстім. Сондағы № 8 орта мектебін аяқтап, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің шет тілі мамандығына түстім. Одан кейін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осы мамандық бойынша педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алдым. Қазір АҚШ-та мұғаліммін.
– Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп айтқаны бар. Сіздің сонау алып Америкада мұғалім болып жүргеніңізді естіп, қуандық. Педагог болуға деген қызығушылығыңыз қашан пайда болды?
– Бала күнімнен ағылшын тілін жақсы көрдім. Содан ба, осы тілді жетік білу үшін педагог болу керек деп ойладым. Сол себепті жоғары оқу орнына түсерде шет тілі мамандығын таңдадым. Сонымен қатар саяхатты жақсы көремін. Әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да ағылшын тілін білген адам ешқашан қиналмайтынын түсіндім. Бұған қоса, ағылшын тілін білу – ең үлкен мүмкіндік. Бүгінде ғылым-білімге қатысты барлық ақпарат, алуан түрлі зерттеулер ағылшын тілінде жазылады. Бір жағынан, менің аталған тілді меңгеруге осы да себеп болды.
– Елімізде мұғалім болдыңыз ба, әлде педагогикалық еңбек жолыңыз бірден Америкадан басталды ма?
– Бұған дейін Астанадағы халықаралық «Spectrum» мектебінде Аустралиядан келген шетелдік мұғалімнің көмекшісі болдым.
– Америкаға қалай бардыңыз? Онда мұғалім болуға қандай талап қойылады?
–Америкаға ең алғаш рет 2016 жылы «Work and Travel» бағдарламасы арқылы келдім. Сол кезден бастап 8 жыл бойы грин картаға өтініш беріп жүрдік. 2023 жылы күйеуім грин карта лотереясын ұтып, былтыр қыркүйек айында отбасымызбен көшіп келдік. Мұнда мен жұмысқа келмей қалған мұғалімнің орнына сабақ беремін. Бұл қазір маған өте ыңғайлы қызмет түрі. Себебі қай күні жұмысқа шығатынымды өзім таңдаймын. Біздің өз кәсібіміз бар болғандықтан, осылай істеуге бел будым. Көп жағдайда осы екі сала бойынша үйден жұмыс істеймін, сонымен қатар мектепке де қалаған уақытымда барып сабақ беремін. Талаптар бойынша нақты айта алмаймын, бірақ жоғары оқу орнын бітірген дипломымды, «+ Spectrum» мектебінен алған мінездеме секілді құжаттарымды тапсырдым. Ағылшын тілін жетік білемін. Соған да мән берген болуы керек.
– Қай қалада, қандай мектепте сабақ бересіз? Қай пәннен дәріс оқисыз?
– Нью-Йорк штатына қарасты «Lake Placid» мемлекеттік орта мектебінде жұмыс істеймін. Негізінде мен сол күні қай мұғалімге көмек керек немесе орнына сабақ беру керек болса, сол кісілердің күндік жоспары бойынша дәріс оқимын. Нақты пән белгіленбеген.
– Америкалық оқушылардың қазақ балаларынан айырмашылығы бар ма?
– Әрине, бар. Мұндағы балалар ойын оңай түрде тіпті ересек адамдар секілді жеткізеді. Өздерінің және басқа адамдардың шекарасын біледі, ұнамаса, ұнамайтынын айтады, қызықтырған сұрақтарын қысылмай қояды. Алғашқы кезде біздің халқымыз бен еліміз туралы оқушылар менен көп сұрайтын. Содан қызымыз екеуміз үш-төрт рет Қазақстан туралы, тарихи және қазіргі әйгілі тұлғалар туралы таныстырылым жасадық. Әр жыл сайын біздің мектепте шет мемлекеттен келген оқушылардың өз елін таныстыру іс-шарасы өтеді. Соған біз де қатысып, ұлттық тағамдар дайындап, еліміз бен салт-дәстүріміз туралы айтып бердік.
– Америкалық білім жүйесінің ұнаған және қиын тұсы қандай?
– Ең ұнағаны – еркіндік және баланы оқытуға қажет дүниенің, мүмкіндіктің барлығы жасалған. Сонымен қатар бастауыш мектептерде балаларды көбінесе мейірімділікке, бөгде адамды сыйлауға, әртүрлі жағдайға төтеп беруге, білімге құштарлықты оятуға ынталандырады. Қиын тұстарымен әзірге кездескен жоқпын. Жеке өзіме қиын ештеңе байқалмады.
– Мектептегі бір күніңіз қалай өтеді?
– Таңертең 8-де жұмысыма келемін. 15–30 минут көлемінде күндік жоспармен танысамын. Мұндағы мектептерде жоспар әр минутына дейін анық жазылады, сол бойынша дәріс оқимын. Үзілісте тамақтанып, басқа да шаруаларымды бітіруге тырысамын. Дәріс біткеннен кейін сол күннің есебін жазамын. Қандай тапсырмалар орындалды және сол күні қандай өзгеріс болды, тұрақты мұғалім қандай ақпараттан міндетті түрде хабардар болу керек дегендердің бәрін толық жазып, үстелдің үстіне қалдырып кетемін.
– Оқушыларыңыздың арасында қазақ тілі мен дәстүріне қызығушылық танытқандар болды ма?
– Иә, мектеп мұғалімдері мен оқушыларым қарапайым сөздер туралы сұрап, қазақшаға деген ынтасын білдіреді. «Сәлем», «қалайсың», «қайырлы таң», «сау болыңыз», «рахмет», «қош келдіңіз» деген секілді сөздерді үйреніп те алды. Қазір кейбір мұғалімдер менімен «Қайырлы таң!» деп сәлемдеседі.
– Қазақ қызы ретінде шетелде ұстаздық ету сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
– Біз арқылы ұлтты танып біледі, ол – үлкен жауапкершілік. Әр басқан қадамың, ойың және басқа қасиеттерді таниды.
– Болашақта елімізге оралып, осындағы білім беру саласына үлес қосқыңыз келе ме?
– Иә, ойым бар. Болашақта тиімді түрде ағылшын тілін үйрену, сондай-ақ оқуға, тәжірибе жинауға арналған бағдарлама жасаймыз деген жоспарымыз бар.
– Еліміздегі жас мұғалімдерге немесе шетелде оқып, қызмет еткісі келетін жастарға қандай кеңес бересіз?
– Бастысы, талпыныс және іс-әрекет қажет. Ниет таза болу керек, мүмкіндігінше білімге, жаңа ортаға, жаңа ұсыныстарға ашық болған жөн. Нақты мақсат қойып, соған жеткізетін іс-әрекет жасау қажет деп ойлаймын.
Әңгімелескен –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»