Өңірде ветеринарлардың жетіспейтіндігі, жұқпалы мал ауруларының жиі кездесетіні талай жылдан бері айтылып та, жазылып та келеді. Биыл біздің өңірде сібір жарасы қылаң беріп, тұтынушы қауымды бір шошытып қойды. Облыс қазынасынан ветеринарлық шараларды өткізуге 3,8 млрд теңге қарастырылған. Бүгінге дейін бұл қаржының 1,9 млрд теңгесі игерілген. Мамандар 3,8 млн бас ауыл шаруашылығы жануары мен құстарына вакцина еккен. Зертхана сараптамасына жіті назар аударылған. Әйтсе де, мал ауруы тыйылар емес. 247 малдың әртүрлі ауруға шалдыққаны белгілі болып отыр. Жағдай сәл жақсарды дегенмен, Егіндікөл ауданына қарасты Қоржынкөл ауылына жылқы тұмауы, Атбасар ауданындағы Шұңқыркөл мен Ярослав селолық округтерінде сібір жарасы пайда болған. Іле бұл елді мекендерде карантин жарияланды. Жұқпалы аурудың ошағын залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Республикалық қордан сібір жарасына қарсы егілетін 14,5 мың дана вакцина бөлінді. Ветеринарлық бекеттер ұйымдастырылып, мал өнімдері бақылауға алынған. Осы уақыт ішінде 2,5 тонна мал өнімдері жойылған.
Өңірде 228 өлген малды көметін орындар белгілі болса, тек соның 11-і ғана санитарлық талапқа сай. Қалғандарының қатерлі ауруларды таратып жатпасына кім кепіл? Ауруды алдымен қаңғыбас ит пен мысық таратады. Биыл қараусыз ит-мысықты аулап, зарарсыздандыруға және уақытша ұстауға 96,4 млн теңге қаражат қарастырылған. Өңірде 4,6 мың ит ауланған. Міне, осындай қаны шығып тұрған мәселелерді қатаң қадағалап, тиісті шараларды жүзеге асыратын ветеринарлардың жетіспеушілігі демеске лаж жоқ.

– Басты мақсат қаңғыбас ит пен мысықтың санын азайтып, тұрғындар мен мал-жанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шаруа шаш етектен. Қазір облыс білікті мамандарға зәру, – дейді өңірдің бас ветеринары Талғат Жүнісов.
Міне, осындай түйткілдерді шешу үшін ең алдымен білікті кадр қажет. Сонда ғана төрт түлік малымыз түгел аман болмақ. Мал аман болса, Астананың азық-түлік белдеуіндегі өңірдің мал шаруашылығы қарқынды дамитын еді. Дастарқан берекесі де, халық көп тұтынатын өнім бағасының тұрақтануы да осы мәселеге байланысты екені белгілі. Алдымен мал дәрігерлері неліктен жетіспейді деген сауал төңірегінде аз-кем ой толғап көрелік. Бірінші себеп, маманның жалақысының төмендігі. 2024 жылы ветеринарлардың еңбекақысы 30 пайызға көтерілді. Алдағы уақытта өңірде бұл мамандардың еңбекақысын 300–350 мың теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығының ең бір қажетті мамандарының жай-күйін облыстық мәслихаттың депутаттары да жете түсініп, жалақы көтеру мәселесін қолдап отыр. Олар коммуналдық қызмет ақысын бюджет есебінен төлеп, мал мамандарына көрсетілетін қамқорлықты мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне теңестірсек оң болар еді дейді.
Біздің өңірде мал дәрігерлерін дайындайтын жалғыз-ақ оқу орны бар. Ол Қатаркөл селосындағы жоғары ветеринария және биотехнология колледжі. Материалдық-техникалық базасы біршама жақсарып, білікті ұстаздармен толыққан колледж заман сұранысына сай жан-жақты маман даярлауға бейіл. Колледж директоры Айнұр Жансейітованың айтуына қарағанда, сонау 1948 жылдан бері жұмыс істейтін оқу орнында 15 мыңнан астам маман даярланыпты. Бай тәжірибе қалыптасқан. Жаңа заманның сұранысына бейімделген. Қазір осы тараптағы бірнеше мамандық бойынша кадр даярлап отыр.
Әрине, жалаң білім беру ғана емес, нақты тәжірибемен ұштастырылған. Колледж жетекші ауыл шаруашылығы құрылымдарымен, мал фермаларымен, зертханалармен, сондай-ақ ветеринарлық стансалармен тығыз байланыс орнатқан. Мәселен, республикалық ветеринарлық зертхананың Ақмола облыстық филиалымен, «Родина» агрофирмасы» серіктестігімен, «Зенченко и К» комменданттық серіктестігімен, Ақмола облыстық ветеринария басқармасымен, «Макинск құс фабрикасы», «Жақсылық Агро» тәрізді ірі шаруашылықтарда тәжірибе өткізуге келісім жасап, нақты жұмыс істеп отыр. Бүгінде колледжде 200-ден астам білім алушы ауыл шаруашылығы үшін аса қажетті мамандықты игеріп жатыр.

Білім алушылар алғашқы тәжірибені оқу орнының өзінде жинақтайды. Оқу фермасындағы төрт түлікті емдеп, диагностикадан өткізіп, дәрі-дәрмегін беріп, білім нәрін көзбен көріп, қолмен ұстап дегендей білімдерін нығайтады. Шаруашылықтарға тәжірибе жинақтауға барғанда малсақ қауымның тәжірибесін игеруге де ынталы. Оқу фермасының меңгерушісі Вадим Бутаков 40 бас ірі қара мен бір отар қойды аралатып көрсетті. Ветеринария және зоотехния бөлімдерінің студенттері малды азықтандыру, бақылаудан өткізу, мал ауруларының алдын алу тәрізді алғашқы әліппені игеріп, күн сайын болашақ мамандықтары туралы таным көкжиегін кеңейте түседі.
2024 жылы білім алушылар ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу нәтижесінде шағын бөдене фермасын ұйымдастырыпты. Білім алушылар бөденелерді бағып-қағып, қосымша табыс көзіне айналдырып отыр. Шағын ферманы ұйымдастыруға көп қаражат қажет болмаған. Алдымен инкубатор сатып алып, 70 жұмыртқа салған. Бүгінде шағын фермада 200-ден астам бөдене бағылады. Оқушылар фермада кезектесіп жұмыс атқарады, бөдене азығын дайындайды. Бөденелердің денсаулығын тексеру, емдеу, қажетті дәрі-дәрмегін беру арқылы білім мен тәжірибені ұштастырады. Ал бөдене жұмыртқасы болса жергілікті тұрғындар мен курортты аймақтың демалушылар арасында сұранысқа ие.
Колледж басшылығы өз түлектерінің жұмысқа орналасу жайын да қадағалайды. Осы арада бір түсініксізі, жыл сайын жүздеген маман үлкен өмірге жолдама алып, еңбекке араласып жатса да, кадр тапшылығы мәселесі түбегейлі шешімін таба қойған жоқ.
– Ең алдымен түлектердің бұрынғы кездегідей жолдама бойынша бағыттаған жерге барып, кем дегенде үш жыл жұмыс істеуін талап етуіміз керек, – дейді ел ағасы Бақытбек Айдарбеков, – үш жылдың ішінде жас маман барған жерінде бауыр басып үйреніп, тұрақтап қалар еді. Менің білуімше, оқу орнын бітіріп, еңбекке араласқан жастардың зейнетақы жарнасы түсіп тұрса, жұмыс істелінді деп есептеледі. Ал ол өз мамандығымен жұмыс істеп жүр ме, басқа кәсіппен айналысып жүр ме, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Негізінде мемлекетке ренжитін еш қисын жоқ. Мал мамандарын да, механизаторларды тегін жатақханамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген балаларды тамақтандырып, қамқорлығын жасап жатыр, бірақ ауыл білікті маманға сусап отыр. Осыдан шығатын қорытынды қаржының қайтарымы болмауында. Егер қадағаланса, дәл бүгінгідей жағдай қалыптаспас еді.
Колледж түлектерінің 88 пайызы жұмысқа орналасқан деген мәлімет бар. 2024 жылы 45 маман оқу бітірсе, қазір оның 25-і ауылда жұмыс істеп жүр екен. Биыл тағы да 77 маман диплом алуға тиіс.
– Оқу орындарының ірі шаруашылықтармен келісімшарт жасап, түлектерін бағыттауы құптарлық іс. Жалғыз шаруашылық басшылары ғана емес селолық округтің әкімдері де бұл мәселеге назар аудару керек. Төрт түлік мал ұйымдасқан шаруашылықтар ғана емес, мал сүмесімен күн көріп отырған халықтың қолында да бар ғой, – дейді Б.Айдарбеков.
Қадағалау болғанда ғана кадр даярлауға кеткен қаражат елге сеп болмақ. Талапкер бар, оқу орны жұмыс істеп тұр, ендігі шаруа – дипломды маманның өзі таңдаған бағытында жұмыс істеуін тәртіпке келтіру.
Ақмола облысы