Өшпес даңқ • 06 Мамыр, 2025

Әскери саяси жетекші

40 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс уағында қазақ баласы қасіретті сынақтан өтіп, әлемге батырлығын әйгіледі. Сол маңдайы жарқыраған мыңдаған жауынгердің арасында әкеміз Қонақбай Назаровтың болғанын бүгінгі ұрпағы мақтан етеді.

Әскери саяси жетекші

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ақын Қасым Аманжоловтың «Қай жерде үзілесің, қайран сапар?» деген жыр жолдары есіңізде ме? Сол айтпақшы әкеміз Қонақбай Назаровтың жүріп өткен жолы, көрсеткен ерліктері мен соғыстан кейінгі жылдардағы тағылымды өмірі бәрімізге тәлім берерлік. Ол кісі 1913 жылы 25 желтоқсанда Ақтөбенің Шалқар өңіріндегі №1 ауылда дүниеге келіп, 1930 жылы Шалқар қаласында мектептің 7-сыныбын бітіріп, 1932 жылы ауыл мұғалімдерін даярлайтын курсқа түседі. Сөйтіп, әуелгі еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, 1936 жылы кеңес әскері қатарына шақырылып, 1939 жылы қарашада Түркістан әскери округі шекара әскерлері саяси бөлімі партия комиссиясының шешімімен партия мүшелігіне қабылданады. Бұдан әрі Ашхабад, Ташкент қалаларындағы әскери-саяси училище жанындағы саяси жетекшілердің үш айлық курсында оқиды.

Фашистік Германия КСРО-ға басып кіргенде әкеміз оқуда еді. «Жауға қарсы тұру деген ұғым ата-бабаларымыздың қанында бар. Расын айтайық, біз өзімізді соғыс шебіне тезірек жіберсе екен деп армандадық», деуші еді ол кісі.

Әкеміз ұрыс шебіне 1941 жылы ­20 қа­занда кірді. Солтүстік-Батыс майданына 391-атқыштар дивизиясына қарасты 1278-атқыштар полкі атқыштар батальонының комиссары лауазымында болды. Бұл полк Алматы қаласына таяу Талғар стансасында жасақталыпты. Бір қызығы, осы Талғарда әкеміз болашақ даңқты батыр Бауыржан Момышұлымен танысады. Әкемізден қалған жазбаларда полк командирі капитан Иван Гордиевский туралы естеліктер бар. Полк комиссары, аға саяси жетекші Никита Грузинцов туралы да жылы лебіз айтады. Мәселен, әкеміз бір жазбасында «Соғыста әскери бауырластық деген ұғым болды. Жауға деген өшпенділік, солдаттардың рухын көтеру туралы ­ақ-адал бастамаларымыз, шешімдері­міз бізді бауырдай етіп жіберді», деп ­жазыпты.

Аталған полк Калинин майданында Холмс қаласының іргесінде жаумен бетпе-бет ұшырасады. Басынан бақайшағына дейін қаруланған, кеңес жерін, елін аяққа таптап, бағындырамыз деп келген фашист басқыншылары­мен шайқас асқан төзімділікті, ерлікті қажет етті. Қала көшелерінің бірін­дегі дүлей соғыста Митрущенконың 4-атқыштар ротасы тұтас бір кварталды азат етті. Бөлімше командирі Михаил Горниковтың «Отан үшін, Сталин үшін!» деген екпінді да­уысы қаруластардың жігерін жани түсті. Сөйтіп, полк Скаруева, Гущино аудандарында қорғаныс шебін бекітті.

Холмс қаласын жаудан азат ету шай­қасында ерен ерлік көрсеткен әкеміз Қонақбай Назаров туралы армияның командирі генерал-лейтенант Пуркаев бекіткен Әскери тұжырымдамада былай деп жазылыпты: «Назаров Кунакбай комиссар 2-го батальона на протяжений всего боя с 13 февраля 1942 года по сей день являясь военным комиссаром, ­увлекая своим примером храбростью и отвагой бойцов, командиров в борьбе за овладения г. Холм. Товарищ Кунакбай Назаров является верным и преданным сыном партии Ленина-Сталина. Командование полка предоставляет ­к высшей правительственной награде».

Екпінді армияның Әскери кеңесінің 1942 жылы 12 сәуірдегі №185 бұйрығымен КСРО Жоғарғы кеңесінің төралқасы ерлігімен көзге түскен жауынгерлер мен офицерлерді медальдармен марапаттайды. Солардың қатарында саяси жетекші Қонақбай Назаров «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. Сол жылы мамырда Холм қаласының іргесіндегі Извоз және Березовец, шілде-қыркүйек айларында Рамешками деревняларын жаудан босатуда көрсеткен ерлігі және батальон командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін жауапты атқарғаны үшін кезекті мара­патқа ұсынылады. Солтүстік-Батыс майданының қолбасшысы, генерал-полковник Сурочкин офицерлер курстастары бірлескен командова­ниесі ұсынған Қызыл жұлдыз орденіне қанағаттанбай, марапаттау қағазы шекесіне өз қолымен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне» деп бұрыштама жазады. 1943 жылы 21 қыркүйекте Солтүстік-Батыс жауын­герлері мен офицерлерін марапаттау туралы бұйрық шығарылып, әкеміздің омырауына ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені тағылады.

Әкеміз осылай соғыста Берлинге дейін жаумен арпалысты. Қызыл Армия бас саяси басқармасы басшысының 1945 жылы 9 тамыздағы №02387 бұйрығы негізінде офицерлердің үлкен тобы әскери қызметінен босатылып, елге қайтарылады. Мұның ішінде «гвардия капитаны Қонақбай Назаров ден­саулық жағдайына байланысты офи­церлер құрамы резервінің 58-жеке полкінде батальон командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары қызметін тапсырғаны» көрсетіліпті. Сырқаттану туралы №271 куәлігінде «сол жақ тізесі жарақат салдарының сыр беріп, еркін жүріп тұруының шектелуі байқалғаны» жазылыпты. Аттестаттау қағазында офицердің жағымды сипаттары айтылып, қызметін жауапты атқарғаны мәлімделіпті.

Фашизмге қарсы соғысқа бастан-аяқ қатысып, үш рет жарақат алған гвардия капитаны Қонақбай Назаров ІІ топтағы мүгедек дәрежесінде елге келген соң, жалғыз күн тыныстап, еңбекке кірісіп кетеді. Әке-шешеден жас­тай қалып, зұлмат кезеңдерді бастан өткізген, майдан даласында от кешіп, мұз жастанған әкеміздің бұлай етпеске хақы жоқ еді. Қара жа­мылған қаншама шаңырақтың түтінін түзу шығуына күш салды. Сондықтан әкеміздің өмірі, ой-толғамы, атқарған қызметі, майдан даласындағы ерліктері, кейінгі тыңды игеруге сіңірген маңдай тері бір кітапқа жүк деп санаймыз.

Жалпы, әскери саяси жетекші ұғымы бүгінгі күнде де маңызды. Екінші дүниежүзілік соғыс қандай зұлматты болса, бүгін тәуелсіздікті көздің қара­шығындай сақтау мен қорғау – сондай қажетті іс. Бұған дәстүрді, тарихты жан-жақты білетін мамандар қажет.

Майдангер Қонақбай Назаров халықтың ұлы болатын. Ақтөбе өңірі Ойыл, Қарабұтақ, Н.Байғанин, Ырғыз ауданының бұрынғы-кейінгі ақса­қалдары, зиялылары әкемізді жақсы біледі. Ол кеңес тұсында осы аудандарда бірінші хатшы, түрлі деңгейдегі жа­уапты қызмет атқарды. Әйгілі Шығанақ Берсиев пен Нұрпейіс Байғаниннің тәлімін көргендермен істес, сыйлас болды. Ешқашан шолақбелсенділікке, әсіре коммунистікке бармады. Қайраткер Дінмұхамед Қонаевпен лайықты қарым-қатынаста болып, ізгі қайраткер, басшы деңгейінде өмір сүрді. Халықтан көп бата алды. Анамыз Шолпан Алмағамбетқызы екеуі жеті перзентіне (3 ұл, 4 қыз) лайықты тәлім-тәрбие, заманға сай жоғары білім беріп, зиялылық өнегесін көрсетті.

Бірақ майдан жарақаты, күн-түн бел шешпей атқарған жұмыс әкеміздің денсаулығына қатты әсер етіп, зейнетке шыққан соң көп ұзамай 64 жасында бақиға озды. Әлем ойшылдары «Бейбітшілік – өркениеттің даналығы, ал соғыс – ауыр қылмысы» деген. Біз майдангер әкелерімізді еске ала отырып, осыны есте ұстағанымыз жөн секілді.

 

Болат ҚОНАҚБАЙҰЛЫ,

майдангер перзенті