Қоғам • 13 Қараша, 2025

Адал азамат – әділетті қоғамның айнасы

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамда билікке деген сенім, ең алдымен, мемлекеттік қызметші арқылы қалыптасады. Сондықтан көпке үлгі болу – мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысына тән басты сипат.

Адал азамат – әділетті қоғамның айнасы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби міндетімен тығыз байла­ныс­ты. Рухани мәдениеті мен білімі, ал­ған тәрбиесі оның тұлғалық болмы­сын құрап, нәтижесінде іс-әрекетіне ықпал етеді. Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Оның мінсіз беделі мемлекеттік ап­па­рат­­тың беделін арттырады, ал бұл тұтас ел­дің тұрақты дамуына ықпал етеді.

Әдеп пен әділет бірге жүретін егіз ұғым болғандықтан, әдепті де адал қыз­метші – әділетті қоғамның айнасы. Мемлекеттік қызметшінің әрбір ісінде әдептілік, әділдік, адалдық, парасаттылық көрініс тапқан жағдайда ғана халықтың сенімі де артады.

Әдеп дегеніміз – тек мінез-құлық нормалары емес, қызмет мәдениетінің, қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрсет­кіші. Мемлекеттік қызметтегі әдепті әділ шешім қабылдау, ашық болу, парасатты сөйлеу, әрбір ісінде халықтың сенімін сақтау деп түсінеміз. Әдептілік – кәсібиліктің белгісі. Әдеп сақталған жерде өзара сыйластық орнайды, ал сыйластық бар жерде сенім мен нәтижелілік қатар жүретіні сөзсіз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Әділетті Қазақстанның басты құндылығы – адал еңбек пен жауапкершілік». Мемлекеттік қызмет­ші осы қағидатты күнделікті ісімен дә­лелдеуге тиіс. Бұл ретте әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бір-бірін толықтыратын ұғым әрі біртұтас жүйе. Ал оның түпқазығы – адамның ішкі адалдығы, яғни өз ісіне, халқына, мемлекетіне деген шынайы жауапкершілігі және қоғам алдындағы парызды сезіну.

Бүгінгі таңда әдеп мәдениетін қалыптастыру – тәртіп сақтау емес, рухани ортаны және сенімге негізделген жұмыс ахуалын нығайту. Осы тұрғыда Әдеп жөніндегі уәкілдің рөлі де маңызды. Оны кеңесші, үйлестіруші, ұжым мәдениетін сақтаушы тұлға деп санаймыз. Себебі этиканы мәжбүрлеу арқылы үйрету мүмкін емес, ол тұлғалық сана мен орта мәдениетінің үйлесімімен және сенім арқылы қалыптасады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д.Жазықбайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты монографиясында: «Қазіргі біздің қоғам мемлекеттік қызметшілерден елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білім мен тәжірибесін отанымыздың дамуы­на жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық жетілуі – тұтастай қоғам өзгеруінің алғышарты», дейді. Осы тұрғыда, «Әділетті Қазақстан – Адал азаматтан басталады» деген қағида барша мемлекеттік қызметшінің кәсіби және адамгершілік ұстанымының негізгі өлше­мі­не айналуға тиіс.

 

Гүлжахан ҮСЕНОВА,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі уәкілі 

Соңғы жаңалықтар