
Сурет: primeminister.kz
Қазір химия саласы өңдеу өнеркәсібінің 4,6%-ын құрап, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен металлургия сияқты салалардың дамуына оң әсерін тигізіп отыр. Жыл қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 7,7%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгеден асты. Кейінгі бес жылда салада 5% тұрақты өсу байқалады. Бұл – отандық өндірушінің белсенді қызметі мен мемлекеттік қолдаудың жемісі.
«Саладағы ірі кәсіпорындар әуелі ішкі сұранысты қамтамасыз етіп, қосымша экспортты дамытып жатыр. Биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша өнім көлемі 12,5%-ға өсіп, 406 млрд теңгені құрады. Осы жылы өндіріс көлемін 5%-ға арттыру көзделген. Жоспардағы өсімге биыл іске асатын жобаларды, полипропилен өндірісін 32%, натрий цианидін 15%, тыңайтқыш пен фосфорды 13%-ға арттыру арқылы қол жеткізу көзделген», деді Өндіріс және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, бүгінде химия саласында 49 жоба іске асырылып жатыр. Негізгілері мұнай мен металлургия саласына қажет химия өнімін шығаруға бағытталған. Мысалы, елде өндірілетін каустикалық сода не ішкі нарықта пайдаланылады. Бұйыртса, салаға 2035 жылға дейін 4,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған.
«Энергетика министрлігі былтыр Мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған жол картасын әзірледі. Құжат 6 негізгі бағытты және саланы кешенді ынталандыруға бағытталған 34 іс-шараны қамтиды. Оның қатарында жалпы құны шамамен 15 млрд долларды құрайтын 6 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оларды іске асыру шамамен 3,5 мың тұрақты жұмыс орны мен құрылыс кезеңінде 16 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», деді ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов.
2022 жылғы қарашада жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін KPI зауыты іске қосылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша зауыт шамамен 250 мың тонна өнім өндірді. Бүгінде зауыт қапшық, тұтынушылық орама, кілем бұйымы, бір рет қолданылатын ыдыс және басқа да өнімдерді өндіруге арналған полипропиленнің 12 маркасын шығарады.
Жыл соңына дейін жаңа 2 полипропилен маркасын шығару жоспарланған. Сондай-ақ жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысын жүзеге асыру жұмысы жалғасуда. Қазір болашақ зауыт алаңын дайындаудың бастапқы құрылыс жұмыстары 49,2%-ға аяқталды, ал пиролиз қондырғыларын орнату үшін котловандар қазу жұмысы басталды. Зауыт 2029 жылы іске қосылады. Жоба аясында 20-дан астам сұранысқа ие полиэтилен маркаларын шығару жоспарланып отыр. Оның 40%-ы премиум класына жатады.
Президент тапсырмасымен іске асып жатқан ҚазМұнайГаздың ірі жобасы – полиэтилен өндіретін зауыт. Осы жылы толық масштабты құрылыс жұмысы басталды. Жобамен бірге екі инфрақұрылымдық жоба – газ сепарациялау кешені мен магистральдық құбырларды салу іске асады. 3 жобаның жалпы құны шамамен 11 млрд АҚШ долларын құрайды, бұл ҚМГ мен серіктестердің тікелей инвестициясы.
«Бүгінде барлық инвестициялық шешімдер қабылданды. Осы орайда Үкімет қолдауының арқасында құрылыс нормаларының кейбір артық талаптары алынып тасталды. Нәтижесінде, ҚМГ және «Полиэтилен» жобасының инвесторлары қажетті инвестициялық шешімдерді дер кезінде қабылдады. Сонымен қатар газ сепарациялау кешені жобасын қаржыландыру – ашық мәселе. Қазақстан даму банкімен қолайлы шарттарды қарастырып жатырмыз», деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов.
Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін химия, мұнай химиясы саласын дамытудың стратегиялық маңызын атап көрсетті. Химия өнеркәсібі ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, металлургия мен құрылыс сияқты басқа да саланың дамуын қамтамасыз етеді.
«Өткен жыл қорытындысы бойынша химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 7,7%-ға ұлғайса, мұнай-газ химиясында өсім 50%-дан жоғары болды. Химия өнімдерінің экспорты 2 млрд доллардан асты, бұл 2023 жылғы деңгейден 13%-ға артық. Биылғы I тоқсанда да оң динамика сақталды. Химия саласы 12,5%-ға өсті», деді Үкімет басшысы.
Химия мен мұнай-газ химиясы секторында 12 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар минералды тыңайтқыш, бейорганикалық және органикалық химиялық затпен қатар ауқымды өнім спектрін шығарады. Атырау облысында жұмыс істеп тұрған полипропилен зауыты – Орталық Азия өңіріндегі осы бағыттағы ең ірі кәсіпорын.
«Былтыр жобаның II кезеңі – полиэтилен өндірісінің құрылысы басталды. Бұл – отандық өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жоба. Ол импорттық өнімдерді толық алмастырып, қосылған құны жоғары экспорттың өсуін қамтамасыз етуі керек. Зауыттың ел экономикасына тигізетін мультипликативтік әсері зор болуға тиіс. Сонымен қатар Жамбыл облысында натрий цианиді мен аммоний сульфаты өндірісін кеңейту көзделіп отыр», деді О.Бектенов.
Премьер-министр бутадиен, карбамид, полиэтилентерефталат өндірісі бойынша перспективалы жобаларды іске асырып жатқанына тоқталып, олардың бәрі қосылған құн тізбегін құруға үлкен үлес қосатынын айтты. Дегенмен шикізатты терең өңдеу бағытында саланың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын назарға алды.
«Күрделі өнім шығару көлемі әлі де төмен. Шикізат ресурсы мен мұнай бағасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда өңдеу көлемін ұлғайтып, дайын өніммен сыртқы нарықтарға шығу керек. Бұл экономика қуатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», деген Үкімет басшысы тиісті ведомстволарға бірқатар міндет жүктеді.