
Содан бастап қазақтың маңдайалды университетінде білім алып жатқан болашақ филологтерден бұрын жаңа романды оқып үлгерген худграф студентіне деген құрметіміз арта түсті. Ол филфакқа келгенде филологтермен әдебиет туралы әңгімелерге еркін араласып кететін. Біз оқу бітіргенге дейінгі 2-3 жыл ішінде анда-санда жүздесіп тұрдық. Сол кездің өзінде-ақ ол ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен, алған бетінен таймайтын мақсаткерлігімен ерекшеленіп тұратын. Айналасындағы білетіндердің қай-қайсысы да Жеңістің өз саласында үлкен жетістікке жететініне күмәнданбайтын. Сенім алдаған жоқ. Бүгін ол елге белгілі суретші, бейнелеу өнерінде өзіндік жолы бар қалың қазаққа танымал қылқалам шебері.
Жеңіс қара қарындашпен салған Мұқағали суреті ҚазМУ-да төсегімнің тұсында 5 жыл ілулі тұрды, қазір де бар. Ол 1989 жылы оқу бітіріп кеткеннен кейін біраз жыл байланысымыз үзіліп қалды. Араға 10-15 жылға жуық уақыт салып барып Астанада қайта табысып, студент кезден басталған сыйластығымыз жалғасып келеді. Еңбек жолымызды жаңа бастаған 90-жылдардың басындағы дағдарыс, ұзаққа созылған өтпелі кезең, өліара шақ біздің буынға оңай соқпады. Талай талапты да, талантты жастар таңдаған кәсібінен қол үзіп қалды. Нарық заманына бейімделіп, тәуір табыс тауып, тіршілігін түзеймін деп басқа салаларға ауысып кеткендер аз болмады. Бірақ сол қиындықтарға мойымай, тынбай еңбектене жүріп өз кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген табанды, өз саласында үлкен жетістікке жеткен мықты мамандар да бар. Солардың бірі – біз білетін суретші Жеңіс Кәкенұлы. Суретшілер қауымы, жұртшылық оны кескіндемеші, графика, компьютерлік графика, карикатура сияқты жанрлар бойынша көптеген туындылар туғызған өнер иесі ретінде жақсы біледі. Жеңіс Кәкенұлы – ел ішінде және одан тыс жерлерде сан рет жеке көрмелерін өткізген, еңбектерін мұхит асып, сонау Нью-Йоркке дейін барып таныстырып қайтқан танымал суретші. Біз қылқалам шеберінің бірнеше көрмесіне барып, оның қазақы танымнан туған, ұлттық нақышы айқын, ғасырлар қойнауынан сыр тартқан «Сәйгүлік семантикасы», «Таңбалы тас», «Көз көргендер», «Құлынды даласы» топтамаларына енген сырлы суреттерін сүйсіне тамашаладық. Оның ұлт болмысын терең түсініп, жұртының жанын ұға алатын, халқының мәдениетінен нәр алған, тілінің уызына жарыған қылқалам иесі екенін туындыларының тақырыбынан да, әр суретінің ашық та, астарлы мағынасынан да көруге болады.
Оны қазақы тәрбие көрген, қазақы ортада өскен, қазақ рухы қанымен тарай отырып, басынан бақайшағына дейін сіңген өнер иесі десек артық емес. Сөзінен де, өзінен де, қылқаламынан туындаған дүниелерінен де қазақ исі аңқып тұрады. Жеңістің ділі де, тілі де, көмейінен шыққан үні де қазақы.
2013 жылы суретшінің қазақтың бейнелеу өнері, қазақ суретшілерінің болмысы туралы «Ақ зер» атты кітабы жарық көрді. Араға тура он жыл салып, 2023 жылы «Фолиант» баспасынан «Ақ зердің» екінші кітабы жарық көрді. Бұл «Ақ зер» сурет өнерінің сырын сөзбен суреттеп берген туынды болса, оның авторы суретті сөйлеткен, суретке тіл бітірген суретші-қаламгер.
«Ақ зердің» бірінші кітабында автор әйгілі авангардист Казимир Малевичтің «Қара шаршы» (чёрный квадрат) картинасы туралы айта келіп: «Қазақша айтсақ, қара шал (ақылдың кені, даналықтың қайнар көзі), қара сөз, қара жер, қара шаңырақ» – деп жазады. Поляк текті орыс суретшісінің картинасын қазақша баяндап, түсіндіруде қара шал, қара сөз, қара жер, қара шаңырақ тіркестерін тек осы қазақ ұғымдардың этномәдени мағынасын жақсы білетін, халқының жан дүниесін сезінетін адам ғана таңдары сөзсіз.
Аса көрнекті суретші Жұмақын Қайранбаевтың «Жолаушы» картинасы туралы Ж.Кәкенұлы былай деп жазады: «Жұмекеңнің «Жолаушысында» картинаны ұлы қылып ұстап тұрған, көзге көрінбейтін бір деталь бар. Ол – Қарагер аттың жетексіз еріп келе жатқандығы! (Әгәрәкім, аттың шылбырын қарияның қолына ұстата салғанда – мына картина бар қуатынан айырылып, заматта аласарып қалар ма еді?). Міне – шеберлік!».
Автордың өзі айтып отырған детальді көру үшін кәсіби суретші көзінен бөлек, Қамбар атаның қасиетін білетін, жылқыны төрт түліктің төресі деп төбесіне көтеретін халықтың жанын ұғып, төл мәдениетінің тереңіне бойлай алатын өре де болу керек. Суретші Жеңістен осының екеуін де табасыз. Ол қазақ пен жылқының сан ғасырдан бері сабақтасып келе жатқан тарихи-этнографиялық байланысын, Алпамыс пен Байшұбардың, Ақан мен Құлагердің, адам мен жануардың арасындағы өте нәзік, берік те адал қатынасты жан жүрегімен сезіне білетін, бабаларының Қамбар атаға, жылқыға деген зор құрметін бойына атаның қаны, ананың сүтімен сіңіріп, жадына тоқыған қазақ перзенті.
2023 жылы жарық көрген «Ақ зердің» екінші кітабында автор Орал Таңсықбаев, Әубәкір Ысмайылов, Ғалым Қаржас, Ғани Баянов, Райгүл Ахметжанова, Алпысбай Қазғұлов, Батухан Бәймен, Мұрат Сыдықов, Еркін Нұразхан, Ералы Оспанұлы, Берік Әлібай, Сержан Баширов, Зейнелхан Мұхамеджан, Вячеслав Люй-Ко, Сембіғали Смағұлов, Құттыбек Жақып, Федор Васильев, Михаил Врубель сияқты суретшілер шығармашылығы туралы сөз етеді.
«Ақ зердің» екінші кітабында да автор шығармашылығына талдау жасап отырған суретшілердің өзіндік қолтаңбасын, суреткерлік ерекшелігін айқындауда олардың ұлт болмысынан нәр алғандығына айрықша назар аударып отырады. Мәселен, Ғалым Қаржастың картиналары туралы сөз қозғағанда: «Қазақтың болмысы қоңыр дейтін әлеммен біте қайнасып кетіп еді, сендер соны қастер тұтпай барасыңдар дей ме? «Қоңыр» мен «Барып қайт та» адам бейнесіне тиісті қабақ, қас-көз деп ұсақтала қуалап кетпей, бір бүтін, тұтас көңіл ауанымен шешеді» – деп қоңыр түстің қазақ танымындағы орнына тоқталса, енді бірде суретші картиналарының атауы туралы былай деп жазады: «Ғалым – суретші картиналарына таза қазақы мәнерде азан шақырып, ат қоятын кісі. Мәселен, «Аңшылық» демейді, «Қансонар» дейді. «Күтудің» орнына – «Күдер», «Кештің» орнына – «Іңір» сөзін қолданады. «Шырақ», «Мұра», «Сәт», «Мінәжат», «Шому», Дамыл» деп келетін картиналарды өз мән-мағынасымен қоса атауымен-ақ қазақ көңілінің биігіне көтеріле береді».
Қазақ сөзінің қадірін ұғатын, ұлт танымының табиғатын түсінетін қос суретші бір-бірінің жанын ұғып, ойын оқып, шығармашылығының ұлттық сипатын көре білуі табиғи нәрсе. Ғалым Қаржас та, Жеңіс Кәкенұлы да төл мәдениетінің тереңіне тамыр жайған өнер иелері болғандықтан бір-бірін қапысыз ұғып тұр.
Жеңіс Кәкенұлының тілі, баяндау стилі де ерекше. Жазғандарын түрлі мамандық иелері еркін оқып, қиындықсыз түсіне алады. Тілі жеңіл, жазуы жатық, баяны тартымды. Жанры жағынан публицистикалық шығарма болғанымен ғылыми-көпшілік және көркем әдебиет стиліне тән баяндаулары да ұшырасып отырады. Мысалы, Орал Таңсықбаевтың «Менің әнім» картинасы туралы: «Ойпаңнан иректеліп суыртпақ жол қашады, шиыршықталып жерге тасталған күміс белбеудей жылт-жылт етіп бұлақ-су ағады» – десе, В.Люй-Коның «Үйге апаратын жол» картинасы туралы былай баяндайды: «Жан-жағын қараағаштар көмкерген, бір қар жауып үлгерген қараша, қатқақ қара жол да етене-тұғын. Кенеттен, ойда жоқта, Бермурд үштағанынша мачтасы аспан тіреп, бәлен ғасыр бұрын жоғалып кетіп, ғайыптан көрінген жұмбақ кемедей, жол үстінен кесе-көлденең өтіп бара жатқан әйелдер алдына бесік өңгеріп, жігіттер томағалы бүркіт ұстап, тізгін қағып, аттарына алшия қонған жақсы мен жайсаң, соңына тазы ерткен, өгіздеріне үстіне киіз үй тіккен доңғалақты арба жегіп, баяу басып өтіп бара жатқан кісілер де менің кешегі өтіп кеткен ата-бабама, ұлы көшке ұқсаған. Құлағыма олардың самбырлап сөйлеп, саңқылдап күлгені келгендей ме? Автокөліктің алдын орап (мен жаққа көздерінің қиығын да салмастан) кетіп бара жатқан, өз бояуы, өз үні өзіне жарасқан салқар көштің таяқтастам жерден өтіп бара жатқанына, оның тікелей мұрагері мен екеніме қарамастан, әлгі көш менен, кенет, тым алыс, маған тым жырақ көрінген. Мен қадіріне жетпеген биік рух, кемел тіл, нағыз әуен осы көшпен ауа кеткендей ме?», – деп бір толғайды. Автордың салқар көшті сипаттауы эсседен гөрі жазушы шығармасынан алынған көркем мәтіннің үзіндісі іспетті. Мұндай тұстар «Ақ зерде» тым жиі болмаса да ұшырасып отырады. Ол қылқалам құпиясын сияқаламмен сипаттап, бейнелі сөзбен жеткізуге де бейім.
Біз білетін Жеңіс студент кезінен көркем әдебиетті көп оқитынын жоғарыда айттық. Оның көркем жазуға бейімдігі де сол кітапқұмарлығынан, сөз өнеріне де жақындығынан болса керек. Осы кітабында да ол Т.Әлімқұлов, М.Мағауин, О.Бөкей сияқты белгілі қаламгерлердің еңбектерінен дәйексөздер келтіреді.
Ол түстер үйлесімін іздеп жүретін кәсіби суретші болумен қатар сөз сырына да ерекше көңіл бөлетін, тіл өнеріне де құрметпен қарайтын шығармашылық иесі. Қай-қайдағы көне сөздерді тауып алып, мағынасын анықтап, этимологиясын іздеп жүргенінің талай рет куәсі болдық.
Ж.Кәкенұлының кітабында кенеп керу, жақтау жасау, кенебіне сіңіре жазу, бай бояу, шикі бояу, бояу реңі, реңдердің араласуы, сұлбасын сызу, багетке тірелу, көркемши, көркемкиіз, түстану әлемі сынды бейнелеу өнерінің тіліне тән атаулар мен беріле бейнелеу, қылқалам сусылы іспетті авторлық қолданыстар және ширатқы, сымсуырғыш, таптағыш, жанарғы, сым суыру, кертпе салу, келбеттеу, тотықтау, бүршіктеу, лажылау, ызу, безеу, қобылау, зеру, тесеу, оймыштау, нақыштау, қақтау, саптығарлау, үзбелеу, қаусыру, шумақтау, құстаңдайлату сияқты зергер-ұсталар тілінде қолданылатын көнеден келе жатқан кәсіби сөздер өте молынан кездеседі. Бұлар суретшілік пен зергерліктің, сала тілінің сырын ашатын тіліміздің төл байлығы.
Жеңіс Кәкенұлының «Ақ зері» – кәсіби суретшілер мен зергер-ұсталар, қолөнер шеберлері үшін ғана емес, сурет тілін терең түсініп, картина тани білмейтін басқа мамандық иелері үшін де өте қажет еңбек. Бұл кітап бейнелеу өнерінің туындыларын маман көзімен көре отырып, кәсіби тұрғыдан талдап-танып, қазақтың шұрайлы тілімен шырайын келтіре сипаттап, төгілте баяндауымен де құнды. Сиқырдай арбаған сурет әлемінің сырын ұғып, қазақ және шетелдік суретшілер шығармашылығымен танысқысы келетін көпшілік қауымның «Ақ зерден» алары көп. Ал үнемі ізденіс үстінде жүретін, нағыз кемел шағына келген санаткер суретшінің берері де әлі мол екеніне еш күмәніміз жоқ.
Шерубай Құрманбайұлы,
Ұға академигі