Қоғам • Кеше

4 және 5 баласы бар отбасылар жәрдемақыдан қағылмайды - министрлік

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда 4 және 5 балалы отбасылар көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

4 және 5 баласы бар отбасылар жәрдемақыдан қағылмайды - министрлік

Министрліктің түсіндіруінше, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында, мессенджер топтарында және әлеуметтік желілерде 6 және одан да көп баласы бар отбасылар ғана көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болады деген жалған мәліметтер таралуда.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент баласы бар отбасылар көпбалалы отбасы ретінде танылады. Мұндай отбасыларға табысына қарамастан ай сайынғы жәрдемақы төленеді.

2025 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының мөлшері баланың санына қарай сараланып есептеледі:

  • 4 балаға — 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
  • 5 балаға — 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
  • 6 балаға — 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
  • 7 балаға — 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
  • 8 және одан да көп балаға — әр бала үшін 4 АЕК немесе 15 728 теңге төленеді.

Сонымен қатар, 6 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға берілетін марапаттарға байланысты қосымша жәрдемақы қарастырылған:

  • «Күміс алқа» иегерлеріне — 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
  • «Алтын алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға — 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге ай сайын төленеді.

Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады және жалған ақпарат таратудың заң алдында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.