Қарағанды жұмыссыздық деңгейі ең төмен өңірлердің бірі – небәрі 4%. Өнеркәсіпті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту – өңір экономикасының басты басымдықтары. Облыс көлемінде индустриялық аймақтар белсенді дамып, шағын өнеркәсіптік алаңдар құрылып жатыр. «Qarmet» компаниясы өндірісті жаңғыртуға 2028 жылға дейін 1,6 трлн теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, басқа да салаларда ілкімді жобалар жүзеге асырылып жатыр.
– Облыс елімізде бірінші болып бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендетті. Соның нәтижесінде салық төлеушілердің саны 30 есеге өсіп, бүгінде 4 мыңнан асты. Биылғы арнайы салық режімімен бюджетке 5,6 млрд теңге түсті. Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін де мәслихаттарға екі пайыздық мөлшерлемені сақтап қалу жөнінде ұсыным береміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақта ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Аграрлық секторға салынған инвестиция көлемі екі есеге өсіп, 44 млрд теңгеге жетті. Биылдың өзінде 18 жоба іске қосылды.
– Бағаның өсуін тежеу мақсатында жергілікті өндірушілермен форвардтық келісімшарттар жасасып, нан пісіру кәсіпорындарын қолдап, әлеуметтік павильондар ашып жатырмыз. Онда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз, тегін берілген сауда орындарында тікелей сата алады. Бұл – қала тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді өнім алу мүмкіндігі, фермерлерге өткізу нарығын кеңейтуге жол ашатын тиімді алаң, – деді өңір басшысы.
Облыста егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл азықтық дақылдардың көлемі 30%-ға артып, майлы дақылдар алқабы екі есеге ұлғайған. Нұра ауданында іске қосылған, 1 100 басқа арналған сүт-тауарлы ферма жылына 9 мың тонна сүт өндіреді. Осакаров ауданында 6 мың басқа арналған ірі ферма салынып жатыр, ол жыл сайын 55 мың тонна өнім өндіруді қамтамасыз етеді. Е.Бөлекпаев «Saumal Biotech» кәсіпорнын мысал ретінде келтіріп, оның бие мен түйе сүтінен жасалатын лиофилденген қоспалар мен мал азығын өндіретінін атап өтті. Былтырдан бастап зауыт өнімін АҚШ-қа экспорттап, Қытаймен де серіктестік орнатты. Жалпы, агроөнеркәсіптік секторда 47 млрд теңгеге 31 жоба жүзеге асырылады, соның нәтижесінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыста елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, өңірді газдандыру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– Биыл 61 ауылдың 4 мыңнан астам тұрғыны таза ауызсуға қол жеткізеді. Жалпы, облыс халқының 98,7%-ы бүгінде ауызсумен қамтылған. Қалаларда бұл көрсеткіш 99,4%-ды, ауылдарда 97,9%-ды құрайды. Жыл соңына дейін ауызсу мәселесін толық шешеміз, – деді өңір басшысы.
Облыста коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға қатысты ауқымды жұмыстар атқарылады. Қазір 148 шақырымнан астам су құбыры, 44 шақырым кәріз желісі салынып, қайта жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар 22 шақырым жылу жүйесі ауыстырылып, үш қазандық жаңартылды.
Өңірді орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету де – басты басымдықтардың бірі. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларында 9,5 мың үйге дейін газ таратушы желілер тартылды. Бүгінде 5 771 үй газға қосылды. Жыл соңына дейін қосымша 3 мың үй газбен қамтылады.
Туризм саласы да түлеп келеді. Биыл алты айда аймаққа 200 мыңнан астам турист келді. Осы салаға тартылған инвестициялар көлемі 19 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 23 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Облыс әкімнің айтуынша, туризм – облыстың қызмет көрсету саласындағы негізгі қозғаушы күштердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға айтарлықтай серпін берген.
– Биыл туризм саласына салынған инвестиция көлемі 19 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,9%-ға артты. Қонақүй, демалыс орындарының саны 13,1%-ға көбейіп, 277 нысанға жетті. Туристер легі де 29,2%-ға өсті, жарты жылда облысқа 200 мыңнан астам адам келді, – деп атап өтті Е.Бөлекпаев.
Облыста заманауи спорт кластерінің құрылысы басталды. Аумағы 72 га болатын аймақта бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер, кәсіби спортты дамытуға арналған нысандар салынады. Кешеннің орталық нысаны UEFA-ның 4-санатына сай келетін стадион болады.
– Спорт кластерін құру жобасын іске асырудың алғашқы қадамы – Футбол академиясының құрылысы. Жобаның серіктесі – «Freedom Holding Corp» компаниясының басшысы Тимур Турлов. Бұл мақсатқа 12 млрд теңге бөлінді, – деді облыс әкімі.
Қосымша білім берудің бірыңғай мемлекеттік тапсырысын орналастыру жөніндегі қанатқақты жоба жүзеге асырылып жатыр. Ваучерлік қаржыландыру бағдарламасы аясында 14 мыңға жуық бала спортпен, шығармашылықпен айналысу мүмкіндігіне ие болды. Биыл мемлекеттік тапсырыс есебінен бес жаңа жекеменшік балабақша ашылып, 525 орын құрылды, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған балабақшаларда қосымша 522 орын пайдалануға берілді.
– Жыл соңына дейін үш мектепке дейінгі ұйым ашып, қолданыстағы балабақшаларды қосымша 951 орынға кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Алты мектептің құрылысы аяқталды, олардың бесеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынды. Тағы бес мектеп қала, аудан деңгейінде бой көтеріп жатыр, – деп атап өтті өңір басшысы.
Биыл білім беру саласындағы 265 нысан жөндеуден өтті, оның ішінде 33 нысанға – мектептерге, балабақшаға, колледжге, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығына күрделі жөндеу жүргізілді. Ауылдық жерлердегі 35 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Мектептердің материалдық-техникалық базасын күшейту мақсатында 78 заманауи оқу кабинеті сатып алынды.
Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту да жалғасады. Ауылдық елді мекендерде 92 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, олардың 51-і арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынған. Өңірде медициналық қызметтің сапасын арттыру мен шұғыл көмек көрсетудің тиімділігін жоғарылатуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар облыс орталығында ғана емес, басқа қалалар мен аудандарда да қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл Үкімет Қарағанды қаласындағы №3 көпбейінді аурухана – онкоорталықтың операциялық және реанимациялық блогінің құрылысын аяқтап, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге арнайы мемлекеттік қордан 6,2 млрд теңге бөлді. Облыста жедел жәрдем қызметінің автопаркі толық жаңартылып, 113 жаңа көлік сатып алынды. Сонымен қатар тұрғын үй мәселесі де шешіліп келеді. 2023 жылдан бері медициналық қызметкерлерге 250 пәтер берілді.
Жасанды интеллект технологиялары жолдардағы ақауларды анықтауға, көлік кептелісін азайтуға, қызмет көрсету саласында тиімділікті арттыруға көмектеседі. Аймақ басшысының айтуынша, өңірде IT-компаниялардан түсетін салық көлемі жыл сайын 35%-ға өсіп келеді.
Қарағанды бүгінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетекші өңірлердің бірі. Аймақ басшысы Е.Бөлекпаев атап өткендей, басты мақсат – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру, сапалы қызмет пен қолайлы орта қалыптастыру. Жүйелі жұмыс пен жоспарлы даму нәтижесінде өндірісті өлке алдағы уақытта да ел экономикасының сенімді тірегі болып қала береді.