Аталған ішкі саясат тұжырымдамасы Мемлекет басшысының халыққа Жолдаулары, Ұлттық құрылтай шешімдері, мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдардың ұсыныстары негізінде дайындалды. Осы үдерісте Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген бірқатар аналитикалық жазбалар мен ұсыныстар ескеріліп, қоғам дамуының ғылыми негізделген тетіктері айқындалды. Бұл – академиялық қауымдастықтың ел болашағына стратегиялық тұрғыдан әсер ете бастағанының нақты дәлелі.
Елдің тұрақты дамуы мен рухани өрлеуінің негізі – білім мен ғылым. Академияның басты міндеті – ғылыми нәтижелерді елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына бағыттау, ұлттық саясаттың мазмұнын ғылыми тұрғыдан негіздеу. Осы мақсатта академия сараптамалық және форсайттық (foresight) зерттеулер жүргізіп, отандық ғылымның дамуындағы өзекті мәселелер мен олқылықтарды анықтап, стратегиялық шешімдер қабылдау үдерісіне ғылыми негізделген ұсыныстар береді.
Қазірде 70-тен аса республикалық деңгейде өңірлік форсайт-сессиялар өткізіліп, 220 перспективалы міндеттер анықталып, салалық министрліктермен келісімделген 65 ғылыми-техникалық тапсырма даярланды.
«Korea Institute of Science and Technology Information» (KISTI) институтымен бірлесіп «AI SilkNet» ғылыми-технологиялық форсайт және болжамалы талдау орталығы құрылды. «AI SilkNet» ғылыми деректер мен технологиялар туралы мәліметтерді біріктіріп, олардың арасындағы өзара байланыстарды айқындайды. Жаңа жүйе ғылыми зерттеулердің болашақ бағыттарын болжап, алдағы үрдістердің алғашқы белгілерін де анықтай алады: форсайт-модуль жаһандық үрдістерді талдап, болашақта маңызды бағыттарды айқындауға көмектеседі.
Ғылымды ұлттық дамудың ажырамас бөлігіне айналдыру – бұл тек академиялық міндет емес, елдің интеллектуалдық тәуелсіздігін қалыптастырудың басты шарты. Патриоттық тәрбие және жауапты азамат болу идеологиясы құжаттың басты қағидаттарының бірі ретінде айқындалған. Азаматтық жауапкершілік пен әділдік құндылықтары «Адал азамат» қағидатында көрініс тапқан. Бұл қағидат азаматтарды заңды сыйлайтын, білімді, жауапкершілікті сезінетін, отаншыл, саламатты өмір салтын ұстанатын, еңбегімен қоғамда құрметке бөленетін тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде қоғамда шынайы патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, қоғамның моральдық және этикалық негіздерін нығайту аса маңызды.
Үздік тәжірибені және әлемде қабылданған стандарттарды бейімдеу негізінде академияның Ғылыми этика кодексі әзірленіп, бекітілді. ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясымен бірлесіп ғылыми зерттеулердің биоэтика кодексі әзірленді.
Патриоттық тәрбие жастарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға, өз елінің тарихи және рухани құндылықтарын қадірлеуге, сонымен қатар отан тағдырына жанашырлықпен қарауға баулиды. Бұл бағытта академия жас ұрпақ арасында ғылымды дәріптеу, зерттеушілік мәдениетті қалыптастыру және отанымыздың болашағына жанашыр ұрпақ тәрбиелеу жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы мақсатта 2025 жылдың 16 мамырында оқушылар арасында бірінші жас зерттеушілер форумы өткізіліп, тұңғыш рет «Жас зерттеушілер академиясы» құрылды. Осыған сәйкес Оқу-ағарту министрлігімен екіжақты меморандумға қол қойылып, бірлескен жұмыс бағдарламасы әзірленіп жатыр. Академияның бастамасымен елімізде алғаш рет ғылыми-танымдық «Әл-Жәбрдің атасы» журналы ай сайын жарық көріп, мектеп оқушылары мен оқытушыларына ұсынылып жатыр. Жас буын мен орта буын арасында ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында Ұлттық ғылым академиясының консультативтік органы ретінде Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Кеңеске ғылым саласында өзіндік орны бар республика бойынша еліміздің ең беделді жас, қалыптасқан ғалымдар кірді. Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға «Жас ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі» мәселелері бойынша ұсыныстар дайындап, Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы тарапынан толықтай қолдау тапты.
Бұл бастамалар жас ғалымдардың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында азаматтық жауапкершілік пен елге адал қызмет ету құндылығын орнықтыруға бағытталған. Сондай-ақ қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңесші құрылымдардың қызметін жетілдіру де құжаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылған.
Ұлттық ғылым академиясы Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда өңірлік ғылымды дамыту мақсатында «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын ұсынды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әкімдіктер жанынан Ғылым және технология бойынша кеңестер құрылды. Академия осы кеңестердің жұмысын үйлестіріп, өңірлерді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу бойынша қолдау көрсетіп келеді. Осы бастама аясында әкімдердің қатысуымен республикамыздың 10 өңірінде (Ақмола, Жамбыл, ШҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Абай, Атырау, Алматы облыстары мен Алматы қаласында) академия төралқасының көшпелі отырысы өткізілді. Көшпелі отырыстар нәтижесінде ғылым мен инновация дамуының негізгі бағыттары (аграрлық ғылым, биоалуантүрлілік, көміртекті егіншілік, көлік магистралдары, фармацевтика ғылымы, ядролық энергетика, жаңа энергетикалық технологиялар, ұлттық генетикалық банк) бойынша нақты ұсыныстар көрсетілген сараптамалық жазбалар дайындалып, құзырлы органдарға ұсынылды. Бұл тәжірибе аймақтың даму стратегияларын нақты ғылыми негізге сүйеніп айқындауға мүмкіндік береді.
Тұжырымдамадағы «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты қазіргі қоғамдағы пікір алуандығын бірлікке айналдыратын маңызды идея ретінде қарастырылады. Бұл қағидат мемлекеттік шешімдердің қоғамның пікірін ескере отырып, ел мүддесіне сай қабылданатынын білдіреді. Жаһандық және өңірлік өзгерістердің үдей түскен кезеңінде ұлттық бірегейлікті нығайту, мәдени ықпалдастықты тереңдету міндеттері ерекше өзектілікке ие.
Осы орайда академияда еліміздің беделді ғалымдары мен академиктері кіретін Білім және қоғамдық даму бөлімшесі жұмыс істейді. Бөлімшенің жұмыс тобы аясында Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңеске, Президент жанындағы Ұлттық құрылтайға ұлттық ғылым мен білімді дамытуға қатысты нақты ұсыныстар беріледі. Алдағы Ұлттық құрылтай отырысына ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы ғылымның рөліне қатысты ұсыныс дайындалды.
Академия ұлттық тұтастықты зерттейтін «Ұлттық бірегейлік және қоғамдық даму» ғылыми зерттеу орталығын құруды жоспарлап отыр. Бұл орталық қоғамдағы әлеуметтік-мәдени үдерістерді кешенді зерттеп, гуманитарлық және әлеуметтанулық факторларды терең талдауға арналған мамандандырылған ғылыми алаң болмақ. Ол әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулердің үйлестіру орталығы ретінде ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының өзара байланысын нығайтады және ұлттық құндылықтарды жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.
Құжатта ерекше мән берілген тағы бір бағыт – қоғамда жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын, білімге құштарлық пен ғылымды дәріптеу. Ғылым – қоғамның дамуына, жас ұрпақтың интеллектуалды әлеуетін арттыруға, ұлттық мәдениет пен құндылықтарды сақтау мен насихаттауға бағытталған негізгі фактор. Академия бұл бағытта жастардың ғылыми қызығушылығын арттыруға, зерттеу мәдениетін қалыптастыруға және ғылыми этикаға баулуға байланысты жұмыстар жүргізеді. Академия елімізге және шетелге танымал ғалымдардың қатысуымен «QazScience» ғылыми-академиялық семинарлар сериясы мен талқылауларын ұйымдастырып, отандық ғылыми жетістіктерді кең аудиторияға, әсіресе жастарға насихаттап, жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттырып, оларды ғылымға баулиды. Сонымен қатар академия жүзеге асырып отырған форсайт зерттеулерінің нәтижелері қарапайым тілмен түсіндіріліп, әлеуметтік желілерде, телеарналар мен баспасөз беттерінде жарияланып отыр. Бұл – ғылымның қоғам өмірімен тікелей байланысын күшейтетін маңызды үрдіс. Академия ғылымды қоғамда кеңінен, жаңашыл насихаттау бағытында «Qazaqstan» ұлттық арнасымен бірлесе отырып, ғылымды қарапайым әрі қызықты түрде түсіндіретін тележобаның синопсисін әзірлеп жатыр.
Ұлттық ғылым академиясы еліміздің ішкі саясаттағы жаңа қағидаттарын толық қолдай отырып, ғылым мен қоғамның өзара ықпалдастығын күшейтуге, елдік сана мен ұлттық бірегейлікті тереңдетуге, жауапты азаматтық идеологияны орнықтыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді. Елдің интеллектуалды, мәдени және моральдық дамуы – азаматтардың жауапкершілігімен, олардың жасампаз ой-пайымы және ғылыми жетістіктерімен тікелей байланысты.
Ғылым – ел дамуының ең сенімді тірегі, ұлттың ойлау мәдениетін қалыптастыратын және қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты күш. Сондықтан ғылымды дәріптеу – тек академиялық міндет емес, азаматтық парыз және болашаққа қызмет етудің ең биік үлгісі.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик